Жексенбі, 19 мамыр, 19:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

Шолпанның күнәсі не?

02.03.2024

320 0

Сурет: massaget.kz

Адам мінез-құлқының басты реттеушісі сана екен­дігі белгілі. Фрейдизмдегі негізгі ұғымдарға «сана» және «санасыздық» жатады. Аустрия невропатологі, психиатры және психологі, психоталдау бағытының негізін салушы Зигмунд Фрейд. Психоталдау бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін 20-жылдары кең өріс алды. Жеке тұлғаның құрылымында Фрейд санасыздыққа ерекше көңіл бөлді және басты зерттеу нысанына айналдырды. Оның айтуынша, ауру адамдар өз іс-әрекетінің түрткілерін түсіндіре алмайды.

Ол тек ауру ғана емес, дені сау адамдардың көңіл-күйі мен мінез-құлқын түсіндіретін теорияны негіздеді. Бұл теория Батыс елдерінде кеңінен тарап, үлкен беделге ие болды. Бұл бағыт адам туралы басқа ғылымдар – социология, педагогика, антропология, этнография, сонымен қатар өнер мен әдебиетке ерекше ықпал етті.

Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» шығармасында да фрейдизм тұрғысынан талдайтын пси­хологиялық шешімдер жиі кездеседі. «Шолпанның күнәсі» әңгімесі 1923 жылы «Шолпан» журналының № 4, 5, 6, 7, 8 сандарында жарияланған. Шағын әңгімеде ой көп, үлкен мәселе бар. Шолпан – жасандылықтан ада, риясыз шындықпен бейнеленген образ. Автор кейіпкер арқылы бүкіл қазақ әйелі, жоқ, бүкіл жер бетіндегі әйел жанының психологиялық тұрғыдан шың, шатқалдарына барып, терең түбіне бойлайды.

Тұрмысқа шыққан Шолпан әуелгіде Сәрсенбайдың құшағында жатса да, құдайдан бала бермеуін сұрайды. Құдды бала келсе екеуінің арасы суып кетердей. Бала пайда болса, осы әдемі өмірдің сәні кететіндей. Теңіз терең бе, адамның жаны терең бе? Дүниеде адамнан қиын жұмбақ жоқ. Адам – шешуі табылмаған жұмбақ.

«Өмір озады, тілек тозады – бала жоқ. Енді не қылмақ керек? Жоқ, дұғалығы, молдасы, қожасы құрысын! Құлшылығы құрысын! Айтқанынан қайтпайтын қасарған тәкаппар Тәңірісі бар болсын! Жоқ, бала болудың кілті көкте емес, адамның өзінде шығар». Осы тұста Шолпанның бастапқы қалауынан жеріп, Құдай қабыл алып қойды ма деп ойлап, кейін мұның бәріне кінәлі күйеуі екенін сезінуі, тіпті бұл бақытсыз сезінгенде жарының мұны «кәрі  жорға» деп атауы, бәрі де жиналып келіп оның ойынан кетпей, жарасына тұз сепкендей жүрегін жаралайды.

Яғни бала бере көрме деген тілек саналы түрде ішкі қалауы болса, осы кезде Шолпан бейсаналы күйге ауысып, жанының түкпірінен «Ұрлық қыл да мал тап, Ойнас қыл да бала тап» деген шешімге келеді. Сол бейсана енді саналы түрде бекініп, ол өзінің баласына әке болуға лайық жар іздей бастайды. Адамқұл ма? Әзімбай ма? Шойбай ма? Жұмағали ма? Жо-жоқ, махаббаттың ақ қанатын кірлетуге тұрарлық кім бар? Әзімбай. 18-19 жасар денелі жігіт. Бірақ бұл қалай болар екен? Осындай ішкі арпалыстар кезінде Әзімбай келіп іс тігуден шаршамайтын жеңгесінің жанына отырады.

Ұрлық қылсақ, қылайық. Құдайды қайтеміз?.. Екеуі біраз әңгімелескен соң Әзімбай Сәрсенбайдың кететінін байқайды да, бүгін түнде келем деп бекінеді. Осылайша Шолпан жүкті болады. Құдайға қарап жасаған күнәсі сауапқа айналғандай күн кешеді.

Шолпанда жат қылықтың әдетке айналғаны ма? Жоқ, ойнасты өнеге көретін, суық жолды әдет қылатын әйел Шолпан ба? Ендеше? Бұл ендешеге жауап жоқ. Теңіз терең емес, әйелдің жаны терең. Жеті қабат жер астындағы нәрсені білу мүмкіндік бар шығар, бірақ әйел жанының мінезін білу мүмкін емес. Бір қарасаң, әйел – бала, күйерін білмей отпен ойнайды. Әйел – ердің тәңірісі, жарата да алады, жоқ қыла да алады, сүйдіре де алады, күйдіре де алады. Әйел – ердің құлы, табанының астында топырақ болады, ердің көлеңкесіне айналады, өзі жоқ болады. Әйелдің аруағы басса, ер күйеді, жанады. Бірақ өзінің жеке бір адам екендігін ұмытпайды, жоймайды. Ердің аруағы басса, әйел адамдықтан шығып, жоққа айналады. Есінен айырылады. Тілі байланады. Әсіресе, әйел бұзық жанды болмаса. Ол уақытта мұндай әйелдің ердің көнгіш күңі болуында еш дау жоқ. Шолпан қазақ қоғамы мен әдебиетіндегі осындай әйелдің бірі еді.

Шолпан, Сәрсенбай, Әзімбай араларындағы байла­ныста реалистік шындық, психологиялық сенім жақсы бейнеленген. Шолпанның күнәсі – жарын шынайы сүйгендігі. Ал оны күнәлі әрекетке итермелеген де осы махаббаты еді. Егер де Сәрсенбай әйелімен ашылып сөйлесіп, сырласып, жанына жақын тартқанда, мүмкін Шолпан ондай әрекетке бармас еді. Ол бала зарын бір өзі тартып, жоқты бір өзі іздеуге мәжбүр болады. Өзіне-өзі сауал қойып, сол қойылған сауалдарға өзі жауап іздейді. Сәрсенбай Шолпанға: «Мен сенен бала сұрадым ба?» дейді. Ол неліктен Әзімбайды таңдады? Шолпан не себепті Сәрсенбайға іштегі сырын айтпады? Осы сынды сауалдарға жауап іздеу барысында біз Шолпанды күнәлі әрекетке итермелеген Сәрсенбай екендігіне көз жеткіземіз.

Сондай бір күндерде енді Сәрсенбай әйелінің өзінің інісімен ойнас екенін біліп, сезіп, әр күні ұрыс шығарып, тіпті ұрып, қамшылайтын болды. Бір күні Сәрсенбай аттан түсіп келе жатса, Әзімбайды көреді. Кімсің деген сұрағына бір ауыз қатпай жүре бергеніне ызасы келіп, киіз үйге енсе, төсекте жатқан Шолпанды көреді. Жынданған күйеуі қолына қамшысын алып әйелін сабайды, тоқтамастан ұрады, бет-аузы, денесі қан-қан болған еді. Кенет ішіне таяқ тигенде  Шолпан: «балам» деп қорғанып қалады. Сонда Сәрсенбай одан сайын ашуланып, ішінен теуіп, жанын шығарады. Көздерін қан жауып кетеді. Көрші үйдегілер түннің бір уағындағы бұл не дауыс екен деп бұл үйге жақындап кеп, тоқтат дегеннен кейін ғана әйелін ұруды тоқтатады. Көршісі келіп оған су шашады. Бұл кезде Шолпан талықсып, өлер шаққа жеткен екен. Тек соңғы сәтте ғана «Алла-ай» деген үні үзіліп шығады.

Осылайша таң атар шақта Шолпан қайтыс болады. Біреумен ойнас жасағаны – күнә. Ал баласыз қалуы ше? Әрі бұл баладан өзі ойлағандай ер жігіт шығар ма еді? Баланы аңсаған әйелдік мейірімінің жанына жара салғанын неге Сәрсенбайға түсіндіріп айтпады? Міне, осындай сансыз сұрақтар арқылы шығарманың негізгі айтпақ болған ойын түсінеміз. Дүниеде адам жанынан артық жұмбақ жоқ. Әйел ме, ер ме, жанға келгенде бәрі де тылсым, бәрі де құпия. Бұл психологияның тек әдебиеттегі ғана емес, өмірдегі де заңдылығы сынды.

Аделина Рахман

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: