Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 18:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жаңа заманға сай тұрғын үй «Асар-Холдинг» тұрғындарға қуаныш сыйлайды

10.08.2024

427 0

Осыдан 20 жыл бұрын жұмысын бастаған «Асар-Холдинг» серіктестігі бұл күнде стилі ешкімге ұқсамайтын жаңа бағыттағы заманауи тұрғын үй кешендерімен ерекшеленеді. Құрылысшылар мерекесі қарсаңында біз аталған компанияның Бегім ана көшесінде салып жатқан көпқабатты тұрғын үй нысанына барып, құрылысшылармен сөйлесіп қайтқан едік…
Мұнда 30 пәтерлік екі көпқабатты үй бой көтерген. Локомотив стадионындағы футбол ойындары үйдің терезесінен алақандағыдай көрінеді. Кереметі сол: жоспары да көп үйге ұқсамайды. Кең сарайдай зәулім үй. Қонақ бөлмесі ат шаптырым.
– Бұл үйді біз өткен жылы наурыз айында бастадық. Іргетасынан бастап, барлық талапты сақтап, әрбір жұмысты өз маманы реттеуде. Қазірге дейін 60 құрылысшы еңбек етті. Қазір әрлеу жұмыстары жүруде. Сондықтан 20 шақты құрылысшы тер төгуде. Бұйыртса, қазан-қараша айында пайдалануға беріледі деп отырмыз. Мұндағы пәтерлердің көпшілігінің иесі дайын, – дейді прораб Бекбол Бисекенов.
Ағаш ұстасы Әбіш Тәжібаев осы мекеме ашылғалы бері жұмыс істейді. Ол – Жалағаш ауданының тұрғыны. Құрылыс қарқын алғанда жұмыстың басынан табылатын қат маман ізінен шәкірт те тәрбиелеп жүр. Мекемеге алғыстан басқа айтары жоқ.
– Осында жұмыс істеп жүргеніме 20 жыл болды. Жағдайыңды жасап, қысылғанда қолдау көрсетіп, қолтығыңнан демеп жатса, алғыс айтпағанда қайтесің?! Бізге қызметтік үйге дейін беріп қойды. Өмірде түрлі жағдай кезігеді ғой, қиындыққа тап болған қызметкерге қолдау көрсетіп, қамқорлығын жасайды. Қазір қолына балға ұстап, шеге қаға алмайтын жастар бар. Оларды ағаш ұстасы ретінде еңбекке баулып, осы кәсіптің қыр-сырын үйретуді азаматтық борышым санаймын. Жасым алпыстан асты, біраз шәкірт тәрбиеледім, – дейді Ә.Тәжібаев.
Қазір технология едәуір алға жылжыды. Тіпті шатырдағы пенабетонның өзін құрылғы құяды. Адамдар тек басқарады. Әрине, қол күшін қажет ететін тұстары да бар. Осындай жұмыстың басы-қасында жүрген Абзал Алиасқаров технологияның дамығаны адам күшін де аз қажет етіп, уақытты үнемдеуге де көп сеп екенін айтады.
– Біз ең жоғары қабаттың жабындысына пенабетон құйдық. Ол әрі жылы, әрі жеңіл болады. Міне, жерде тұрып, құрамын реттейміз. Мына компрессор арқылы бесінші қабаттың үстіне дейін апарып жатыр. Жоғарыда екі жұмысшы қай жерге құятынын бағыттайды. Ал біз осы жерде тұрып, қажетін саламыз. Үйдің құйылмалы еденін де, баспалдақтарын да – барлығын осы технология арқылы жүзеге асырып, реттеп жатырмыз. Бір күнде 250-300 шаршы метр жерге бетон төсеуге мүмкіндік бар. Жаңа технологияны игеруде құрылысшылар да қалыс қалып жатқан жоқ. Біз қаласақ та, қаламасақ та бұл технологиялар өндіріске енеді. Мәселен, егер де бұл құрал болмаса, мына жердегі сұйық бетонды жоғарыға апару үшін қасымызда бірыңғай кран тұруы керек еді. Жұмысшылар саны да көп болар еді. Онсыз да маман тапшы ғой. Барлық мәселе тиімді шешіліп жатыр, – дейді А.Алиасқаров.
Айтпақшы, сылақ жұмыстары да біз барамын дегенше бітіп, мамандар кетіп қалған екен. Бірақ олардың да бұрынғыдай қол күшімен көп жүрмегенін айтқан прораб бізге сылақ сылайтын құрылғыны да көрсетті. Иә, кәдімгідей жаңа технология.
– Екі күнде бір қабатты толық бітіріп кетті. Бұрын айлап жүретін жұмыс болатын. Қазір, міне, жылдамдыққа жақсы әсер етіп тұр. Алдағы уақытта мұнан да бөлек тың жаңалықтар болатынына сенеміз. Қазір таңдануға болмайды. Өйткені адамның бар шаруасын робот жасап жатқан кезеңде бір тетік арқылы жұмыс істеу ақылға қонатын іс тәрізді. Ал біз кез келген жаңа технологияны қолданбас бұрын ең әуелі жұмыс сапасына әсерін қараймыз. Өйткені біз үшін сападан маңызды нәрсе жоқ. Мына салып жатқан әрбір ғимарат үшін, онда тұратын адамдардың қауіпсіздігі үшін жауаптымыз. Сондықтан құрылысшы маманының мойнындағы жүк те ауыр, – дейді Б.Бисекенов.
Осыдан біраз уақыт бұрын мекеменің құрылтайшысы Қожахмет Баймахановпен сұхбаттасқанда көп нәрсеге қаныққан едік. Сонда білікті құрылысшы: «Қазір құрылыста маман тапшы. Біз кейде өзіміз дайындап, тәрбиелеп аламыз. Сәл ынта болса, болғаны. Әрі қарай талай жылдан бері тер төгіп жүрген қызметкерлеріміз қалыпқа салып алады» деген болатын. Құрылыс басында осы сөздің шынайы іс жүзінде орындалып жатқанын көрдік. Мұндағы жігіттердің арасында бірі – ұстаз, енді бірі – шәкірт.
Бұл үйлердің ерекшелігі де сонда, көлікке арналған гараж ретінде салынған бөлігі бар. Бірақ ол ендігі жолы қойма ретінде пайдаланылмақ. Ал үйдің ауласы өз алдына бөлек қоршалып, балаларға арналған алаңқай да салынбақ.

Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: