Міне, көптен күткен көктем де келді. Әз Наурыз – жаңа күн, жаңа жыл басы, күн мен түннің теңесетін тұсы. Сыр көктемі адамға әсер беретін айрықша мезгіл. Осындайда:
Бұлбұл келіп басталды жыр көктемі,
Қызғалдақпен құлпырды қыр көктемі.
Көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтұғын,
Керемет қой, керемет Сыр көктемі, –
дегің келеді. Қаладағы «Шұғыла» шағын ауданының шырайы көгілдір көктемнің шуақты шұғыласымен ажарлана түскендей. Бұл шағын аудан темір жол торабымен іргелес болғандықтан екеуінің арасында төрт жолақты кең Қожа Ахмет Яссауи көшесі бар. Бұл көше былтыр кеңейтіліп, күрделі жөндеуден өткен болатын. Болат жолдың бойына жарық шамдар мен орындықтар орнатылып, демалыс орнына айналды десе болады. Жағалай тал шыбықтар егілген. Әсіресе, 24, 44, 45-ші көпқабатты үйлердің шығыс жақ беттеріне шағын плиталар төселіп, мрамордан жасалған орындықтар қойылған.
Қаладағы халыққа қызмет көрсететін «Жұлдыз» такси мекемесі осы аудандағы № 44-ші көп қабатты үйде орналасқан. Мекеме басшысы Хамит Ахметов істің көзін білетін білімді де білікті азамат. Компанияның жауапты қызметкерлері Бекзат Ерденов, Расул Шөмекеев, Мирлан Нұрмағамбетов, Асылбек Мұратбаев, Арман Баекеев және оператор жігіттер мен қыз-келіншектер, көлік жүргізуші таксистер халыққа күндіз-түні қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Олар кісіні діттеген жеріне қауіпсіз және уақытылы жеткізуіне аса мән береді. Осыдан жиырма жыл бұрын ашылған «Жұлдыз» жұртшылыққа осылай адал қызмет атқаруда. Мекеменің алды-артына әртүрлі ағаштар отырғызып, жылда ауланы абаттандырумен айналысады. Тазалыққа да аса мән беретін бұл ұжымға тұрғындар да дән риза.
Такси парк ұжымы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін айрықша атап өтті. Он екі қанатты ақ үй тігіп, ұжым мүшелерінің отбасы мен тұрғындарға наурыз көже берді. Басқа да ас мәзірі жасалды. Асық ату, арқан тарту, гір тас көтеру, қол күрес, қой көтеру секілді ұлттық спорт ойынның түрлері көңілді өтті. Жеңімпаздар ақшалай, заттай сыйлықтарға ие болды. Ән шашу, би мен күй мерекенің ажарын аша түсті. Жақсы тілектер айтылып, жиналған жұрт жасалып жатқан сый-құрметке ризашылығын білдірді. Ақсақалдар осы мерекелік іс-шараны ұйымдастырған ұжымға жүрекжарды тілектерін айтып, ақ батасын берді.
Қанжығалы Қазыбек
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!