Сенбі, 28 желтоқсан, 09:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жылудың жайын жазда ойла

24.08.2024

567 0

Әне-міне дегенше, күнтізбе парағы күздің келіп қалғанын байқатады. Ауа райы да қысқа қам жасау керегін меңзей түскендей. Осы аптада Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қысқа дайындық барысы пысықталды. Жайбарақаттықты жазға қалдырып, етек-жеңді жинайтын уақыт келді. Жылу беру маусымы басталған сәтте бәрі де сақадай сай болу қажет. Салғырттықты қыс мінезі кешірмейді. Үкімет басшысының тапсырмасы осыған саяды.

Энергетика министрлігінің дерегіне сүйенсек, биыл республика бойынша 10 энергоблокты, 55 қазандықты, 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінде 1 энергоблок, 28 қазандық, 22 турбинада жөндеу жұмысы жүріп жатса, 4 энергоблокта, 21 қазандықта, 17 турбинада жөндеу аяқталған. Сондай-ақ 13,4 мың км электр беру желісі, 277 қосалқы станса, 2292 тарату пункті жөнделген.
Үкімет отырысында елдегі әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің жылу маусымына дайындық барысы туралы айтылды. Кейбір өңірлердің дайындығы әлсіз болып шықты. Бір атап айтарлығы, бұл мәселеде Сыр өңірінің аты аталмады. Дегенмен қай өңірде болсын, жылу маусымына дайындық жұмысын ширату қажеттігі айтылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев әкімдіктерге бірнеше міндет жүктелгенін атап өтті. Атап айтқанда, аймақтарда қыркүйек айының соңына дейін жылу желілерін жөндеу жұмысын толық аяқтау, 1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының толық дайындығын қамтамасыз етіп, 15 қазанға дейін денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй қоры объектілерінің дайындығын қамтамасыз ету; халықтың және коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірді алдын ала дайындауы бойынша медиа-жоспар әзірлеу және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз ету; темір жол тұйықтары мен қоймаларында көмір қорларының жинақталуын қамтамасыз ету; бекітілген кестеге сәйкес көмірді тиеп-жөнелтуге өңірлік операторлардан ай сайынғы өтінімдермен көмір кеніштерін қамтамасыз ету міндеті тұр.
Қысқа дайындық жайын айтқанда отын қорының болуы аса маңызды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, энергия көздерінің отын қоймаларында 3,7 млн тонна көмір және 90 мың тонна мазут жинақталған. Жылыту маусымы үшін нормадан төмен отын қоры 4 станса бойынша анықталған. Үкімет басшысы конкурстық рәсімдердің кеш өткізілуіне байланысты стансаларда отын қорын қатамасыз ету мәселелері бар екенін атап өтті. Үкімет басшысы логистиканы, қауырт жұмыс барысында туындайтын цистерна мен вагон тапшылығын және басқа мәселелерді ескергенде мазут пен көмір қоры уақытылы дайындалатынына сену қиын екенін білдірді. Көлік министрі Марат Қарабаевтың мәліметінше, алдағы жылу маусымына дайындық басталғалы бері темір жол арқылы 17 млн тонна көмір тасымалданғаны, оның 1 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық секторға, 16 млн тоннасы энергетика кәсіпорындарына бағытталған. Тасымалдауға 20 мыңнан астам жартылай вагон, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық көмірді тасымалдау үшін 11 мың және энергетика секторы үшін 9 мың вагон тартылған.
– Өнеркәсіп және құрылыс, көлік министрліктеріне көмір мен мазут жеткізу бойынша Қазақстан темір жолының және өңірлердің міндеттемелерін орындау мәселелерін қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын. Көлік министрлігі, Қазақстан темір жолы, және өңірлердің әкімдіктері бекітілген кестеге сәйкес коммуналдық-тұрмыстық көмір мен мазут көлемін уақытылы жеткізу бойынша шаралар қабылдасын. Әлеуметтік көмірді бизнес субъектілеріне сатуға жол беруге болмайды. Бұл көмір халыққа арналған, – деді Үкімет басшысы.
Жылу маусымына дайындық жұмысын ширату мақсатында Үкіметте жедел штаб құрылатын болды.
Ал өңірде жылу маусымына дайындық жайы қалай? Үкімет отырысынан кейін облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте қысқа дайындық жайы пысықталды.
Бүгінде облыста жергілікті бюджет есебінен 2 газотурбиналық қондырғының генераторы мен 11 қазандыққа күрделі жөндеу, 1 турбина мен 15 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Жұмыс 80 пайызға орындалған. Жаңғырту жұмысы жоспарланған 9,5 шақырым жылу желісінің 4,2 шақырымына жаңғырту жұмысы жүргізілсе, 741 шақырым электр желісі мен 127 қосалқы станцияға күрделі жөндеу, 45 шақырым электр желісі мен 48 трансформаторға ағымдағы жөндеу жүргізілуде екен. Өңірде 1067 әлеуметтік нысанның жылу беру маусымына дайындығы – 85 пайыз. Алдағы жылу беру маусымына 193 мың тонна көмір қажет. Оның ішінде тұрғындарға 165 мың тонна, әлеуметтік нысандар үшін 28 мың тонна көмір қажет. Бүгінде аймақтағы көмір қоймаларында 32 мың тонна көмір қоры бар екені де мәжілісте атап айтылды.
– Жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының дер кезінде жүргізілуі өте маңызды. Үкімет барынша қолдау көрсетіп, сұратылған қаржыны бөлді. Биыл жылу көздері мен желілерін жаңғыртуға республикалық және жергілікті бюджеттен 12 млрд теңге қаржы бағытталды. Оны тиімді игеріп, жұмысты уақытылы, сапалы жүргізу қажет. Алдағы жылу беру маусымында ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Биыл 11 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газға ауыстыруға 410 млн теңге бөлінді. Мамыр айында 9 нысанның қазандығына 303 млн теңге берілген болатын. Қазалы, Жалағаш және Сырдария аудандарының әкімдеріне бюджеттік бағдарлама әкімшілерімен бірлесіп, осы жұмысты 30 тамызға дейін аяқтауды тапсырамын. Білім беру нысандарының күрделі жөндеу жұмыстарын да 30 тамызға дейін аяқтаңыздар. Сондай-ақ КСК-сы жоқ тұрғын үйлерде еш мәселе туындамауы тиіс. Бүгінде өңірімізде газдандыру қарқыны жақсы. Дегенмен елді мекендердің негізгі бөлігі әлі де көмір пайдаланады. Облыс тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету өзекті мәселе екені белгілі, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Мәжілісте қала және аудан әкімдеріне, бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне, коммуналдық кәсіпорын басшыларына әлеуметтік нысандарда жоспарланған күрделі жөндеу, қазандықтарды қайта жаңғырту жұмыстарын бақылауға алу жүктелді. Сондай-ақ халықты және әлеуметтік нысандарды қатты және сұйық отынмен қамтамасыз ету міндеттеліп, «Қызылорда жылу электр орталығының» қазандықтары мен желілеріндегі жөндеу жұмыстарын 1 қазанға дейін аяқтау тапсырылды. Ал сол жағалаудағы қазандықтың жұмысын аяқтау үшін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу керек. Қала орталығындағы 1022 тұрғын үйдің 808-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қалғаны автономды модульді бу қазандықтары арқылы жылытылады. Жылу беру орталықтарына қажетті резервтік 4761 тонна мазут отыны дайын, ал газ желісіне қосылмаған жеке секторлар мен ауылдарды қамтуға қатты отын қоры жасақталуда. Бүгінде 5,1 шақырым кварталаралық жылу құбырларын жөндеу жұмысы жүргізілуде. Оның 67 пайызы орындалған.
Сала мамандары биыл өңірде көмір тапшылығы болмайды деп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда бағада да айырмашылық жоқ екен. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Ізмағамбетов БАҚ өкілдеріне берген брифингте айтты.
– Бүгінге дейін облысқа 18,6 мың тонна көмір жеткізілді. Бұл жалпы қажетті қатты отынның 9,6 пайызын құрайды. Қазіргі таңда қала және аудандардағы көмір қоймаларында нақты 27 мың тонна көмір қоры бар. Облыс көлемінде 26 өңірлік оператор жұмыс істеуде. Көмірдің негізгі көлемі тамыз-қараша айларында жеткізілмек. Жалпы, көмір жетіспеушілігі деген мәселе жоқ. Сонымен қатар тұрғындарды қатты отынмен қамтамасыз ету мақсатында көмірдің бағасы мен қоймалардағы нақты көмір қоры, мекенжайы бойынша ақпараттандыру жұмысы жүргізілуде, – дейді Бауыржан Нұрланұлы.
Ал сала мамандарының мәліметінше, өңірде жылу маусымына дайындық жүйелі жүргізілуде. Облыстағы 1067 әлеуметтік нысанның 90 пайызы жылу беру маусымына сақадай сай. Ал жылу желілерін жаңғырту бойынша жүзеге асырылып жатқан 6 жоба қыркүйек айының ортасына дейін аяқталмақ.
– Бүгінде жылу желілерін жаңғырту бойынша 9,5 шақырым жылу желісінің 5,7 шақырымына жөндеу жүргізіліп, жұмыс 60 пайызға орындалды. Одан бөлек, биыл өңірдегі 741 шақырым электр желілері мен 127 дана қосалқы станцияға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және 45 шақырым электр желісі мен 48 дана трансформатор жөндеуден өтеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар жалпы облыс бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 888 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде Қызылорда қаласында 808 тұрғын үй, Қазалы ауданында 80 тұрғын үй. Қазіргі таңда 17 жоба бойынша 186 көппәтерлі тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтау желілерін салу үшін тиісті қаржы бөлінді. Жоба бойынша қаламыздағы оңтүстік қазандық пен автономдық қазандықтар арқылы жылытатын үйлер, яғни қаланың оңтүстік және орталық бөліктері, Шұғыла, Сырдария, Сол жағалау шағын аудандары және Тәуелсіздік, Бейбарыс көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су жүйесі жүргізілуде. Орталықтандырылған ыстық сумен қамту арқылы жыл бойы электр қуатының жүктемесі төмендеп, электр энергиясына кететін шығын азаяды және өжірелердің барлық инженерлік желілері жаңаланатын болады, – дейді облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Тахир Қуанышбекұлы.
Сондай-ақ жылу электр орталығында тиісті жөндеу жұмыстары жалғасуда. Мамандар пікірінше, қысқа дайындық жұмысы қарқынды.
– «Қызылорда жылу электр орталығының» «Боно энерджи» маркалы үш бу қазандығын жаңғыртуға бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Қазіргі таңда мердігер мекеме анықталып, қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс берілді. «Қызылорда жылу электр орталығында» алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, орталықтың №3 газотурбиналық қондырғысы мен генераторы Ресейдің Тамбов қаласындағы зауытта жөндеуден өтуде. Одан басқа, №1 газотурбиналық қондырғының генераторына, 11 қазандықтарға күрделі жөндеу, 1 турбина мен 15 қазандыққа жөндеу жүргізілуде. Қазіргі таңда жұмыстар 85 пайызға орындалды, – дейді «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК директорының орынбасары Наурыз Сатханов.

Гүлмира Ділдәбекова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: