Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 28 қаңтарында Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде: «…Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс», – деді. Президенттің айтуынша, бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибе мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінетінін дәлелдеп отыр.
Мұндай жағдайда мемлекет және қоғам қайраткері, «кризис-менеджер, жерлесіміз Бердібек Сапарбаевтың ерекше үлесін атап өтпеске болмайды. Қайраткер тірі болғанда осы күндері 72 жасқа толатын еді.
Кейінгі екі-үш жылда Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың «кризис-менеджер» ретіндегі қажырлы еңбегі туралы баспасөз беттерінде бірнеше мақалалар жарияладым. Оны қайталамау үшін 2024 жылдың 16 ақпанында Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұйымдастырылған «Бердібек Сапарбаев тұлғасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда сөз алғандардың бірқатарының пікір желісін оқырманға ұсынуды жөн көрдім.
Сол конференцияның ашылуында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова алқалы жиынға Бердібек Машбекұлымен бірге ұзақ жыл қызмет жасаған Президент әкімшілігінің, Парламенттің, Үкімет мүшелері, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері және осы саланың ардагерлері, Кеден комитетінде бірге қызмет атқарған азаматтар, бір кезде өзі басқарған Қызылордадан, Оңтүстік өңірде Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарынан келген әріптестері, сондай-ақ қайраткер тұлғаның қамқорлығын көрген азаматтар қатысып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, кездесуге Бердібек Машбекұлының егемен еліміздің қалыптасуына, өнерге, ғылымға жасаған риясыз қызметін құрметтейтін ғалымдар, мәдениет өкілдері, мемлекет қайраткерлері және жастар келді.
– Бірінші кезекте ол «кризис-менеджер» болды. Бұл бәріне белгілі факт. Ел басшылығы Бердібек Машбекұлына ең қиын нысандарды сеніп тапсырды, өйткені ол әрқашан әлеуметтік жағдай туралы жақсы біліп, кез келген істі қисынды қорытындыға жеткізді. Қай жерде жұмыс істесе де, қандай қызмет атқарса да, әрқашан азаматтардың мүдделеріне, әлеуметтік әл-ауқатына және халықтың денсаулығына мұқият назар аударды.
Қажырлы еңбегінің арқасында қазақстандықтардың шынайы құрметіне ие болды.
Бердібек Сапарбаев мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервін дайындауға көп көңіл бөлді. Ұстаз ретінде өз елінің патриоттарының тұтас бір тобын тәрбиеледі. Олардың арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері көп, – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Жас мемлекеттік қызметшілерге үлгі
Конференцияда ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Б.Сапарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан баға жетпес үлесін атап өтті.
– Бүгін біз аса ғибратты, өнегелі жиынға қатысып отырмыз. «Еліңе қадірлі болсаң, елеусіз қалмайсың» деген халық сөзі бар. Сондықтан бұл жиынды Бердібек Машбекұлындай мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен дамуына жан аямай қызмет еткен, өлшеусіз үлес қосқан азаматқа, тұлғаға арнап отырмыз. Бұл жиын туған елін сүйген, туған елі сүйген тұлғаға деген ерекше құрметтің белгісі деп санаймын, – деді Ерлан Жаханұлы.
Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы осы конференцияға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жолдаған арнайы құттықтауын оқып берді.
«Бердібек Машбекұлы – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына және дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол әр жылдары жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Бірқатар өңірлерге және мемлекеттік органдарға жетекшілік етіп, парасатты, іскер әрі білікті басшы ретінде танылды. Халықтың ерекше сый-құрметіне бөленді. Ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен азаматтардың есімін ұлықтау арқылы өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелейміз. Қайраткер тұлғаның адами қасиеттері, кәсіби біліктілігі мен адал қызметі жас мемлекеттік қызметшілерге әрдайым үлгі-өнеге», – делінген хатта.
– Тал бесіктен жер бесікке дейін халқына, ұлтына риясыз қызмет ету, қызмет ете жүріп тұтас елдің шынайы алғысын алып, құрметіне бөлену екінің бірінің тағдыр талайына бұйыра бермейтін бақыт, – деп толықтырды Ерлан Қошанов. – Мұндай тұлғалардың есімі мемлекеттің, ұлттың тарихында алтын әріптермен жазылып қалады. Ол кісінің мәнді де мағыналы ғұмыры бейнелеп айтқанда «аттың жалында, түйенің қомында» өтті. Еліміздегі ең қиын салаларға жетекшілік жасады. Бес бірдей облысқа әкім болған Қазақстандағы жалғыз тұлға және сол өңірлердің мәселесі күйіп, шаруасы шатқаяқтап тұрған кезде Бердібек Машбекұлы басшылық жасады. Қазір осы 5 облыс дербес 7 облысқа айналды.
Осы арада өзім куә болған жайтқа тоқталып өткім келеді. Қателеспесем, осыдан 10-15 жыл бұрын Бердібек Машбекұлымен бір делегация құрамында Алматыға іссапармен бардық. Сол кезде екеуміз бір көлікте келе жаттық. Бір уақытта Бекең «мына жерге бұрыла кетейік» деп көлікті бұрғызып, бір кішкентай дүңгіршектің жанына барып тоқтадық. Барсақ, дүңгіршектің жанында бір қария мен кемпірі тұр екен. Бердібек Машбекұлы олармен біраз әңгімелескеннен кейін әрі қарай кеттік. Сосын мен туысымен амандасқан болар деп, «бұл туысыңыз ба?» деп сұрадым. Сөйтсек, жаңағы ақсақал Астанаға келу үшін жеке шаруасымен Бердібек Машбекұлына сұранып жүр екен. «Мен ол кісі Астанаға әуре болып келмей, ақыры келгеннен кейін жолдан бұрылып, жарты сағат уақытымды бөлдім» деп әдейі кездескенін айтты. Сол кезде шыны керек таңғалдым. Бұл өмірлік тағылым болды деп айта аламын.
Бекеңнің кісілігі мен кішілігі осында.
Мемлекеттік деңгейдегі тұлға
Конференцияда ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов қайраткер тұлғаның өмірлік тәжірибесі мен табанды еңбегіне тоқталды.
– Бізді тағдыр тоғыстырған бір оқиға бар, – деді Ж.Асанов. – 2016 жылы жерге қатысты митингі өтіп, бүкіл республика шулап жатты. Көп ұзамай қырықтан астам діни радикал Ақтөбеде теракт жасады. Қару-жарақ дүкендерін басып алып, әскери бөлімге оқ атты. Біраз адамның өмірі қиылды, денсаулықтарына зиян келді. Бір сөзбен айтқанда, жер митингтері мен діни радикализм өршіп тұрған кез.
Сол кезде біз Бас прокуратура болып, Президентке ұсыныс жасадық. Терактілер халық арасында үрей туғызды. Билікке сенімсіздік бар. Өңірлерге барып жұртпен тікелей жұмыс істесек, мемлекеттің қамқорлығын көрсетсек, ол үшін пилот ретінде бір облысты алып, сонда елге қолдау көрсетудің үлгі-моделін жасасақ дедік.
Әрине көп нәрсе сол барған өңірдің басшысына байланысты. Әкімі қолдап, белсенді болмаса нәтижеге жету мүмкін болмас еді. Сонда Бекеңмен тез тіл табыстық. Өзінің Ақтөбеге келгеніне де көп болмаған екен. «Уайымдама, топты бізге әкел, бәрін жасаймын» деп сендірді. Сол 2016 жылы бүкіл республикадан 230 маманды жинап Ақтөбеге келдік. Мемлекеттік қызметшілермен қатар, топқа дәрігерлер, теологтар, психологтар, имамдар енді. Бекең алты жүздей адам жинап, мақсатымызды айтты. Облыстық активке сескенудің қажеті жоқ. Әріптестер орталықтан бізді тексеруге, бағалауға, сынауға келген жоқ. Кабинеттен жерге түсіп, бізбен бірге нақты проблемаларды шешу үшін, өршіп тұрған діни радикализмді ауыздықтау үшін келді деп түсіндірді. Мұндай шара елде алғаш рет жасалып жатқан. Бердібек Машбекұлы жұмысты әдемі үйлестіріп, республикадан келген 230 адамды өңір жағдайын жөндеп алуға ұтымды пайдаланды. Облыста 830 мыңдай адам болса, әрбір алтыншы ақтөбелікке жеттік. Ол мүгедектер, жастар, көпбалалы, жағдайы төмен отбасылар, сотталғандар, діннен адасқандар.
Осындай үйлесімді жұмыстың арқасында Ақтөбеде бай тәжірибе жиналды. Әдістемелік құрал жасалды. Осы жұмыстың басында Бекеңнің жанында жүрдім. Жұмыс таңғы 7-де басталатын. Күні бойы кездесулер, жиналыстар дегендей.
Жобаның соңғы екі күнінде Бекеңмен болдым. Байқағаным, бір ай бұрын басталған жұмыстың қарқыны тоқтамаған екен. Астанадан келген барлық құрылымдар өз қызметтерін белсенді жүргізіп жатты. Кейін Президентке баяндадық. Үкіметке осы жұмысты басқа облыстарда жүргізу тапсырылды.
…Бердібек Машбекұлының осындай ерекшелігінің түп негізінде ауылда өсіп, қара жердің демін сезінген, дала еңбегімен шынығып өскен өмір жолы жатқаны анық.
Жаңа буын үлгі етер қасиет
– Біз екеуміз бір топырақта туып, бір кезеңде өмір сүрдік. Екеуміз де хал-қадірімізше елімізге қызмет еттік. Қызмет жолында әріптес, өмір жолында сырлас болдық. Ел оң-солын танып үлгермей жатқан елең-алаң тұста біз бірге жұмыс істедік. Көп ағаларымыз аттарың да ұқсас, сендер осы егіз қозыдайсыңдар деп әзілі аралас тілеулес пейілін білдіріп жататын, – деді конференциядағы сөзінде мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев.
Қырымбек Елеуұлы сондай-ақ, Бердібек Машбекұлының 1990 жылдардағы тоқырауда Қызылорда облысын жойылудан сақтап қалғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейтінін айтты.
– Сол тұста Қызылорданың салықтық базасы нашар, экономикасы, әсіресе, өндірісі дамымаған деген желеумен облысты жабу туралы Үкіметте Президентке ұсыныс дайындалып жатқан болатын. Қазіргідей стратегиялық әрі рухани маңызға ие аймақтың жабылып қалуы кімді болса да қынжылтады ғой. Дәл сондай сындарлы сәтте Бердібек білек сыбана кірісіп, Қызылорданың басқа аймақтардан кем емес екенін, салықтық база, экономикалық перспективасы бар тиімді аймақ екенін Үкімет алдында дәлелдеп, өзінің жоғары кәсіби деңгейін көрсете отырып аймақты сақтап қалды. Бұл Бердібек Машбекұлының туған жері ғана емес, тұтас Отанының алдындағы бір үлкен перзенттік, қайраткерлік қызметі деп бағалаған жөн. Еркін экономикалық аймақ, басқа да шаралар соның аясында атқарылған істің бір көрінісі.
Сапарбаев сонымен қатар алаштың ғана емес, адамзаттың ортақ мәселесіне айналған Арал тағдырын да дер кезінде көтеріп, Президентке ұтымды ұсыныс жасап, мәселені шешудің оңтайлы жолын қарастырды. Арал мәселесі көп елдің назарын аударып, қолдауына ие болды. Дүниежүзілік банк пен Қазақстан Республикасының өзара келісімі бойынша Кіші Арал жобасы жасалды. Соның іске асуына Бердібек тікелей мұрындық болды. Бұл ел тарихындағы ерен еңбек екені даусыз, – деді Қ.Көшербаев.
Қырымбек Елеуұлы атап өткендей, Бердібек Машбекұлы қай өңірге барса да сол жердің әл-ауқаты мен қордаланған түйінді мәселелерін шешуге, үзілген үміттерін жалғауға барды. Ол Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарына әкім болған кезеңде аянбай еңбек етіп, соның бәріне де абыроймен барып, абыроймен кетті. Жетекшілік еткен әр аймақта халқы оны қимастықпен шығарып салып отырды. Бұл Бердібек Машбекұлының антына адал, сертіне сенімді болғанының белгісі.
Мұқтаждарға қамқорлық
«Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан адамдарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменова аймақтағы әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани процестерді бақылаудағы облыс әкімінің рөліне тоқталды.
– Бердібек Машбекұлы өмірден өткенде тұтас бір дәуір көшкендей болды. Көкейде «Бізде ұрпақтар сабақтастығы бар ма, әкімдер институтын қандай өзгерістер күтіп тұр?» деген сауал тұрды.
2015-2019 жылдары Ақтөбе қаласы мен аудандардың мәдениет, бизнес, құрылыс салаларында, қоғамдық өмірінде көптеген өзгеріс орнады. Бердібек Машбекұлы 2015 жылдың қараша айында жұмысқа кіріскен бойда қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесті. Онда сенімге негізделген мәнді әңгіме айтылды. Өңірдегі қоғамдық ұйымдардың ахуалы туралы 100-ден астам адам өз ойларын еркін жеткізді. Сол жерде жаңа басшының бізді бірден түсінгені, оның жоғары кәсіби және іскерлік қасиеттері бірден байқалды. Аз уақытта ақтөбеліктер «Бердібек аға туысымыздай болып кетті» деді. Ол ондаған, мүмкін жүздеген адамның ертеңге деген сенімін нығайтты, басына баспана берді, үміт отын жақты.
Ақтөбеде қызметте жүргенде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдауға арналған қайырымдылық акцияларын көп ұйымдастыратын. Мүгедектігі бар белсенділердің барлығын танитын, олар ұйымдастырған іс-шаралардан қалмайтын.
2017 жылы Ақтөбеде су тасқыны болып, жүздеген құрылысты шайып, бұзып кетті. Табиғат апаты кезінде облыс әкімі зардап шеккен жұртшылықтың ортасында жүрді, адамдарды сабырға шақырды. Айналасы аз уақытта бұзылған үйлер қалпына келтірілді. Әдеттегідей, бұл шаруаны да үйлестірген Бердібек Машбекұлы еді.
Бердібек Сапарбаевтың өмір, еңбек жолы посткеңестік кезең мен Тәуелсіз Қазақстанның тарихында өз орнын алатыны сөзсіз, – деді ол.
Құбылыс
– Әркімнің көңілі құлайтын адамдары болады. Санамызда із қалдырған екеу болса, соның бірі – Бердібек Машбекұлы. Бекең жарықтық шешеннің тілі күрмеліп, ердің қолы қалтырайтын ақиқаттың көзіне тура қарай алатын тұлғалардың бірі еді. Бойындағы өнерін, қабілетін кәсіп деп емес қасиет деп қарайтындардың сойынан еді, – деп келтірді сөзін халық әртісі Досхан Жолжақсынов. – Жалпы, кез келген тұлға туралы, оның ішінде биліктегілер туралы айтқанда, – дейді Әбіш Кекілбаев ағамыз, – алдымен оның табиғи бітім-болмысына ерекше назар аудару керек. Бекеңнің биік талғамы мен терең толғамы жан-жүрегінде тебіреніп, толғанып көрініс тауып жатушы еді.
…Сіңірсем деймін жеріме,
Маңдайдың терін ағызып.
Жасасам деймін еліме,
Жанымның отын тамызық, – дейді ақын Сырбай Мәуленов атамыз. Шіркін-ай, қандай сөздер. Биліктің маңдайшасына шегелеп-ақ қоятындай. Тура Бекеңе, Бекеңдерге арналғандай.
Бекең жарықтық халқымыздың рухани әлеуетін қоғам алдында айқара ашуға мүмкіндік беретін тұлғаларымыздың бірі еді. Бір бойында мемлекеттік қайраткерліктің, саясаттанушының, мәдениеттанушының, әлеуметтанушының барлығының дарыны әдемі тоғысқан. Соның бәрін далалық данышпандықтың қайнарына суарған Бекең бүгін ойлап қарасаң шын мәнінде құбылыс екеніне ешкім дау туғыза қоймас.
«Жұрт ісін түс көрмей ояу жүріп іздеу мақсат» дейді Әлихан Бөкейханов. Қарапайым да парасаттылықтың кәусар бұлағындай Бекеңнің халқына сіңірген, халқының рухына сіңірген еңбегінің бағдаршамындай. Жалпы Бекеңнің дара ақылы, мемлекетіміздің, еліміздің өтпелі кезеңінде айқара ашылып, шыңдала түскендей.
Өмірді құтқару үшін
ҚР Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закарья пандемия кезінде Б.Сапарбаевтың жан-жақты қолдауына сүйене отырып, Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцинаны әлемде алтыншы болып шығара алғанын өз сөзінде келтірді.
«Менің өмірімдегі ерекше маңызды сәт – пандемия кезінде Бердібек Машбекұлымен кездесу, қазақстандық вакцинаны жасау мәселесі өткір тұрған уақыт еді. Мен ол кезде Жамбыл облысындағы биологиялық қауіпсіздік ҒЗИ басқарамын, біз вакцина әзірлеу бойынша жұмысты бастадық. Билік пен мамандар арасындағы пікір қайшылығына қарамастан, Бердібек Машбекұлы табандылық танытып, бізге барлық қажетті қолдауды ұсынды. Сол қиын кезеңде вакцина жасау және зауыт құрылысын жеделдетуде көп көмегі тиді. Облыс әкімі төтенше жағдайды ескере отырып, жауапкершілікті толықтай өзіне алды. Республикадан қаражат бөлуді күтпей, зауыт құрылысын бастау жөнінде құрылыс басқармасының басшыларына нақты тапсырма қойды. Осылайша 2020 жылдың 12 маусымында зауыттың іргетасы қаланды. 2021 жылы 21 маусымда QazVac вакцинасының алғашқы партиясы шығарылып, Қазақстанның көптеген тұрғынының өмірін сақтап қалды».
Көреген басшы
Конференцияда Шерхан Мұртаза атындағы Тараз халықаралық инновация институтының вице-президенті (қазір ректоры), педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков Бердібек Машбекұлының Жамбыл облысын басқарған жылдардағы жұмыс тәсілдері туралы айтты.
– Оның экономист ретіндегі аналитикалық ақыл-ойы өте жоғары болатын. Жұмыстың жүйелі әрі кешенді болғанын қалайтын. Алдына стратегиялық мақсат қойып, соны орындауға қызметкерлерді жұмылдыра алатын.
Ол өзіне дейін қызмет істеген әріптестерін құрметтейтін, сіңірген еңбегін, жеткен жетістіктерін жиналыстарда айтып отыратын. Бұл арқылы әріптестіктің, сабақтастықтың маңызы айқындалатын.
Тағы бір қасиеті, адамдардың қабілет-қарымын, мүмкіндігін дәл бағалайтын және оларға сенім артып, міндет жүктейтін.
Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу», «Жомарт түлек», «Таразға тарту» сияқты әлеуметтік жобалар халықтың өмір сапасын арттыруға ықпал етті. Әсіресе, «Асарлатып үй салу» туралы атап айтсақ, жоба шеңберінде 350 аз қамтылған отбасы баспаналы болды. Ол үнемі халықтың ортасынан табылды, бұл қасиеті Қордайдағы оқиға, коронавирус пандемиясы, Байзақ ауданындағы жарылыс және қаңтар оқиғасы кезінде анық көрінді. Сол себепті де оны халық арасында «кризис- менеджер» атап кетті,– деді профессор.
Тың өзгерістердің бастамашысы
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Бердібек Сапарбаевтың жетекшілігімен жұмыс жасағанын, Шығыстағы, Абай еліндегі жұртшылықтың оған деген ерекше ықылас-пейілі туралы айтты.
– Ол кадр тәрбиелеуде бізді қарапайымдылыққа, әдептілікке, адамгершілікке үйретті. Бердібек Машбекұлының өнегесі мен тәлімін өз тәжірибемде қолданып келемін.
Оны халық «кризис-менеджер» деп бекер атаған жоқ. Қызылордада экономикалық жағдай күрделенген тұста инвестор тартып, айналымға ваучер енгізді. Оңтүстік Қазақстанды энергетикалық коллапстан алып шығып, салық және зейнетақы төлеуді жүйеледі. Ақтөбе мен Шығыста төтенше жағдайдан кейінгі және әлеуметтк мәселелерді шешті. Мәселен, Тарбағатай ауданының Көкжыра және Жантекей елді мекендерін су алғанда, Артем кенішінде шахтерлар талап қойғанда Бердібек Машбекұлы дағдарыстан шығу жолын бірден тапты.
Ол қызметке кіріскен бойда барлық ауданды аралап шықты, көптеген іске бастамашы болды. Мектептер, әлеуметтік, мәдениет, спорт нысандарын салды. Басшының атқарған жұмыстарының нәтижесін бүгінде әр ауылдан көруге болады. Өңірдің тау-кен саласына инвестиция тартып, өркендеуін қамтамасыз етті. Бизнестің әлеуметтк жауапкершілігі аясында ірі өндірістік компаниялар халықтың қажеттіліктеріне көңіл аудара бастады. Ол шағын және орта бизнесті дамытуға жол ашты. Патриотизм мен ұлттық бірегейлікке баса мән беріп, Өскемен қаласының орталығына мемлекеттік рәміздер мен Абай ескерткішін орнатты, – деді Е.Көшербаев.
P. S. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырды. Осы «мектептерде» мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаевтың жұмыс тәжірибесіне арналған сабақтар өткізу орынды болар еді.
Кеңес МАХАМБЕТОВ,
еңбек ардагері
Астана қаласы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!