Бейсенбі, 26 желтоқсан, 12:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Жасыл көлік» энергия тапшылығына ықпал ете ме?

17.02.2024

610 0

«Дөңгелекті гаджет» деп аталатын электромобильдер жаңа заман көлігінің озық үлгісі ретінде қарқын алып келеді. «Қазақпарат» жариялаған мәлімет бойынша, соңғы 5 жылда электромобильдерге сұраныс өте жоғары. 2022 жылы жасыл көліктердің сатылымы әлемде 6,61 млн-нан 10,64 млн-ға өскен. Сарапшылар 2028 жылға дейін 17 млн электромобиль сатылады деп болжам жасауда. Ал әлем қызыққан гаджетті дөңгелектерге қазақстандықтардың көзқарасы қандай? Өткен жылы елде электромобильдер саны 10,4 есеге өскен. 2022 жылы мұндай көліктердің саны бар болғаны 570 болса, бір жыл ішінде 7000-ның үстіне шықты.

Электромобильдерге деген сұраныс елде бір жыл ішінде күрт өсуіне мемлекет қолдауы сеп болған. Халықтың экологиялық жағынан таза көлікті пайдалануы үшін мемлекет жасыл көлікті сатып алушыларды кеден және салық төлемдерінен босататын квота берді. Мұнан соң электромобильді сатып алушылар саны өскен. Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараты бойынша өткен жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Қазақстанға квота бойынша 6875 электромобиль әкелінген.

Жалпы қарапайым халық үшін электромобиль сатып алу қаншылықты тиімді? Қызылорда қаласының тұрғыны Рүстембек Сатов 2021 жылдан бері электромобиль мініп жүр. Оның айтуынша, тиімді тұсы аз емес. Біріншіден, қоршаған ортаны ластамайды, жанармайға тәуелді емес, салықтан босатылған, «мотор», «каробка» деген автобөлшектері жоқ.Ол көлігін үйдегі 220 вольттық қарапайым электр желісі арқылы қуаттайды. Электромобильге әбден үйреніп алғаны сонша, бүгінде үш мәрте электромобиль сатып алыпты.

–  2021 жылы қалаға ең бірінші болып электромобиль әкелген едім. Сонда көбі қызыққанымен, қалай болар екен деп күмәнмен қарады. Одан кейін біртіндеп электромо­биль алушылар көбейе бастады. Қазірдің өзінде қалада 30-40 адам электромобиль мініп жүр. Менің өзім үшіншісін мініп жүрмін. Алғашында «BMB», одан кейін «Changan», «Neta» сатып алдым. Ең тиімді тұсы – шығынның аздығы. Электромобильге айына бар болғаны 7-8 мың теңге жұмсайсыз. Бұл әсіресе таксистерге тиімді. Қазір таксистер жанармай үшін айына 200 мыңдай шығын жұмсайды. Шығын көп болған соң, такси ақысы да қымбаттай береді. Мұнан бөлек, қоршаған ортаға зияны тағы бар. Сол үшін де электромобиль алған тиімді дер едім, – дейді ол.

Жалпы жұртшылыққа электромобиль сатып алуға  кедергі болып тұрған нәрсе инфрақұрылымның дамы­маға­ны.

– Қазір қалада электромо­биль­дерді қуаттайтын орталықтар жоқ. Яғни инфрақұрылым дамымаған. Сол себепті қаладан ұзай алмайтындар көп. Келешекте үлкен жолдарда инфрақұрылым дамыса, элктро­мобильге сұраныс артар еді. Сонымен қатар «қыста қиын емес пе?» деген сұрақ жиі қойы­лады. Әрине, қыс мез­гілінде қуатты­лығы 50 пайызға кемиді. Яғни 400 км-ге жететін қуат қысты күні 200 км-ге ғана жетеді. Жалпы қыста еш қиындық жоқ. Тек қысы қатты аймақтарда жылы да, жайлы орын болуы қажет. Біздің жақтың қысына «қыңқ» етпейді, – дейді Рүстем Сатов.

Жасыл көлікке үйренген кейіпкеріміз алдағы уақытта халыққа қолжетімді болуы үшін мемлекеттің қолдауы болса екен деген ойын жеткізді.

– Жалпы электромобиль қай жағынан алса да тиімді. Халыққа да, экологияны жақсартуға да қолайлы. Сондықтан заманауи көлікті халық сатып алуға тиімді жолын ұсыну керек. Ол үшін мемлекет арнайы жеңілдетілген несиемен беретін бағдарлама ұсынса, халықтың қалтасына салмақ болмас еді. Сонда таксистер ай сайын жанармайға жұмсайтын шығынын несиеге төлер еді, – дейді ол.

Өзге елдермен салыстырғанда Қазақстанда электромобильдің аз келуінің бірден-бір себебі – инфрақұрылым түйткілі. Сарапшылардың айтуынша, элетромобильдерді сатып алушыларға бірінші кедергі де осы. Ақпаратқа сүйенсек, электромобильдерді қуаттайтын станция АҚШ-та 50 мыңнан асса, ал Қытайда 2 млн-нан асады. Ал Қазақстанда мұндай станция саны 112 екен.

Жасыл көліктердің тиімді жағы белгілі. Ендігі мәселе – электр энергиясына деген алаңдаушылыққа келіп тіреледі. Қоғамда алдағы уақытта электромобильдер жыл өткен сайын көбейе түссе электр энергиясы жетіспеушілігі болмай ма деген сұрақ та жоқ емес. «Тенгриньюс» ақпараттық агенттігіне жария­ланған материалда сала маманы Алмаз Әбілдаев әзірге даурығудың қажеті жоқ дегенді айтады.

– Электромобиль деген бір өндіріс емес, сол себепті электр энергиясын өндірістегідей көп қажет етпейді. Дегенмен тиісті министрлік келешекке жоспар жасау қажет. Себебі болашақта адамдардың барлығы электромобильге ауысады, сол кезде электр жетсіпеушілігі туындайды, – дейді ол.

Электромобильге қатысты елдің көкейіндегі сұрақтың бірі –  қауіпсіздігіне байланысты. Мұндай көліктерден жиі өрт шыға ма деген сұрақ та бар. Бұл сұрақты біз электромобиль айдап жүрген Рүстембек Сатовқа да қойдық.

– Жиі өрт шығады деп айта алмаймын. Мәселен, қазір барлық көлік жанармайдан газға ауысты. Шынында, бұл да қауіпті. Газбен жүретін көліктерден өрт шыққан жағдайлар аз емес. Сондықтан мынау қауіпті, мынау қауіпсіз деп айту қиын, – дейді ол.

Ал Төтенше жағдайлар министрлігі тиісті заң нормалары қабылданбайынша паркингтерде электромобильдерді зарядтау станцияларын пайдалануға шектеу қойды. Ал электромобильдерді пайдалану бойынша тиісті заң мәжілісте қаралуда. Өткен айда Мәжілісте электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша заң бірінші оқылымда мақұлданды. Жаңа заңда элетромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту, көліктерді қуаттау станцияларын орнатуды реттеу мәселесі қаралған. Сондай-ақ электромобиль иелері салық, утильалым төлемейді, паркинг тегін және басқа жеңілдіктер қарастырылған. Жаңа технологияның бір үлгісі саналатын электромобильдер нарықта сұранысқа ие. Ендігі мәселе – сол жаңалыққа ел экономикасының дайын болуы.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: