Осыдан бір ғасыр бұрын, Қызылорда астана болған жылдары қазақ ақын-жазушыларының жарық көрген кітабын төте жазудан аударып, бүгінгі оқырманға жеткізуге маңдай терін төгіп жүрген Жұмабай Байзақ есімі көпке белгілі. Үнемі ізденісте жүретін кейіпкеріміздің ұлт тарихын түгендеуде қосқан үлесі зор. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың домбырасын табуға көмектескені тағы бар. Ел тарихын түгендесек, туған жердің әр тасын сөйлетсек деп жүрген Жұмабай ағамен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Жұмабай аға, Қызылорда астана болған жылдарда Сыр өңіріндегі баспадан шыққан қазақ ақын–жазушыларының, ұлт зиялыларының еңбегін араб қарпінен кириллицаға аударып жүрсіз. Бүгінгі күнге дейін қанша еңбек аудардыңыз?
– Қызылорда облыстық өлкетану музейінде екі жүзге жуық сирек кітаптар қоры бар. Әуелі 1909 жылы Кәкітайдың құрастыруымен Петерборда жарық көрген Абайдың өлең жинағын кирилл әрпіне түсіруден бастадым. Мұнан соң Алтынсариннің «Мактубатын», қазақ балаларына арналған 1899 жылы жарық көрген хрестоматиясын бүгінгі оқырманға жеткізуге жол аштым. Қазір бізге белгісіз болып келген Ақылбек бин Сабалдың екі кітабын, Ахметтің «Омар Қараш» өлеңдерін, Нысанбай жыраудың жинақтарға енген «Хан Кене һәм Наурызбай» жырының қысқаша нұсқасын аударып жатырмын. Қызылорда астана болған жылдары Сыр топырағында қызмет еткен ұлт зиялыларының еңбектерін, атап айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлының төте жазумен жазылған кітаптарын, Бейімбет Майлиннің «Қос қақпан», «Бөліс», «Күлпаш», «Құрақ» атты кітаптарын, Сәкен Сейфуллиннің «Экспресін», «Тарих толқынында», «Ұйым шарты және еңбек шарты», «Жалшы қорғаны», Мадияр-М.Дулатовтың «Шума қандай ауру», С.Мұқанұлының «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы» кітаптарын аудардым.
Қызылорда астана болған жылдары ұлттық мемлекеттік театрының қалай ашылғаны, жалпы театр деген не, ондағы әртістердің өсу жолдары, пьеса қалай жазылу керек деген сұрақтарға жауап беретіндей, жалпы көрерменге арналған Смағұл Садуақастың «Ұлт театры» мақаласы кітап болып шыққан екен. Сол еңбекті оқырманға араб қарпінен аударып, кітап етіп ұсындық. Бір сөзбен айтқанда, бас-аяғы жиырма алты кітап аударылды. Сол заманның бейнесін көрсететін, айына бір рет шығатын «Әйел теңдігі» журналын да бүгінгі оқырманға ұсынып отырмыз.
– Өзіңіз музыка маманысыз. Сізді музыкадан гөрі ғылым, әдебиет, аударма ісі көбірек қызықтыратын сияқты. Қай кезден бері аудармамен шұғылданасыз? Араб тілін қалай үйрендіңіз?
– Аудармаға ден қоюым өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында басталды. Мектепте жұмыс істеп жүрген кезім. Бір күні науқастанып қалып, үш күн үйде жатып қалдым. Қарап жатқанша газет-журнал оқимын. Газет-журнал, кітап жинайтын әдетім бар еді. 1974 жылдан бері шығатын «Біздің Отан», кейін «Шалқар» деп аталған, А.Байтұрсынұлының төте жазуына негізделген араб әрпімен шығатын еларалық апталық газет болатын. Сол газеттің соңғы бетінде «Әліппе сабағы» айдары арқылы оқырмандарға төте жазуды үйретеді екен. Сол арқылы үш күн ішінде араб тілін үйреніп, жүргізіп оқитын дәрежеге жеттім. Кейін ауылда кәсіподақ комиетінің төрағасы болған кезімде ең алғаш наурыз тойын ұйымдастырғанда барлық ұранды араб және кириллица әрпімен жазып, елдің ұлттық дәстүрге деген құрметінің артуына үлес қосқандай болғаным бар.
Үйренем деген адамға қазір мүмкіндік көп қой, шаруашылықта қызмет еткен кезде елге келген өнер, әдебиет майталмандарының үйіме қонақ болып, дастарханнымнан дәм татқандармен болған әр кездесу өз алдына бір мектеп. Әйгілі Сұлтанахмет Қожықов, археолог М.Елеуов, Сәуле Қожықова, Манап Көкенов, Сағи, Мәди Әшімовтермен өткізген әр сағат білген жанға өнеге сабағы сияқты, өмірімнің сәулелі сәттері десем болады.
– Аударма жасаудың қызығы мен шыжығы туралы айтсаңыз…
– Хакім Абайдың: «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп» деген сөз бар. Аударма болсын, қандай бір шығарма жазсаңыз да бұрын жазылған дүниені жаңғыртып, сол заман оқырмандарына жеткізе білу керек. Мен төте жазуды үйренумен шектеліп қалғаным жоқ арнайы ақылы курстар арқылы Құран оқуды үйреніп, бұл бағыттағы білімімді тереңдете түсудемін. Тағы сол Абайдың бір сөзіне жүгінейік. «Есті кісілердің қатарында болғың келсе күніне бір мәрте, жұмасына бір, айына бір өзіңнен есеп ал! Не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күніңді өкінбестей қандай қылықпен өткізіпсің?» дейді. Бұл дүниеде де білім үйренем деген жастарға да бір пайдамыз тисе ғанибет болар еді.
Өткен жылы Серәлі Лапиннің «Переводъ надписей на исторических памятниках города Самарканда» деген 1895 жылы ескі араб тіліндегі орысшаға аударған жазбаларын қазақ тіліне аудардым. Бұл жұмыстың ерекшелігі Әмір Темір мавзолейі мен сол жердегі Шаһи Зинда басқа да тарихи ескерткіштердегі жазбалардың дені Құран сүрелері мен Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с-ның хадистері болғандықтан аударма кезінде мәтіндер Құран мен хадистен ауытқымай жазылуына қатты мән бердім. Ал араб әрпімен жазылған дүниелерді әсіресе қазақ зиялыларының шығармаларын зерттеп оқу әр адамның бойында ұлттық кодтың, ұлттық рухтың оянуына түрткі болатынын аңғарғандаймын. Мәселен, Ахмет әліппесін меңгеру мені ұлт ұстазы туралы зерттеуге тіпті оның туған топырағы Торғайға баруға жетеледі.
– Қызылорда ел астанасы болған кезеңді көп зерттеп жүрсіз. Оның ішінде Қызылорда атауының авторы Қожықов туралы зерттеп жүргеніңізді білеміз. Көпшілік біле бермейтін қандай дерек айтар едіңіз?
– Қызылорда астана болған жылдары ұлттың саяси, мәдени өміріне көптеген жаңалық әкелгенін көзіқарақты оқырман хабардар. «Құтты мекен Қоғалыкөл» атты кітабымда осы өңірдің тумалары Мұңайтпас Лапин, оның ұрпақтары және Қожықовтар жайлы жазылған. Гаспиринский негізін қалаған жәдидтік ілімнің Сыр өңіріндегі алғашқы қарлығашы іспетті мектеп ашқан Мұңайтпас ақсақалдың мектебіндегі ұстаз Қоңырқожа Қожықов та, астананы Қызылордаға көшіру жөніндегі үкіметтік делегация басшыларының бірі Сұлтанбек Қожанов та осы Мұңайтпастың күйеу балалары. Қызылорда атауын Қожановқа ұсынған Қоңырқожа Қожықов пен Ләтипадан қазақ өнерінің алыптары Құлахмет, Нұрахмет, Қожахмет, Сұлтанахмет сияқты ұрпақ тараған.
Қызылорда астана болған кезеңде Сыр өңірінде тұңғыш ұлттық театр ашылды, тұңғыш қазақ жоғарғы білім ордасы Қазақ Оқу Ағарту Институты жұмыс істеді. Онда Сәкен Сейфуллиннен бастап, Ахмет Байтұрсынов, Шонанов, Темірбек Жүргенов сияқты ұлт зиялылары жастарды білім нәрімен сусындатты.
– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туған жеріне барып қайтқаныңызды айтып қалдыңыз. Қандай әсер алып қайттыңыз?
– Ахметтің төте жазуын үйрену, ұлт ұстазының Қызылордадағы қызметі жайлы архив құжаттарымен таныса келіп Ақаңның туған жеріне бару мен үшін ең негізгі мақсатымның бірі еді. Сәті түсіп, 2022 жылы қыркүйек айының 2-і мен 5-сі аралығында «Сырдан Торғайға немесе Ахаңның ізімен» деген жоба аясында жолға шықтық. Мақсатымыз – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық тойына қатысып, ұлт ұстазының туған жерінде бой көтерген кесенесіне зиярат ету, жаңадан салынған музейін көру. Бүкіл қазақ елі ұлт ұстазын ұлықтап жатқан жылы осы дүрмекке үн қосып, топырағына тәу етіп, рухына құран бағыштау болатын. Ашаршылық жылдары Арқадан Сыр бойына ауып келген біздің ата-бабаларымыз да Торғай өңіріндегі Ақкөлдегі Сартүбек, Шошқакөлді мекен еткен, Ахмет әулетімен төскейде малы, төсекте жаны қосылған құдандалы-жекжат жандар.
Торғай өңіріне сапар шегуміздің тағы бір себебі – Сыр өңірі мәңгілік мекені болған ата-бабаларымыздың қорымына атамекенінің топырағын әкеліп салу. Жазушы Әнес Сарайдың бір сөзі бар еді: «Алаштың өзегі – Семей, жұлыны – Жымпиты, табаны – Торғай» деген. Міне, сол өңірді көру – кімнің болса да арманы.
Атамекенге 90-жылдан кейін табанымыз тиіп тұр. Ата-бабаларымыздың мекені – біз үшін де қасиетті жер. Осы өңірдің азаматтары С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» кітабының кейіпкерлері Бүркіт – Сұлтанбек Әбеуұлы, Бәтес – Бәтима Бермағанбетова, Мүсәпір – Мұстафа Көшекұлы жайлы кітапта: «Өзін көрмеген Ақкөлге жеттік. Көлдің жағасында біз төрт-бес күн түнедік. Сонда қайран қалғанымыз – шөптесін жағасында өрген әр түсті балықтар илеудегі құмырсқадай құжынайды. Бұл не деген тегін жатқан, бірақ пайдаға аспай жатқан мол байлық» деп суреттелетін Ақкөлге де жеттік.
Баяғы мол су кеткен соң Алакөлдің айналасы жалаңаштанып, айтақырға айналыпты. Көлдің көлемі кішірейгенімен жұмыссыз қалып, атамекенін қимай тұрақтап қалғандардың нәпақасын айыруға әлі де жарап тұр.
Әуелі Сарытүбектегі Шошақ әулетінің қорымына соғып, қоңсы қос ауыл – Ақкөл мен Ахмет ауылының азаматтары елдік танытып, қаржы жиып Ақтаудың мәрмәр ақ тасынан салдырған кесенесіне зиярат етіп, аруақтарға арнап Құран бағыштадық. Байтұрсынның үйінің орнына салынған музей-үйіне барып, сол жерде бізді күтіп алуға келген аталас бауырлармен табыстық. Осы жерден 40 шақырым жердегі біздің бабаларымыздың атақонысы Шошқакөлге барып, бабамыз Ізбастыұлы Байжан бабамыздың басына, көл жағасындағы жаз жайлауына барып, топырағына аунап жатып, бабалар рухымен қауышқандай күй кештік.
– Сізді Ахмет Байтұрсыновтың домбырасын табуға көмектесті дейді…
– Бұл сапарға аттануымызға себепші болған тағы бір жайтты әңгімелейін. Өркениетті елдерде көненің көзі, тұлғалар тұтынған сынық түймеге дейін қастер тұтып, кейінгіге көрсетудің, жарнамалаудың түрлі жолдарын ұтымды ұйымдастыру ісіне ерекше мән береді. Біздің әр тау, төбеміздің астындағы тұнған тарихымыздың қадіріне әлі жете мән бермейтінімізді жасыра алмаймыз. Ал тарихи тұлғалардан қалған құнды жәдігерлеріміз – жазылмаған хат, аршылмаған ақиқат. Кейінгі ұрпақтың еншісіндегі баға жетпес байлығымыз болуы керек. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аталып өткен айтулы жылда әрбір саналы азамат осындай игі іске үлес қосқысы келеді емес пе? Сол жылдың басында Алматыдағы музей үйінің жетекшісі Райхан Имаханбеттің: «Ахмет Байтұрсынұлының қолы тиген жәдігерлер өте санаулы. Сондай дүниелер болып жатса бізге хабарласыңыздар» деп әлеуметтік желіге жазған хабарламасын оқып, өткен күндердің тарихы көз алдымда тізбектеліп өте бастады.
Әңгімені әріден бастайын. Біздің аталарымыз Сыр бойына 1932 жылғы ашаршылықта келген. Қазіргі Торғай өңіріндегі Жанкелдин ауданындағы Ақкөл маңы – менің әкем Байзақ пен оның бауырларының туған жері, атамекені. Сыр бойындағы қазіргі Қоғалыкөл ауылына арып-ашып жеткен отыз адамнан тұратын көш осы тұстағы Сомтемір деген жерге табан тірейді. Арқадан ауған арғын, қыпшақтарының басын қосып қызыл комиссар Әліби Жанкелдин Қоғалыкөл ауылының негізін құрайтын төрт колхоздың бірі – «Молотов» колхозын құрып, осы жерге топтастырып кетеді. Сол күндердің белгісіндей болып осы Сомтемірде жерленген «Жұрымбайқызы Ақжан Жанкелдин қарындасы» деген белгі қойылыпты. Ал Ә.Жанкелдиннің інісі Томекені бала кезімізде көрдік, ауыл Жанақтың табанында болғанда көрші тұрдық. Ұлт ұстазының өмірбаянымен таныс жандар Ахмет Байтұрсынұлының туған жері Торғай өңірі Ақкөл екенін білетін болар. Біздің аталарымызбен бір жерде туып, бір жердің топырағында аунап өскен жерлес жамағайын жандар. Ал Ахмет Байтұрсынұлы – Арғынның Үмбетейі. Біз шежіре бойынша Арғынның Олжағұл аталығына жатамыз. Осы аталықтың Тұмасының Қойсары, Байдаулет деген екі баласы болған. Байдаулеттің шөбересі Бейістің жары – Ахмет Байтұрсынұлының қарындасы Зиляш. Ал біз Қойсарының алтыншы ұрпағымыз. ҰҚК полковнигі Бәкібай Бейісов әкемізбен тірі кезінде қатысып тұрдық. Бәкібай әкеміздің Меруерт деген қызы қазір Алматыда тұрады.
Райхан Имаханбет ханымның жазбасын оқыған соң мен Алматыдағы қарындасым Луиза Абубакированың қолында Ахмет атамыздың домбырасы барын айтып, Райханға сүйінші хабарды жеткіздім. Сөйтіп, олардың бір-бірімен байланысуына жағдай жасадым. Кейін бұл айтулы оқиға алдымен әлеуметтік желіде, кейін бірнеше газеттерде жарияланды. «Қазақ әдебиеті», газетінің 28 мамыр 2022 жылғы санында тілші Кәусар Құрманбайдың «Ахаңның домбырасы – тәбәрік көріп, тәу етер құнды дүние» деген мақаласында «Енді домбыра Луиза Абубакированың қолына қалай түскен дегенге келейік. Райхан Имаханбеттің бұл орайдағы айтқаны: «Ахмет Байтұрсынұлының Зиляш деген туған қарындасы Бейісов деген кісіге тұрмысқа шыққан. Олардың Бәкібай атты жалғыз ұлы болған. Бәкібай – Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде істеген, чекист. Ахметтің жиені болғаны үшін біраз қудалау көрген. Луиза 1975 жылы оқуға түсуге келгенде туыс ретінде, сол кісілердің үйіне сәлем беруге барған. Айтуынша, Бәкібайдың үйіндегі кітап сөресінде Ахмет Байтұрсынұлының суреті тұрады екен. Бірақ жас қыз Ахметтің кім екенін ол кезде білмейді. Тек былайғы уақытта суреттің беті ашық тұратынын, ал үйге бөтен кісілер келгенде бірден көзден тасаланатынын байқаған. Тағы бірде амандасуға барғанында Бәкібай ағасы: «Мен осыны осынша уақыт сақтап келдім, ендігі жерде сен сақташы» деп, кімдікі екенін айтып, оған домбыраны береді. Сонымен, «Бірақ ол кезде Ахметтің аты да, заты да аталмаған, менің арғы аталарым білсе білер, өзім білген жоқпын ғой, соған онша мән бермеппіз, сөйтіп, бұл домбыраның қадіріне жетпеппіз, ағам айтқаннан кейін сізге әкеліп беруді өзіме парыз санадым», – дейді музейге келген Луиза.
Домбыраны алатын кезде Райхан Имаханбет Ахаңның туыстарын да шақырған екен. Шолпан апайдың қызы Айман, Луизаға домбыраны берген Бәкібай Бейісовтың қызы Меруерт – екеуі де жасы 80-нің үстіндегі кісілер. Барлығы музейде бас қосады. Бірақ Айман апай да, Меруерт апай да аталған домбыра тарихынан хабарсыз болып шығады. Меруерт апайдың әңгімесі «Біздің үйде Ахмет туралы әңгіме болмайтын, үлкен кісілер өзара сыбырласып қана сөйлесетін, бізге Ахаң туралы да, домбыра туралы айтпаған, білмеймін» дегенге саяды.
Ал хабары шыққаннан-ақ құнды жәдігерді асыға күткен мұражай қызметкерлері домбыраны көргенде жылап жіберуге шақ қалады. Бір жағы, қуаныштан, екіншіден, оның кетеуі кеткен күйін көріп көңілі құлазиды. «Ахмет туралы естеліктерде «қызыл домбыра» деп айтылатын. Менің көз алдыма қызыл түсті, үлкен домбыра келген. Мына домбыраны көргенде біртүрлі болып қалдық», – дейді Райхан сол сәттегі көңіл-күйін қалай жеткізерін білмей дағдарып. Ал ұлы ағартушы жөнінде түсірілген фильмде басты рөлде ойнаған актер Байғали Есенәлі домбыраны ұстап көріп: «Ол кездерде осындай 12 пернелі домбыра болған, мынау ойып жасалған екен. Ахаңдікі болуы әбден мүмкін. Анығын мамандар айтады ғой» депті. Бүгінде ұста қалпына келтірген домбыра музейде тұр.
– Ұлт ұстазы туралы да біраз зерттеп іздегеніңіз байқалады…
– Өткен ғасырдың басында ұлты үшін керек барлық игі істердің көшбасшысы болған Ахаң жан-жақты, өте білімді жан болған. Қазақ әдебиеті мен өнерінің жанашыры ретінде ауыз әдебиетінің ән-күй жауһарларын жинап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге өлшеусіз үлес қосқан. Бұл домбырамен қазақ ән-күйін зерттеп, жинақтаған Затаевичке бірнеше өнер туындыларын жаздырғаны жайлы деректер бар.
Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі жайлы бүкіл ел таныс болғандықтан, әңгімені ұзартпай ұлт үшін атқарған шоқтығы биік көрінер бірнеше ісіне тоқтала кетейін. ХІХ ғасырдың аяғынан бастап орыс елінің басындағылар тарапынан қазақ елін отарлауды мақсат тұтқан шоқындыру саясаты жүргізіле бастады. Осы кезде Ахаң араб әліппесін жасап, осы зұлматтың алдын алуға орасан зор еңбек сіңірді. Қандай бір жазу болсын, ол дінмен байланысты. Латын жазуы католик, кирилл жазуы православ, араб жазуы ислам дініне негізделген.
1912 жылы қазақ әліпбиін төте жазуын қолданысқа енгізу үшін «Оқу құралын» жазып қазақ әліппесінің бірінші кітабын шығарды. Сөйтіп, ғасырлар бойы ислам дінімен тығыз жымдасқан салт-дәстүрімізді сақтап қалу үшін өлшеусіз еңбек сіңірді.
1913-1918 жылдары қырғыз-қайсақ атанған жұртының атауын қайта жаңғыртып, «Қазақ» газетін шығарды. Бұл «газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ретінде оқу-ағарту ісіне қалай қызмет еткенін көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Біздің ел азаматтары шеттегі Қытай, Иран, Моңғол еліндегі қандастарымызбен осы араб әрпімен жадидше жазу арқылы ақпарат алмасып отыр. Оған дәлел 1975 жылдан бастап «Біздің Отан» кейін «Шалқар» болып аталған Алматыдан басылып шығатын газеттерді өздігімізше оқып, үйреніп өстік емес пе? 1919 жылы 27 тамызда бүкілресейлік ОАК-нің Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешіміне қарсы шығып, жазған хаты – Қостанай уезін Қазақстан құрамына қайтаруға негіз болған ұлт қайраткері екенінің дәлелі. Халық ағарту комиссары, ағартушы, ғалым, қоғам қайраткері, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының атында оқу орындары, Қостанай әуежайы, ауыл атаулары, көшелер бар екенін жұрт біліп, көріп отыр.
1925-1928 жылдары Қызылордада тұрып, Қазақ халық ағарту институтында қызмет атқарып, ұлт оқу, ағарту жұмысының көшбасшысы болған. Бұл жылдардағы қызметі жайлы облыстық архив қорында көптеген құжат бар. 1928 жылғы 16 наурыздағы халық ағарту институтының отырысының хаттамасында қаралған он мәселенің бірі «Жаңа әліппені оқу бағдарламасына енгізу» жайлы Шонановтың хабарламасына сәйкес қаулы қабылданыпты. Қаулыда жаңа әліппені оқыту үшін жетіспейтін сағаттарды басқа пәндердің есебінен толықтыра отырып, оқытуды міндеттеген. Ал көзіқарақты оқырман Ахаңның Қызылордадағы кезеңдерде «Тіл құралы», «Тіл жұмсар», «Әдебиет танытқыш» кітаптарын баспадан шығарғанын білсе керек-ті. Ал Шонановпен бірге жазған «Оқу құралы» да – осы кезеңдегі ұстаздың ұлт ісіне қосқан зор еңбегінің жемісі.
Бұдан өзге Ахаңның қай курстарда қазақ әдебиеті пәнінен қанша жүктемемен жұмыс жасағаны жайлы мәліметтер де кездеседі. Тіпті СССР географиясы пәнінен де қанша сағат алғанына дейін жазылған. Мемлекеттік қаржыны бақылау контролері Зарихиннің институт мұғалімдерінің, Ахмет Байтұрсынұлының бір рет денсаулығына байланысты, төрт рет өзге де себептермен дәріс бере алмаған кезінде артық төленген қаржыны институт кассасына қайтару жөнінде актісіне дейін қатталған.
Ахаңның Қызылордадағы өмірі жайлы Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова өзінің «Шындық шынары» атты кітабының 127-бетінде «Қызылордаға келісімен орналасқан үйіміз Ерғали Қасымов төренің үйі болатын… Осы үйде біз 1925 жылдан 1929 жылға дейін әкем қамалғанша А.Байтұрсыновтармен бірге тұрғанбыз» деп жазады. Осы кітаптағы Ахаңның сол кездегі бейнесін суреттейтін мына жолдардан зиялы жанның келбеті анық көрініп тұр. «Ахмет ағай ұзын бойлы, ақ сары өңді кісі еді. Қомақты келген мұрнына салған пенснесінің қара жібек бауын оң жақ төс қалтасына алтын түйреуішпен қыстырып қоятын. Қонаққа не институтқа лекция оқуға барғанда сәнді қара костюмін киіп, галстук тағатын. Ахаңды жұмысқа жеңіл фаэтонмен атқосшысы алып баратын. Үйдегі жұмыс кезінде ылғи көк ала, биқасап кең шапан, тақия киетін. Күндізгі төрттерде үйіне келіп, тамағын ішіп, екі сағат тынығатын. Кешкі шайынан соң түн ортасына дейін жұмыс істеп отыратын. Бұл қалыптасқан тәртібін бұлжытпай орындайтын, уақытын бір сағат та бос өткізбейтін. Бұл кісінің жұмысына кедергі келтірмеу үшін жора-жолдастары үйіне орынсыз бара бермейтін. Ахаң шаршаған кезінде, қолына домбырасын алып, қоңыр дауысымен жайлап қана сүйіп салатын әндері «Елім-ай», «Екі жирен», «Қарагөз» болатын. Қазіргі «Қыз Жібек» операсында айтылып жүрген «Қарагөз» ариясы – Ахмет Байтұрсынұлының шығармасы».
1928 жылы Қазақ халық ағарту институты Алматыға көшірілгенде Ахаң да осы оқу орнымен бірге көшеді. 1929 жылы 2-маусымда Қызылордада өтетін әдебиетшілер жиналысына шақырылып, тұтқындалған.
Орыстың отарлау саясаты белең ала бастағанда оған қарсы тұрар жалғыз жол орыстың оқуы мен білімін меңгеру екенін түсінген Ы.Алтынсарин Ырғызда, Торғайда мектеп ашып, жастардың білім алуына сіңірген өлшеусіз еңбегінің ұшқыны осы Торғай өңірінде ерекше қарқын алды. Міржақып, «Оян қазақ» деп ұрандаса, Ақаң «Маса» болып ұйықтап жатқан елді оқуға, заманына лайық кәсіпке үндеді. Олардан тараған білім бүкіл қазақ даласына жетіп жатты. Сол кезеңде білім алған ұлт зиялылары арқасында ілім білім, әдебиет, мәдениет қайраткерлерінің жарқырай көрінгеніне кәрі тарих куә. Бір әттең-айы, енді қарқын алып келе жатқанында алаулаған отты кеңестік жүйенің озбыр саясаты тұншықтырып тастауы еді. Осы ағарту ісінің басында тұрған Ақаңа құрмет көрсету біздің борышымыз деп білемін. Ырғыз арқылы ел-жер көріп Ақаң тойына барамыз деген үш күндік сапарымыз Ақаңның атамекеніндегі ата-бабалар қорымына, қайта салынған музей үйін көріп, салынған кесенесіне зиярат етумен ғана шектелді. Ақкөлден алты жүз шақырым жердегі өрттің кесірінен Ақаңның ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуге тиіс тойы да өтпей қалды.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!