Елімізде жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер көбеюде. Әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заң бұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселеге айналды. Отбасындағы жанжалдың кесірінен ана мен бала өміріне қауіп төнген жағдайлар жиі кездесуде. Бұл жөнінде ақпарат құралдарынан естіп те, көріп те жүрміз. Сондықтан да бұл мәселеге қоғам алаңдаулы. Әлеуметтік желіні ашсақ, отбасындағы ұрыс-керістің кесірінен жағымсыз жайтқа тап болғандар жиілеп кетті. Сондықтан да отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Осы орайда отбасындағы әйелдер мен балалардың тұрмыстағы зорлық-зомбылығына қарсы елімізде нақты шаралар қолға алына бастады.
– Елімізде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн акциясы» өтіп жатыр. Акцияның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жолын кесу. Сонымен қатар қоғамда отбасының рөлін нығайту. Зорлық-зомбылық жасауға бейім адамдармен жеке профилактикалық жұмысты жүзеге асыру, азаматтардың полицияға деген сенімін арттыру, – деді «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Облыстық ІІД Жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Рауан Альдешовтің сөзіне сүйенсек, зорлық-зомбылық мәселесі бойынша полицияға келіп түсетін шағымдар мен қоңыраулардың саны кейінгі кезде төмендеген.
– «Зорлық-зомбылық – қоғамның немесе бір мемлекеттің ғана емес, бүкіл әлем елдерінің басты мәселесіне айналған сұрақ. Себебі отбасында жасалатын зорлық-зомбылық қоғам мен жеке адамның қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері үшін құқық бұзушыларға жаза бірнеше рет қатаңдатылды. Қазір полиция жәбірленушінің арызынсыз құқық бұзушылықтың жасалу фактісі бойынша әкімшілік іс қозғайды. Сотта татуласуға бір-ақ рет мүмкіндік бар. Сондай-ақ сот шешімімен берілетін жазалардың санкциясы 5 тәуліктен 25 тәулікке дейін ұзартылды, – дейді Рауан Қырымұлы.
Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ибраева соңғы жылдар ішінде осы салада заңнамалық өзгерістерден бөлек, басқа да бірқатар шаралар іске асырылғанын айтып өтті.
– «Неке және отбасы» кодексіне сәйкес жергілікті жерлерде отбасын қолдау орталықтарын ашу туралы нормалары мен қызметін жүзеге асыру қағидалары бекітілді. Бұл орталық облыс әкімінің қолдауымен 2023 жылы Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен барлық аудандарда ашылып, өз қызметін көрсетуде. Орталықтар отбасының цифрлық картасы негізінде дағдарыс жағдайындағы отбасыларды қолайлы санаттарға ауыстыру бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда. Жыл басынан бері 6 мыңға жуық адамға түрлі бағыттағы қолдау көрсетілді, – дейді Айгүл Болатқызы.
Облыс орталығында 2017 жылдан бері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін «Қамқорлық» орталығы жұмыс істейді.
– Осы 16 күн ішінде әйелдерге және балаларға қатысты қысымды болдырмаудың жолын іздеп, отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған, мемлекеттің қабылдап жатқан шаралары туралы халыққа кеңінен хабардар ету мақсатында жергілікті тұрғындарға кеңінен түсіндіріледі. «Қамқорлық» орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолданыстағы стандартқа сәйкес орталықта 8 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Тоқсан сайын орталықтан қызмет алушыларға және қызмет алып шыққандарға мониторинг жасалады. Жыл басынан бері 184 адам қызмет алған. Қазір орталықта 8 ана, 29 бала барлығы 37 адам бар, – деді орталық директоры Жандос Тұсмағамбетов.
Бұл акция бүкіл қоғамның белсенді қатысуын талап етеді. Әр азамат зорлық-зомбылықты болдырмауға үлес қоса алады. Зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет – әр адамның міндеті. Осы 16 күн ішінде әйелдер мен балалардың қауіпсіз болашағы үшін күш біріктіруге ұйымдастырылған. Сонымен қатар бұл орталық тек 16 күннің ішінде емес, әр күні халыққа көмек көрсетуге дайын екенін ұмытпаған жөн.
Әрбір ата-ана баланың өсіп-өнуіне, тәрбиесіне жауапты. «Баланың теріс қылықтары отбасындағы зорлық-зомбылықты көріп өскеннен басталады», – дейді мамандар. Көбінесе тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбаны әйелдер мен балалар болатыны белгілі. Ал мұндай жағдай балаға кері әсерін тигізетіні анық. Адам өмірі, құқығы мен бостандығы ең басты құндылық болып саналады. Сондықтан бір-бірімізге зиян тигізбей тыныш қоғамда бақытты өмір сүргенге не жетсін?
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!