Сенбі, 11 сәуiр, 01:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№26 (2238)
11.04.2026
PDF мұрағаты

Жоғары білім жүйесі жаңарады

11.04.2026

40 0

Соңғы жылдары еліміздің білім беру саласында ауқымды реформа жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, енді елімізде жоғары білім беру жүйесіне ауқымды өзгеріс енгізіліп, оқу бағдарламалары қайта қаралады. Үкімет мазмұны ескірген, тиімділігі төмен 700-ге жуық білім беру бағдарламасын қысқарту бастамасын қолға алды. Бұл қадам – сапаны арттыруға, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауға бағытталған маңызды өзгерістің бірі. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елде білім беру бағдарламалары тым артық әрі тәжірибеден алшақ деп есептейді. Вице-премьер маман даярлау саласындағы сәйкессіздіктерге мән беру қажеттігін атап айтты. 

– Білім беру жүйесінде шамадан тыс академизм, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының қайталануы байқалады. Қазіргі кезде жоғары оқу орындарында экономика бағыты бойынша 142, ал құқықтану бойынша 115 білім беру бағдарламасы жүзеге асуда. Көп жағдайда мұндай бағдарламалар бір оқу орнының өз ішінде де қайталанып отыр. Сонымен қатар зерттеу базасымен жеткілікті қамтамасыз етілмеген шамадан тыс академиялық сипат сақталып, теория мен нақты тәжірибе арасындағы алшақтық тереңдей түскен. Бұл – жекелеген жоғары оқу орындарының мәселесі емес, жүйелі шешімді талап ететін ортақ түйткіл. Сондықтан біз бұл бағытта нақты шешім қабылдап отырмыз. Жалпы саны 700-ден астам білім беру бағдарламасы қысқартылады. Оның ішінде 78 жоғары оқу орнындағы 503 бағдарлама  артықтықты жою үшін, тағы 26 бағыт бойынша 235 бағдарлама жүйедегі олқылықты жою мақсатында тоқтатылады. Бұл ретте барлық студенттердің оқуын толық аяқтауына кепілдік беріледі. Алайда аталған бағдарламалар бойынша жаңа қабылдау жүргізілмейді, – деп атап өтті вице-премьер.

Ескі бағдарламалардың орнына 21 басым бағыт іске қосылады. Олардың қатарында AI and Data, Bioengineering, Smart Agriculture және EdTech болады. Сонымен қатар 35 бағыт бойынша бағдарламалар жаңғыртылып, work-based learning (жұмыс орнында оқыту) үлесі артады. ЮНЕСКО ұсынымына сай, бұл көрсеткіш бакалавриатта 25%-ға, магистратурада 40%-ға дейін жеткізілмек.

Мемлекеттік гранттар енді өңірлік экономиканың нақты қажеттіліктеріне қарай бөлінеді. Бұл қадам әр аймақта қажетті мамандарды даярлауға мүмкіндік беріп, кадр тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етеді. Яғни, жастар тек диплом алып қана қоймай, оқуын аяқтаған соң өз өңірінде сұранысқа ие маман ретінде еңбек етуге жол ашады.

Реформа аясында педагогикалық жоғары оқу орындарына ерекше мән беріліп отыр. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атап өткендей, қазіргі заманғы ұстаз тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар рухани құндылықтарды дәріптеуші, жаңа технологиялардың, оның ішінде жасанды интеллект пен цифрлық ортадағы этика және қауіпсіздіктің жетекшісі болуы тиіс. Осыған байланысты педагогикалық ЖОО-лардың қызметі түбегейлі өзгермек.

Жаңа модельдегі университеттер инновациялар мен экономиканың, ұлттық бірегейлік пен азаматтық жауапкершіліктің орталығына айналуы көзделіп отыр. Бұл – жоғары оқу орындарын тек білім беретін мекеме емес, қоғам дамуына серпін беретін интеллектуалды алаңға айналдырудың бастамасы.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те бұл бағытта нақты шара қолға алынғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, білім мазмұны еңбек нарығының сұранысына бейімделіп, оқу бағдарламалары заман талабына сай жаңартылуда.

Сонымен қатар жоғары оқу орындарына қабылдау мен іріктеу тетіктерінен бастап, оқыту технологиялары мен қағидаттарына дейін толық трансформация жүргізу жоспарланбақ. Енді басты назар теориялық білімнен гөрі, нақты дағды мен құзыреттілікті қалыптастыруға аударылады.

Түлектерді жұмысқа орналастыру және біліктілікті арттыру жүйесі де жаңаша форматта дамиды. Бұл жастардың еңбек нарығына тез бейімделуіне және кәсіби тұрғыда үздіксіз дамуына мүмкіндік береді. Ал тәрбие жұмысының өзегінде жалпыұлттық бірлікті нығайту, жауапты әрі жасампаз патриотизмді қалыптастыру міндеті тұр.

Мемлекет ұсынып отырған «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Толық адам» секілді құндылықтар білім беру жүйесі арқылы жас ұрпақтың санасына сіңірілмек. Бұл – жаңа Қазақстанның іргесін қалайтын негізгі бағыттардың бірі.

Қорытындылай келе, қолға алған реформалар бір реттік шешім емес, жүйелі саясаттың бастауы. Білім беру жүйесін жаңғырту арқылы елдің адами капиталы күшейіп, әр азамат ел дамуының белсенді қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Яғни, алдағы бастамалар арқылы еліміздегі білім жүйесі жаңа деңгейге көтеріліп, заман талабына сай жаңара түспек.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: