Сенбі, 04 мамыр, 02:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Жеті қабатты үй жаңалық емес

23.04.2024

343 0

Қазақта ер жігіттің мойнында үш міндет бар деген ұғым ерекше маңызға ие: үй сал, тал ек, ұрпақ өрбіт. Бүгінде қарқынды құрылыс алаңына айналған Алаштың Ақмешітінде осы үш міндеттің алғашқысы алдыңғы кезекте орындалып келеді. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» сырбойылық құрыш қолды құрылысшылар жеті қабатты тұрғын үйдің құрылысын қарқынды жүргізіп келеді. Сол жағалаудан бой көтеріп жатқан алты үйдің еңсесі көтеріліп, жұмыс кезегі шатырына келіп тұр.

Жеті қабатты алты үйдің бірін «Аманқұрылыс» компаниясы салуда. Мекеме өкілі Қожаназар Ақылбай – учаске бастығы. Қай жерде ненің, қашан салыну керегін реттеп, басқарып жүр. Құрылыс саласына тарыдай болып кірген ол бұл күнде 70-тен асты. Елу жыл осы салада маңдай терін төгіп жүрген азамат салынып жатқан тұрғын үйдің ерекшелігіне тоқталды.

«Бұл үйдің бір ерекшелігі – барлық бөлмеде өртке қарсы дабыл жүйесі орнатылған. Бұрынғыдай 5 қабаттан тоқтап тұрған жоқ, жеті қабатқа жеттік. Сондықтан лифт қызметі қосылған. Ендігі бір өзгеру керек нәрсе – тұрғын үйдің қасбеті, дизайны, жоспары. Елу жылдан бері сол бір үлгіні салып келе жатырмыз. Өзгеретін кез келді», – дейді құрылысшы тәжірибесінен хабар беріп.

Әрине, құрылысшының қоғам алдындағы жауап­кершілігі жоғары болу керек. Өйткені ол салған әрбір ғимарат сапалы, қауіпсіз болуы бірінші кезекте тұрады. Өкінішке қарай, қазіргі таңда жас мамандар бұл жауапкершіліктен тайсақтайтын көрінеді.

«Өзім – зейнеткермін. Жұмыс істейтін мықты жастар болса, мен бүгін-ақ кетуге дайынмын. Қаншама жас маман келіп жатады. Ең ұзақ дегенде бір жыл жүреді, ары қарай таппай қаласың. Саланың қыр-сырына үйретіп, шәкірт тәрбиелегің келеді. Бірақ жасымыз жер ортаға келгенде нысан басында әлі жүрміз. Бізге өз мамандығын сүйген құрылысшылар керек. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін», өзіне сенімді, алдына мақсат қойған, табанды жастар тапшы. Сондықтан мен осы құрылыс мамандықтары бойынша білім алып, болашақта осы мамандықпен нан табамын дейтін жастарға айтарым көп. Мамандықтарыңды жақсы көріңдер, осы саланы таңдаған екенсің, барлық қиындығына шыдас беріп, соңына дейін бару керек. Сол кезде жетістікке жетесің. 1974 жылдан бері құрылысшымын. Жаман болмадым. Өзің шын қалап, еңбектеніп, жан-тәніңмен беріле жұмыс істесең, нағыз абыройлы мамандық – осы», – дейді кейіпкеріміз.

Өзінің еңбекқорлығы мен қайсарлығын дәлелдеп, еңбектің нанын жеп жүрген Қожаназар аға салынып жатқан нысанның сапалы шығуы үшін кейде басшылықтың шешіміне де өзгерістер енгізуге ұсы­ныс беріп, дұрыс жағын айтып жүреді. Өйткені «Елу жыл­да – ел жаңа» деген қазақ үшін жарты ғасырлық тәжіри­бе аз уақыт емес. Осы кезге дейін ол қаншама нысанда қолтаңбасын қалдырды.

«Әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар, тағы қайсысы бар? Осы 50 жылда мына қала ғимараттарының 90 пайызында қолтаңбам қалды. Мен аудандарға шыққан жоқпын, тек осы қала аумағындағы нысандарда болдым. Әрине, кейде жас басшылардың тәжірибесі аздық етеді, сондайда салған нысанымыздың сапалы, ойдағыдай шығуы үшін оларға дұрыс жағын айтамын. Өмір деген үлкен мектептің тәжірибесін ешқандай мектеп бере алмайды. Сондықтан адамның ең ұлы ұстазы да, мектебі де – өмір. Біз сол мектептің сабақтарын кейінгі жастарға айтып жүрміз», – дейді тәжірибелі маман.

Бұл үйлердің әрбірінің мердігері бөлек. Жалпы алты үйден тұратын кешеннің аумағы 37 283 шаршы метрді құрайды. Сол жағалауға көрік беріп, жаңаша бейне қалыптастырады деп отырған бұл кешенге ұзын саны 10 миллиард теңгеге жақын қаражат қаралған.

– Бұл ипотекалық тұрғын үйдің әрбірінде 84 пәтер бар. Жалпы осы жерде алты үйде 504 пәтер болады. Әрине, бір қазақ қоныс тойын тойласа, мың қазақ қуанады. Алдағы уақытта халықтың қуанышты сәттері көп болсын. Бізде салынып жатқан нысандардың, құрылыстың деңгейін көзбен көріп жүрміз. Бұл ең алдымен, тұрғындардың қуанышы. Баспана бас ауруына айналған жерлестеріміздің қуанышы, – дейді Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің статист-маманы Мәулен Бобетаев.

Тілші түйіні

Толғауы тоқсан тіршілікте әркім өз мамандығын таңдап, соған сай бағыт алуда. Байқап қарасам, қатарластарымның арасында өзімнен бір-екі жыл кейін, бір-екі жыл дейін азаматтардың арасынан құрылыс саласын таңдағандарды көзім шалмады. Сонда бұл мамандықтың қартайып бара жатқаны ма?! Саладағы майталман мамандардың қабілет-қарымы кейінгі толқынға керек-ақ. Бірақ ізін басар кім бар десеңші…

Дәулет ҚЫРДАН 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: