Бейсенбі, 09 мамыр, 02:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Әлімжан Әбсадықов, күйші: «Жеті жасымнан домбыра тарттым»

02.07.2022

1181 0

Өнердің сан салалы тармағының бірі – күйшілік. Күйді түсінген бөлек, тарту басқа. Сыр өңірінде жыршылық дәстүрмен бірге біте қайнаған күйшілік үрдіс бар. Осынау алып өнердің тінін тарқатып, тілін ұғысатын талантты өкілдің бірі белгілі күйші – Әлімжан Әбсадықов. Руханият жаршысымен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.

Әлімжан Нағызханұлы, 2018 жылдан бастап шілденің бірінші жексенбісіДомбыра күні болып аталып келеді. Қаншама жастар думанды кешке белсенді атсалысады. Осы жолға бет бұрған талантты жастарға ұсынысыңыз немесе кеңесіңіз бар ма?

– Осы іс шараға жыл сайын орталық алаңда, «Сыр сүлейлері» аллеясында, саябақтарда өнер мектебінің оқушылары мен колледж сту­денттері белсенді қатысып тұрады. Мұндай маңызды шараға қатысып жүрген өнер өкілдерін нағыз таланттар деп бағалауға болады. Алғаш қалыптасу деңгейі өнер мектебінен басталған жас өскіндердің өзі осы шараға ықылас танытып тұрады. Демек бұл шараның негізгі діңгегі өнер жұлдыздарын тәрбиелеу деп айтар едім. Жастарға айтар кеңесім қандай жағдайда да қазақтың қасиетті қара домбырасын қолынан тастамасын. Өйткені оның қоңыр үнінде тарихы­мыздың таңбасы, бабалар үні жатыр.

Қанша жасыңыздан домбыра тартуды бастадыңыз?

– Домбыра тартуды жеті жасымнан бастадым. Яғни, бірінші сыныпқа барған кезімнен осыған ықыласым ауды. Бір күні үйге студент Мұратбек деген ағам гитара алып келді. Сол гитараның бір ішегінде Қазақ радиосынан естіп жүрген «Ақбұлақ» әнін теріп ойнап жүргенімді әкем көріп, маған домбыра жасатып әкеп берді. Содан домбырада басқа әуендердің нотасын теріп үйрене бастадым. Үшінші сыныпты бітір­генімде сыныптасым Қайрат Молдағалиев екеу­міз Ескендір Хасанғалиевтің «Бозторғай» әнін орын­даған едік. Сол жылы мектебімізге музы­калық училише директоры, белгілі ұстаз Есен Көшербаев келіп, музыка мектебіне балалар қабылдайтынын жеткізді. Содан үйір­меге жазы­лып, білім алдық. Бұл – 1978 жыл болатын. Бір жыл училише жанынан құрылған музыка мекте­бінде оқып, содан соң қаладағы №1 музыка мек­тебіне ауыстым. Сонда бес жыл білім алдым. 1984 жылы Қызылорда музыкалық училишесіне құжат тапсырып, студент атандым. Міне, содан бері домбыраны жанымнан бір елі тастаған емеспін.

– Қанша күй тартасыз?

– Нақты қанша екенін санамаппын. Қазақта күй қоры 5 мыңнан асады деген зерт­теуші ғалым­дар дерегі бар. Оның бәрін білу мүмкін емес әрине. Соның ішінен 150 күй тартсам аз емес деп ойлаймын.

– Қазіргі таңда «Домбыра пати» ұйым­дастырылып жүргенін білесіз. Онда жас­тар саябақтарда жиналып, күй тартып, ән шырқайды. Күйші ретінде осы шараға көз­қарасыңыз…

– «Домбыра-пати» шараларды әр кезде әр­түрлі деңгейде ұйымдастырып жүр. Кәсіби білімі бар жастар күй тартып, өнерлерін паш етіп жатады. Бұл төл өнерімізді дәріптеудің бір жолы деп есептеймін.

– Құпия болмаса күй орындаушылары­ның табысы қандай?

– Құпия ештеңесі жоқ. Мемлекеттік мекеме­лерде жұмыс істейміз. Еңбек және білім беру заң­на­маларының нормаларына сәйкес жалақы төленеді.

– Арманыңыз қандай?

– «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» дей­ді. Ол рас сөз. Адамның жасына сай әр кезең­де әртүрлі арманы болады. Десек те тәуелсіз елі­мізде әрбір қазақтың шаңырағының төрінде домбыра ілініп тұрса деп тілеймін.

– Ең алғаш қандай байқауда жеңімпаз атандыңыз?

– 1983 жылы қалалық музыка мектебінің халық аспаптар оркестрі құрамында республикалық «Өнерге қанат қаққандар» телефестивалінің жеңімпазы атандым. Жеке домбырашы ретінде 1987 жылы Алматы қаласында өткен 37-ші рес­публикалық жас орындаушылар конкурсында екінші орын иеленіп, лауреат атанғанмын. Одан кейін талай мәрте жеңімпаз атандық. Дегенмен алғашқы жеңіс көңілге қуаныш ұялатады екен.

– Ел арасында домбыраның қоңыр үні жоғалып барады деген арагідік пікір естіп қаламыз. Бұл жастарға қатысты ма, әлде кәсіби домбырашыларда да бар дерт пе?

– Бұл – дерт емес. Қазіргі таңда домбыраны арқалап, бір оқудан екінші оқу оқып, конкурс­тан – конкурсқа қатысып жүрген жастарымыз көп. Сол домбыраның қоңыр үнін күмбірлететін сахнаның аздығы деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлігі, ел ішінде қойылып жүрген әрбір мерекелік кон­цертте міндетті түрде күй орындалуы керек. Міне, сол кезде сіз бен біз айтып отырған дом­быраның қоңыр дауысы ел санасына сіңісті болады.

– Күйдің тарихты ел жадында қал­дырудағы рөлі қандай?

– Қазақтың күйі қазақтың әр кезеңдегі тари­хын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын көңіл-күйін бейнелеп, суреттеп отырған. Қазіргі таңда кон­церттер уақыт талабына сай асығыс өткізі­леді. Күйдің тарихын айтып, көрермен халықты дайындап алып тартылған күй түсінікті де қонымды болады.

– Күйшілер бұрын таңнан-таңға ұрып күй жарыстыратын. Сол үрдіс қазіргі жас күйшілерде бар ма?

– Бұрынғының таңнан-таңға күй жарыстыратын үрдісі бүгінгінің әртүрлі деңгейдегі конкурстары. Жас домбырашылар кезең-кезеңімен бірнеше өңірдің күйлерін шебер орындап, күй тартыс дәс­түрінде бақ сынап, тәжірибелерін жетілдіріп келеді. Ұрпақ сабақтастығы деген осы болса керек. Өнер мен тарих, әдебиет пен мәдениет бар жерде дәуір тынысы саналатын өнер сабақтастығы жасай бермек.

– Шәкірттеріңіз бар шығар?

– Бұған дейін толысқан тәжірибем мен алған білімімді өзімнен кейінгі жастарға үйретуді борышым санаймын. Сол себепті жастарға бағыт беріп, білгеніммен бөлісіп келемін. Елімізге белгілі «Құрманғазы», «Отырар сазы» оркестрінде және жоғары оқу орындары мен колледждерде қызмет жасап жүрген шәкірттерім бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Т.ШАЙДУЛЛАҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: