Жыраулық – бабадан жеткен текті өнер. Сыр сүлейлері Ешнияз жырау, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Шораяқтың Омары, Жиенбай жырау, Қарасақал Ерімбет, Нұртуған жырау, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Тұрмағамбет секілді шайырлар өз жыр-толғауларында елдік, ынтымақ, бірлік мәселесін ту етіп, достық дәреметін дәріптеген. Сыр өңірі талай талантты жыр бесігінде құндақтады. «Сырға барсаң жыршымын деме» деген халық мақалы осыны аңғартса керек. Текті өнерді тәбәрік етіп, өткен ғасыр мұрасын бүгінге дәріптеп жүрген өнерпаздар қатарында Сыр сүлейлерінің сарқыты Әділхан Қуаңбаевтың шоқтығы биік.
Оның туған жері ән мен жырға бай мекен, тұтас Тұран жұртының ортақ абызы – Қорқыт бабамыз жатқан, Марал ишан, Ер Сейітпенбет пен Мағзаман сынды бір ауылдан 117 шайыр шыққан қасиетті Қармақшы ауданына қарасты Тұрмағамбет ауылы. Әкесі Бөрібай Қуаңбаев сол 100 шайырдың бірі болған. Ол суырып салма ақындық қасиетімен ерекшеленген. 40 жылға жуық ұстаздық қызмет еткен.
– Әкем жастайымнан қолыма домбыра беріп, жыр-терме жаттатты, кітап оқытты. Айналам жыршылыққа жақын болғандықтан, менің де өнерге ынтам ауа бастады. Бала күнімізден құлаққа сіңген толғаулардың мақамы санамызда жаңғырып тұрады, – дейді жырау Әділхан Қуаңбаев.
Ол әкесінен және әрі көршісі, әрі ағасы Жаппар Тұңғышбаев жыраудан дәріс алады. Саф өнердің табиғатын, мазмұны мен мақамын, ырғағына дейін үйретіп, жыршылық өнерге баулып, өнердің қазанында қайнатқан ұстаздарына дән риза. Осылайша жыр құдіретін бойына сіңіріп, құтты мекеннен өнер әлеміне қанат қаққан Әділхан қара домбыраны жанына серік етті. Техникалық мамандыққа оқуға түскенімен, көп ұзамай облыс әкімінің білім грантын жеңіп алып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп, ұлттық өнерді насихаттап келеді.
Бабадан жеткен текті сөзді домбыра шанағында сөйлетіп, күміс көмейден төгілткен Әділхан бүгінде бұл өнерге әбден төселген хас жүйрік. «Ертеден шапса кешке озып, ылдидан салса төске озған жырау» қай терме-толғауды жырласа да көсіле шабады. Қара домбыраны қолға алып, жарқылдаған жырларымен көпшілік көзайымына айналып үлгерді. Оралда өткен Марабай Құлжабайұлының шығармашылығына арналған республикалық байқауда жүлделі I орынды қанжығасына байласа, Текей батырдың 350 жылдығына орай Қызылордада өткен республикалық сайыста бас жүлдеге ие болып, бекзат өнердің мерейін тағы бір мәрте көкке көтерді.
Ол сыр бойындағы Жиенбай жырау мектебінің өкілі. Көптеген республикалық байқаулардың лауреаты. Халықаралық дәстүрлі жыр фестивальдерінде өнер көрсетіп, Сыр елінің даңқын асырып жүр. 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Майданнан хат» атты облыстық жыршы-термешілер байқауында майдан даласында жазылған, елге деген сағынышқа толы жыр жолдарын сыр мақамдары арқылы ерекше жырлағаны үшін I дәрежелі дипломмен марапатталды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында жырау Б.Рүстембековтың туғанына 70 жыл толуына орай «Көшеней десем» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасының І орын иегері. 2017 жылы «Ұлы дала елі» халықаралық жыршылар фестивалінің дипломанты, «Жыр дүлділі – Марабай» республикалық жыршылар байқауының І дәрежелі лауреаты, «Жамиғы қазақ бір туған» атты жыршы-жыраулар байқауының бас жүлдегері, «Жан серігім – домбыра» аймақтық дәстүрлі әнші-жыршылар байқауының лауреаты, 2019 жылы түркі тілдес елдердің «Қорқыт және ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінде орындаушылық өнердің үздік үлгісін көрсеткені үшін арнайы дипломмен марапатталған. Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері. 2014 жылдан бері облыстық филармонияда дәстүрлі жеке орындаушы болып жұмыс істейді.
– Қазіргі таңда ұлағатты жыр-термелерді жадыма тоқыдым. Оның ішінде ұзақтығы жағынан өте көлемді шығармалар бар. Мәселен, Әлиақбар Жұматаевтың «Жүз сауал» қиссасы үздіксіз тоқтамай айтқанда екі сағатқа созылады. «Қобыланды батыр» дастанының өзі қандай керемет! Шораяқтың Омарының «Мұхаммед», Үрліхан Өңдібаеваның «Шонайдың асында» сынды өзге де толғауларды жырлап жүрмін. Мұнан өзге әкемнің туындыларын, майданнан жазылған хаттарды, жырларды халыққа насихаттап келемін. Мәселен, Қармақшы ауданынан соғысқа аттанған белгілі ақын Асқар Қожахметұлының «Қош болып тұр, Қазақстан аймағым» термесін орындап жүрмін, – дейді Сыр сүлейлерінің ізбасары.
Халықтың түсіп аузына,
Сенің де жыршы болғаның.
Терме мен жұртты тебірентіп,
Орындалды арманым.
Қайырма мақам тәп-тәуір,
Шаба бер, озып тарланым.
Мәдениет үйі шақырса,
Жақсы болған барғаның.
Шалғайға шаңды жұқтырмай,
Бірінші орын алғаның.
Осындай жырмен әкесінен бата алған Әділхан Қуаңбаев бүгінде ұлттық өнерді ұлықтап жүрген нағыз өнер жанашыры. Тектінің тұяғы, жақсының жалғасы дәстүрлі өнерді дәріптеп, ұлт мұрасының өміршеңдігін өскелең ұрпақ санасына жаңғыртуға үлес қосып келеді.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!