Сенбі, 25 қаңтар, 05:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№6,2119
25.01.2025
PDF мұрағаты

Жаңа технологияны меңгерген маман даярлайтын  оқу орны

25.01.2025

69 0

2024 жылдың дерегі бойынша елімізде 772 колледжде 15 бағыт негізінде мамандар даярлануда. Жұмысшы мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу деңгейі 70%-ға жетеді.

Сыр өңірінде 28 колледжде 97 мамандық, 158 біліктілік бойынша еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауда. Оның ішінде 19 колледжде 45 мамандық, 49 біліктілік бойынша жұмысшы мамандарды дайындап шығуға үлестерін қосуда. Атаулы жылда облыстық іс-шаралар жоспары мен комиссия құрамы бекітілген. Алдағы уақытта жүйелі жұмыс істеу үшін жергілікті бюджеттен 899,9 млн теңге қаражат бөлінеді деп жоспарланған. Бұл қаржыға колледждерді күрделі жөндеуден өткізу, мектептерде кәсіби бағдар беру кабинеттерін ашу, «Кәсіби бағдар беру педагогі» штат бірлігін енгізу жоспарланған.

Бүгінгі таңда колледждердің алдына қойған негізгі мақсаты – жан-жақты дамыған мықты маман дайындап шығару. Осы тұрғыда облыс орталығындағы М.Ықсанов атындағыҚызылорда политехникалық колледжінің өзіндік биік мақсаттары бар. Аталған оқу орында қазіргі уақытта  студентті кәсіби маман етіп шығару мақсатында жүйелі жұмыс жүруде. Оқу орны қоғамға  қажетті жұмысшы мамандарды даярлауда өз үлестерін қоса бермек. Атап айтқанда, М.Ықсанов атындағыҚызылорда политехникалық колледжі материалдық-техникалық базасы заман талаптарына сай жаңа технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мамандықтарға сәйкес зертханалар мен шеберханалары оқу-әдістемелік, көрнекі құрал-жабдықтармен жабдықталған.

 – М.Ықсанов атындағыҚызылорда политехникалық колледжі  – агроөнеркәсіп кешендеріне,  энергетика және көлік, автомобиль  жолдары,  шағын және орта бизнес нысандарына, құрылыс мамандарын дайындауда облыс деңгейіндегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі қара шаңырақтарының бірі әрі бірегейі. Іргетасы 1955 жылы қаланған, «Десятниктер мектебінен» мамандар дайындаудан бастау алған еді. Бүгінгі күні оқу орны облысымыздың түрлі кешеніндегі білім беру және мамандардың білімін жетілдіру саласындағы ірі оқу орталығына   айналып отыр. Білікті кадрлар даярлау – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы болып қала бермек. Сондықтан еңбек нарығының, бизнестің және білім алушы жастардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескеретін жүйелі шаралар кешенін әзірлеп, жұмыс істеу – негізгі мақсатымыз, – дейді колледж директорының уақытша міндетін атқарушы Бектұр Асанханұлы.

Бүгінгі таңда адамның қоғамдағы орны – оның білім мен еңбекке қатынасына қарай айқындалмақ. Яғни, тек сапалы білім алып, таңдаған мамандығы бойынша табысты еңбек ете алған адам ғана өмірден өз орнын табады. Осы тұрғыда мықты маман дайындау үшін студенттерге заманауи техниканы жетік меңгерген жоғары және бірінші санатты оқытушылар мен өндірістік шеберлері білім береді. Оқу ордасында оқушыларды тәжірибелік жұмыстарға баулу жұмыстары өз дәрежесінде жүргізілуде. Колледж сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті дамыған маман қалыптастыруда оқ бойы озық келеді. Сондай-ақ заманауи озық технологиясы бар аймақтағы бірден-бір оқу орны.

Жаңа технологияны меңгерген маман даярлайтын  оқу орны

Сонымен қатар колледжде маман даярлаумен қатар, тұлға тәрбиелеу басты назарда.

М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжіқазіргі таңда 10 мамандық, 13 біліктілік бойынша білім береді. Бүгінде жұмысшы мамандықтар бойынша 370 бала білім алуда. Барлық жұмысшы мамандықтарда біліп алып жатқан білім алушылар мемлекеттік тапсырыс негізінде, яғни грант негізінде оқып жатыр. 2024 жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде 142 студент қабылданған. Колледж білім алушыларына жалпы үш әлеуметтік төлемдер жүргізіледі. Олар: мемлекеттік шәкіртақы, ыстық тамаққа бөлінген қаражат және ауылдық елді-мекендерден  оқуға түскен білім алушылар үшін қалааралық  теміржол және автомобиль көлігінде жеңілдікпен жол жүруді қамтамасыз  ету қағидаларына сәйкес жол жүруге өтемақы  төленеді.  

Оқу орны  2021 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі және «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы тарапынан ұйымдастырылған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының материалдық техникалық базасын дамыту мақсатында ұйымдастырылған  «Жас маман» жобасына қатысты. Жобаның негізгі мақсаты – сұранысқа ие өнеркәсіптік және сервистік 100 мамандық бойынша 180 кол­ледж бен 20 ЖОО-нын жаңғыртуды және білікті мамандарды даярлауда ха­лықаралық тәжірибені енгізу. Нәтижесінде колледж шеберханаларын жабдықтауға қажетті құрал-жабдықтар толық алынды. Сондай-ақ «Көлік жөндеу» атты құзыреттілік орталығы ашылды.

Студенттердің кәсіби маман болып қалыптасуы үшін әлеуметтік серіктес ретінде үлкен кәсіпорындармен келісім шарт жасалған. Сол жерден өндірістік тәжірибеден өтіп, мықты маман болып шығуға қалыптасады.

– Біздің бірлескен жұмысымыздағы ең басты мақсат – колледж түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие болып, лайықты жалақы алуы тиіс. Сонымен қатар алдағы уақытта колледжден екі шахын цех ашу жоспарда бар. Мұндағы басты мақсат – балалардың кәсіби біліктілігін дамыту. Сонымен қатар колледж қабырғасында жүріп-ақ мықты маман иесі болуға дайындау. Цехтар ашылған соң біздегі студенттер өндірістік тәжірибеден өзімізден өтеді. Бұл тұрғыда  тәжірибелі мамандар жеткілікті. Екіншіден, техника, құрал-жабдықтардан өндірістегі қолданыстағы немесе енді қолданысқа енетін аппараттарды алғымыз келеді. Мәселен, лазерлік түсіру апаратын әкелу жоспарда бар. Мұндай аппараттар әлі де облысымызда өндіріске ене қойған жоқ. Сондықтан жаңа технологиялар өндіріске келген кезде, студенттер дайын болуы керек деген ұстаным бар, – дейді колледж директорының уақытша міндетін атқарушы Бектұр Қали.

Сонымен қатар оқу орнының тағы бір алдағы жоспары – Бизнес старт орталығын ашу. Осы арқылы студенттерге кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беру. Яғни, бизнес бастаудың алғашқы әліппесін үйретуді қолға алмақ. Мәселен, «Мемлекеттен берілетін жеңілдетілген несиелерді қалай алуға болады? Конкурстарға қалай түсуге болады? Бизнес жоспарлар қалай жасалу керек?» деген секілді ақпараттарды толық меңгеріп, кәсіп бастауға дайын маман болып шығады.

Колледж студенттерінің 70 пайыздан астамы оқу бітіргеннен кейін жұмысқа қабылданады. Облыс көлемінде және халықаралық шет елдерде де жұмыс істеп жүрген бітірушілеріміз бар. Сонымен қатар студенттердің бірқатары оқыған мамандықтары бойынша жеке кәсіптерін ашып, өз істерін дамытуда. Солардың бірі – облыс көлемінде танымал болып отырған «Хан» ЖШ-нің иесі, колледж түлегі – Айбархан Тойманов.

Биылғы жылдың Жұмысшы мамандықтар деп жариялануы осы мамандықты оқытататын колледждерге сұраныс артып, жастардың қызығушылығы көбейе түсетіндей.

Жасыратыны жоқ, бұрын кәсіптік білім беретін колледжге оқуға баруға намыстанатындар көп еді. Кейбір ата-аналар да баланың кәсіптік білім алсам деген ұсынысын қолдай бермейтін. Алдағы уақытта жұмысшы мәртебесі өз деңгейінде артып, нағыз еңбектің адамдары құрметтің төрінде болады. Сондықтан да жұмысшы мамандар даярлайтын колледждер бұл тұрғыда барлық жағынан сай болуы қажет. Ал М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі осы талаптарға сай келетін бірден-бір оқу орны. Мәселен, кадрларды да­йын­даудың халықаралық стандарттарын енгізу арқылы 2020-2021 оқу жылы аяғында жобаға қатысқан колледж мамандары бірігіп, Soprano Group (Финляндия) ұсынған үлгілік бағдарламалар бойынша оқу жоспарларын даярланған. Қазіргі таңда осы бағытта білім беру ісі жүргізілуде.

Бектұр Асанханұлы айтуынша, колледждің оқу процесіне дуальды оқыту енгізілген.

– Дуальды оқыту бойынша білім беру бағдарламалары тәжірибеге арналған. Студенттер  тәжірибені алдымен біздің шеберханаларда, содан кейін кәсіпорындардың базасында өтеді.  Қазіргі таңда колледждің әлеуметтік серіктестерінің саны артып келеді. Біз тығыз қарым-қатынас орнатқан кәсіпорындардың «Мұраптехсервис» ЖШС, «Хан» ЖШС, «Промстройсервис.Е», «Dosstroy-company»ЖШС, «Нұрсұлтанов»ЖК, «Мелиоратор»ЖШС,  «Нұрторгстрой» ЖШС,  «АбзалЖ» ЖШС,  «Бест-авто» ЖШС т.б. бар. Колледж кәсіпорындармен тығыз байланыс орнату арқылы түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді, – дейді ол.

Бектұр Асанханұлының сөзіне сүйенсек, бұрын қоғамда  мұндай мамандарға түрлі көзқарас болғанмен, қазіргі таңда жастар арасында жұмысшы мамандықтар деген қызығушылық артып келеді.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: