Жедел жәрдем фельдшерінің жұмысы – бұл жай ғана мамандық емес, адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін нағыз жауапкершілік.
Елімізде жедел медициналық жәрдем көрсетудің құқықтық және регламенттік негіздері аясында жүзеге асырылады. Әрбір шақырту – қателесуге құқық жоқ бөлек бір оқиға.
Жедел жәрдемнің үйреншікті қабылдаудан айырмашылығы – мұнда бәрі тез, нақты және көбінесе уақыт тығыз жағдайда орындалады.
Негізгі нормативтік-құқықтық актілер:
1. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі.
2. ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-225/2020 бұйрығы. Бұл бұйрық «Жедел медициналық жәрдем, соның ішінде медициналық авиацияны тартумен көрсету қағидаларын» бекітеді.
3. ҚР ДСМ 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-269/2020 бұйрығы. Медициналық қызметтердің сапасына ішкі және сыртқы сараптама жүргізу қағидалары.
Шақыртуларды сұрыптау және жеделдік санаттары (№ ҚР ДСМ-225/2020) бойынша жүргізіледі.
Аталған бұйрыққа сәйкес, диспетчер шақыртуды қабылдау кезінде оны автоматтандырылған жүйе арқылы келесі санаттарға жіктейді:
1-санат: Пациенттің өміріне тікелей қауіп төнетін, шұғыл медициналық көмекті қажет ететін жағдайлар (келу уақыты 10 минутқа дейін).
2-санат: Пациенттің өміріне медициналық көмек көрсетілмеген жағдайда ықтимал қауіп төнетін жағдайлар (келу уақыты 15 минутқа дейін).
3-санат: Пациенттің денсаулығына медициналық көмек көрсетілмеген жағдайда әлеуетті қауіп төнетін жағдайлар (келу уақыты 30 минутқа дейін).
4-санат: Пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және ықтимал қауіп жоқ, жіті аурудан немесе созылмалы аурудың асқынуынан туындаған жағдайлар (келу уақыты 60 минутқа дейін) болып 4 санатқа бөлінеді.
Шақыртуды орындау қоңырау түскен сәттен басталады. Дәл осы кезеңде жағдайды дұрыс бағалау маңызды: не болды, өмірге қауіп бар ма, қандай көмек қажет болуы мүмкін? Оқиға орнына келгенде түрлі жағдайлармен жоғары қан қысымы, дене қызуынан бастап, ауыр жарақаттар мен жедел көмек қажет жағдайлар кездеседі. Фельдшер әр жағдайға жауапкершілікпен қарай отырып жедел шешімдер қабылдайды.
Негізгі міндеттері:
Жағдайды тез бағамдау;
Тексеру жүргізу;
Алдын ала диагноз қою;
Алғашқы медициналық көмек көрсету.
Жедел жәрдем – бұл стандартты жағдайлар болмайтын, үнемі шиеленісте жұмыс істеу деген сөз. Әрбір шақырту ерекше, сондықтан фельдшер бәріне дайын болуы керек. Қиындықтарға қарамастан, дәл осы жұмыс адамға өз ісінің маңыздылығын сезіндіреді, өйткені көмек шынымен қажет жерге келеді. Қорыта айтқанда, шақыртуды орындау – бұл жай ғана міндеттерді атқару емес, білімді, тәжірибені және адамгершілікті талап ететін құтқару миссиясы.
Құндызай ШАКИЗАДАҚЫЗЫ,
№1 қалалық емхана фельдшері
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!