Сәрсенбі, 17 сәуiр, 20:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

«Kilem Art»: Тарихтан сыр шертеді

19.03.2024

255 0

Өнердің құдіреті бөлек. Ән, күй, би, сөз өнері… Ал қылқаламмен дос болып, ақ қағаз бетіне сурет салып, оны сөйлете білу екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Қызылордалық суретші Дәулетбек Тойшыбаев қылқаламнан бөлек, құм, күріш арқылы сурет салып, жіп арқылы жерлесіміз Батырхан Шөкеновтің бейнесін бейнелесе, кілем бетіне қазақ аруларының суретін салып жүр. Ол 1988 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. №23 Ж.Қизатов атындағы орта мектептің түлегі. М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінде, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде бейнелеу өнері және сызу мамандығын меңгерген. Бірнеше шығармашылық байқаулардың жеңімпазы. Қазақстан суретшілер одағының мүшесі.

Суретші өңірде бейнелеу өнерінің жаңа түрін жан-жақты дамытып келеді. Өткен сенбіде Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, креатив-суретші Дәулетбек Ділдабекұлының «Kilem Аrt» атты заманауи өнер көрмесін тамашаладық.

Көрменің ашылуында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Мира Қазбекова және Қазақстан Суретшілер одағының Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Темірбек Сағымбаев құттықтап, сәттілік тіледі.

– Дәулетбек жас болса да, өте талантты суретші деген баға берер едім. Жетістіктерге жетіп жүр. Суретті жаны сүйетін өнер иесіне тек сәттілік, шығармашылық шабыт тілейміз, – деп суретшіге алғыс хат табыстады.

Кілем бетіндегі бейнелер

Галерея залында жағалай ілулі тұрған кілем жай кілем емес, қазақтың белгілі аналары мен арулары бейнеленген 12 кілем-картина көзге ерекше түсті.

Суретші Дәулетбектің қолынан шыққан кілем бетіндегі суреттер бірінен-бірі өтеді. Сондай-ақ әрқайсысының өз тарихы бар. Ал тарихымен қылқалам шеберінің өзі таныстырды.

Мәселен, «Ұмай ана» картинасында ана мен бала бейнесі салынған. Қысқаша тарихына тоқталсақ, ұлы даланы мекендеген түркі тілдес халықтың ұрпақ жалғастырушысы, береке мен молшылық тәңірісі. Сонымен бірге көне түркі мифологиясы бойынша Ұмай ана – ұрпақ жалғастығын жебейтін періште. Яғни Ұмай деген сөз баланың ізі, бала орны, ана жатыры деген мағынаны білдіреді.

Келесі кілем-картинадағы сурет «Сыр аруы» деп аталады. Автор бұл суретті барлық сырбойылық қыздардың құрметіне арнап салыпты. Қазақ қызының бойындағы нәзіктік пен сұлулықты суретке сыйғыза білген суретші шеберлігіне еріксіз бас иесің.

Көрмеде «Домалақ ана» бейнелеген кілемге көзіміз түсті. Суретші өз туындыларына аты аңызға айналған аналарымызды да арқау етіпті.

Сондай-ақ көпшіліктің назарын аударған Қыз Жібектің бейнесі болды. Расында, басындағы сәукелесі, ұзын бұрымы, қиылған қасы, мөлдіреген көзі, қазақы әшекей бұйымдарына да дейін әдемі, қарасаң көз тоймайтын сұлулық. Тағы бір қызығы, «Қойшының қызы» деп атанған сурет те ерекше бейнеленген. Басына бөрік киген, сырғалы бойжеткеннің қолында қозы мен гүл. Автордың айтуынша, бір жағынан бұл туындыны «Көктем» деп те атауға болады. Суретші көктемгі сәтті қызғалдақ гүлдеп, төрт түлік төлдеген сәтпен байланыстырды.

Расында, Дәулетбек – реалист суретшілердің бірі. Өз жұмысында әртүрлі техникаларды қолданып, тәжірибе жасағанды жаны сүйеді. Оның туындылары жастар арасында кеңінен танымал. Кілем бетіне бейнеленген кейіпкерлердің образы шынайылығымен ерекшеленеді. Оған қоса қазақтың бітім-болмысын, салтдәстүрін көрсетіп тұрғандай.

Бала Дәулетбек қандай болды?

 Көрмеде суретшінің анасы Захара Орналиевамен жолықтық.

 – Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұлым Дәулетбек көрме өткізуде. Бес ұлдың анасымын. Дәулетбек – кенже балам. Өзі сурет салуға кішкентайынан жақын болды. 3-4 жастан бастап қағазға сурет сала бастады. Қағаз таппай қалса, денесінің қай жері ашық болса, сол жердің бәріне сурет салып тастайтын. Мектепке барғанда да үнемі сурет салып жүрді. Кейіннен осы саланы таңдайтынын айтқанда біз қарсы болмадық. Өйткені оның жаны суреттен басқаны қаламады. Ал қалған ұлдарым басқа салада жүр. Дәулетбектің қолы босай бермейді. Көп уақытын шығармашылыққа арнайды. Осы еңбектің арқасында біраз жетістікке де жетті. Көп адамдар қызығушылық танытып, тапсырыс беріп жатады, – деді анасы. Орайы келгенде суретші анасының суретін салды ма екен деген сұрақты қойдық.

 – Менің суретімді әлі салмады. Өткенде балама «күріштен менің де суретімді салсаңшы» деп едім, күліп құтылды, – дейді анасы. Бұл сұрақтың жауабын суретшінің өзінен білгіміз келді.

 – Шынымды айтсам, суретшілер жақындарының суретін салғанды ұната бермейді. Мәселен, мен де сондаймын. Оның орнына жақын адамдарымның фотосын шығарып, картина етіп іліп қойған ұнайды, – деді Дәулетбек. P.S. Үнемі ізденісте жүретін суретшінің туындысына сұраныс та көп екенін байқадық. Айтпақшы, көрмедегі кілем-картиналар сатылады. Суретшінің туындыларына қызыққандар қатары аз емес.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: