Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 01:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жаңа жылдық отшашу: Сән мен қауіп

24.12.2024

160 0

Жаңа жылдық мерекеге аз уақыт қалды. Кез келген жаңа жыл отшашусыз өтпейтіні рас. Отшашу мерекенің сәнін келтіріп, қуанышқа бөлеп, көтеріңкі көңіл-күй  мен ерекше жылулық сыйлайды. Жаңа жылдық отшашуларды тамашалау ерекше әсер қалдырып, мерекені есте қаларлықтай етеді. Әсіресе балалар үшін бұл сәттер мәңгі есінде сақталып, олардың қуанышын еселей түседі. Отшашулардың бірнеше түрі бар: әуе фейерверктері, жер отшашулары, түрлі-түсті және фонтанды салюттар. Әрқайсысы өз ерекшеліктерімен мерекені ұмытылмастай етіп, ортақ қуанышты және тойды бейнелейді. Мәселен, фонтанды салют ұсақ жарық шашырауларымен ерекшеленіп, айналаны нағыз ертегі әлеміне айналдырады. Әсіресе Жаңа жыл, атаулы мереке мен тойларда жиі қолданылуда. Дегенмен пиротехникалық бұйымдардың зияны да бар. Қоршаған ортаға әсерімен қатар адамдардың естен кетпес әсер алуға деген ұмтылысы қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін. Қауіптің алдын алу мен қоршаған ортаға әсерін зерттей отырып, пиротехникалық бұйымдардың жасалу тарихына тоқтала кетейік.

Отшашулардың

тарихы

Отшашулар тарихы шамамен екі мың жыл бұрын Қытайда басталған. Бастапқыда пиротехникалық отшашулар әскери мақсатта, кейіннен мерекелік шараларда қолданыла бастады. Ежелгі Қытайда отшашуды ойлап тапқаннан кейін, бұл құпия Еуропаға жетіп, әлем бойынша кеңінен танылды. Орта ғасырларда пиротехника қарқынды дамыды. Италияда, әсіресе, Флоренция мен Венецияда, отшашулардың шеберлері әлемге әйгілі болды. Олар түрлі пішіндер, қозғалмалы шамдар және фестивальдар жасау үшін конструкциялар мен қондырғыларды қолдана бастады. Мысалы, таққа отыру, үйлену тойлары және басқа да маңызды оқиғалар пиротехникалық шоуларсыз өтпейтін болды. Олар әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды таңқалдырып, ғажайып және сәнді шоу ұйымдастырды. XIII ғасырға қарай отшашу саудагерлер мен саяхатшылардың арқасында Еуропаға тарады. Ал Англияда Елизавета I билік еткен кезден бастап, отшашулар ұлттық мерекелерді тойлаудың маңызды бір бөлігіне айналды. Бүгінде пиротехника жасау технологиясы дамып, жаңа технологиялар мен материалдарды енгізу арқылы әсерлі әрі қауіпсіз отшашулар жасалуда. Қазіргі фейерверктердің тиім­ділігі мен түрлерінің сан алуандығы көпшілікті тамсандыра түсуде. Жаңа химиялық қосылыстарды пайдалану арқылы жарқын және қанық түстер пайда болды. Қауіпсіздік тұрғысынан заманауи пиротех­никалық бұйымның барлығы стандарттарға сай келе бермейді. Жаңа материалдар мен технологияларды пайдалану өрт шығу және апат жағдайларының қаупін азайтқанымен сапасыз дүние салдарынан оқыс оқиғалар орын алып, адамдар түрлі жарақат алған оқиғалар аз емес.

Пиротехникаға

сұраныс артып келеді

«Marketresearchintellect.com» сай­тын­да жарияланған мәліметтерге сүйен­сек, 2023 жылы отшашулар нарығы көлемі 2690,4 миллион АҚШ долларын құрады және 2031 жылға қарай 3795,1 миллион АҚШ долларына жетеді деп болжануда. Отшашулар мен пиротехника нарығы әлемдегі фестивальдер мен мере­келердің танымалдылығының ар­туына себеп болып, тез дамып келеді. Отшашу өнеркәсібі технологиялық жетістіктердің нәтижесінде өсуде. Сонымен қатар ұлттық және мәдени мерекелер отшашу сатылымының өсуіне ықпал етіп, сұраныс арта түсуде.

«inbusiness.kz» сайтында жариялан­ған мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылы елге жалпы салмағы 231,1 тонна, құны 663,9 мың АҚШ доллар бола­тын пиротехника импортталған. Пиро­техниканы импорттаушы негізгі ел – Қытай. 2022 жылы қаңтардан қарашаға дейін Қазақстанға салмағы 159,4 тон­на, құны 448,9 мың АҚШ долларын құрайтын болатын фейерверк жеткізілді. Санға қарасақ, елімізде пиротехникалық бұйымға сұраныс жыл сайын артып келеді. Дегенмен сапасыз дүние базарлар мен дүкен сөрелерінде әлі де жетерлік.

Қоршаған ортаға әсері

Отшашудың қоршаған ортаға әсерін эколог мамандар жарыса жазуда. «news.rambler» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, отшашудан шық­қан улы газдар денсаулыққа зиян. Отшашу түсі қатты металл тұздары мен химиялық жарылғыш заттарға байланысты болады. Металл тұздары мен жарылғыш заттар жану барысында химиялық өзгерістерге ұшырап, оттегі­мен қосылады. Бұл химиялық реакция түтін мен газды, көмірқышқыл газын, көміртек тотығы және азот шығарады, олар климаттың өзгеруіне байланысты негізгі парниктік газдар болып сана­лады. Жарылыс кезінде бұл металл тұздары толық жанбай, көбісі ауаға, суға және топыраққа сіңіп, улы ауаға айналады. Бұл металдарды деммен жұт­қанда түрлі аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін. «sciencedirect.com» сайтында жарияланған ғалымдардың зерт­теулеріне сүйенсек, бір сағаттық отшашуда ауадағы зиянды қосылыстар санын бірнеше есе арттырған. Зерттеу­лер көрсеткендей, жылы ауа райын­да пиротехника металдары белгіленген 100 км қашықтықта екі күн ішінде желмен таралады. Ластаушы заттар мен ауыр металдар ауаның ластануын күшейтеді. Сонымен қатар бұл шыға­рындылардың қоршаған ортаға әсері тек ауада шектелмей, жаңбырмен жуы­лып, жергілікті су айдындарында жина­лып, оларды ластайды. Көптеген адам қауіпсіздік техникасын сақтамай, дүкендер сапасыз пиротехниканы сата­ды. Сапасыз өнімдер қолда жары­лып, жарақаттар мен күйіктерге әкелу­де. Мысалы, Данияда бір тонна отшашу­дан соң орташа есеппен 0,012 көз жарақаты болады екен. Жаңа жыл қарсаңында отшашудан көз жарақаттану жағдайлары Норвегияда, Америка Құрама Штаттарында, Ұлыбританияда, Францияда, Австрияда, Қытайда, Үндістанда, Иранда көп тіркелген. Елімізде де мұндай жағдай жетерлік. Былтыр Жаңа жыл мерекесі кезінде Алматыда үш бала мен он ересек адам пиротехникалық бұйымдардан зардап шекті. Аймақта оқыс оқиғалар орын алмағанымен, қауіптің алдын алу маңызды.

Қауіптің алдын алу маңызды

2024 жылдың 5 желтоқсанынан – 2025 жылдың 3 қаңтары аралығында республика көлемінде «Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде. Іс-шараның басты мақсаты – адам­дардың пиротехникалық өнімдер­ді сақтау, сатып алу, тасымалдау тәртібі­нің сақталуын тексеру, сертификатталма­ған сапасыз өнім жеткізушілерді анық­­тау, өнім салдарынан болатын тө­тенше жағдайлардың алдын алу. Қызылорда облысы Полиция департа­ментінің әкімшілік полиция басқар­масы басты­ғының орынбасары Нұркен Бақтияровтың айтуынша, іс-шара барысында облыс көлеміндегі базар­лар мен ірі сауда орталықтарында Қызылорда облысы полиция департа­ментінің  әкімшілік полиция басқар­масы мен төтенше жағдайлар департамен­ті қызметкерлерімен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.

– Кәмелетке толмағандар арасында жарақат алуды болдырмау, алдын алу мақсатында облыс көлемінде барлық білім беру мекемелерінде мек­теп инс­пек­торлары кәмелетке толмаған­дар арасында қауіпсіздік шаралары туралы дәріс оқылып, түсіндірме жұмысы жүргі­зілуде. Іс-шара барысында бар­лығы 12 әкімшілік құқық бұзушылық анық­талып, 254 дана пиротехникалық бұйымдар тәркіленді. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табуда, – дейді Қызылорда облысы полиция департа­ментінің әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұркен Бақтияров.

Өрт қауіпсіздігін сақтау оқыс оқиғадан сақтайды

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында пи­ротехникалық бұйымдарды қолдану кезіндегі өрт оқиғаларын болдырмау және жарақат алу жағдайларының алдын алу маңызды. Аймағымызда жаңа жыл мерекесі қарсаңында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ адамдардың пиротехникалық заттар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шаралар легі жалғасын табуда.

– «Пиротехника» жедел-профилак­ти­­ка­лық іс-шарасы аясында полиция қыз­меткерлерімен бірлесіп облыс көле­міндегі базарлар, сауда орталықтары, автовокзал, теміржол вокзалы және адам көп шоғыр­ланған орындарда 21 рейд­тік іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара барысында кәсіп­­керлерге және тұрғындарға пиротех­никалық бұйым­дарды қолдану кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау түсінді­рілуде. Одан бөлек, қазіргі таңда жаңа жыл­дық кеш­тер өтетін кафе мен мейрамханалар тізімі жасалып, кәсіп­керлерге өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргі­зілуде. Кәсіпкерлік нысандарға өрт қауіп­сіздігі талаптарының сақталуын қамта­ма­сыз ету туралы ұсыныс хаттар жолданды, – дейді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Асхат Оразбеков.

Отшашулар мерекемізді көркемдеп, қуаныш сыйлайтын болса да, олардың қаупі мен қоршаған ортаға тигізетін зиянын ұмытпау керек. Жаңа жыл мере­кесі жақындап келе жатқандықтан, әрбір отбасы қауіпсіздік шараларын естен шығармауы тиіс. Пиротехникалық бұйымдарды қолданғанда, балалар мен жануарларды қорғау, сондай-ақ өрт қауіпсіздігін сақтау маңызды. Пиротех­никалық бұйымдардың сапасы мен сертификатталғанына назар аудару керек. Қоғамдық орындарда және үлкен мере­келік шараларда отшашуларды қолданғанда қоршаған ортаға тигізетін әсерін азайту үшін экологиялық таза өнімдерді пайдаланған жөн. Отшашу­ларды қауіпсіз және дұрыс пайдалану­ды үйренуіміз керек. Бұл тек біздің денсаулығымыз бен қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, сондай-ақ мереке­мізді шын мәнінде көңілді және қауіпсіз өткізуге ықпал етеді.

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: