Жұма, 22 қараша, 23:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Алтын тіннің жалғасындай болған жыраулық дәстүр

29.10.2022

1063 0

Алтай мен Атыраудың арасын жайлаған осынау ұлы далада батыр түгіл ханның өзін бір ауыз сөзімен тоқтатқан небір жыраулар өткен. Қазақ хандығының бастауында Керей мен Жәнібек хандар тұрса, оларға ақылшы болған, жөн сілтеген Асан қайғы, Қазтуған секілді сол кездің аса дарынды тұлғалары екені тарихтан белгілі.

Хандық  дәуір әдебиетінде Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет, Марғасқа  Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқарадай жыраулардың  сайын даланы мекендеген халықтың болашағы үшін жан алыса күрескені айтылады. Жыраулық поэзияның көрнекті өкілі ретінде Бұхар бабамызды айтып өтуге болады. Үш жүздің басын біріктірген хан Абылайға кеңесші болған Бұхар жырау елдік пен бірлікті, батырлық пен өрлікті жырлаған жан. Одан кейін тарих бетіне Махамбет, Шернияз, Нысанбай, Құрманай Төремұрат, Доғалақ, Сүйінбай, Дулат, Шортанбай, Мұрат Мөңке, Әбубәкір, Абыл, Нұрым, Қашаған, Базар сынды жыраулар шықты. Ізгі өнер Тұрмағамбет, Дүр Оңғар, Тұрымбет, Жиенбайдай өнер иелері арқылы бүгінге жетті.

Осы тұста сөз арнасын Сыр өңіріндегі жыраулық дәстүрге бұрғанды жөн көріп отырмыз. Өйткені тарихы тереңнен тамыр тартқан өлкеде бұл  өнерді ұстаушылар, шәкірт тәрбиелеп кейінгіге мұра етушілер әлі де бар. Бір кездері Тұрмағамбет, Базар жыраулар салып кеткен сара жол Жиенбай, Рүстембек, Нартай, Балқашбай, Көшеней Рүстембеков, Қуандық Бүрлібаев, Шәмшат Төлепова, Алмас Алматов, Рысбек Әшімов, Бидас Рүстембековтер арқылы жалғасты.

Қазір Сыр бойында  Жиенбай, Нұртуған, Нартай мақамдарына негізделген жыраулық өнердің бірнеше мектебі бар.

Жиенбай жырау мектебі Қармақшы өңіріне тән болса, Нартай мектебі Шиелі жерінен бастау алады. Қармақшы жыраулық дәстүріндегі негізгі ерекшелік ретінде дауыстың немесе ондағы мақам саздың көмейден шығатынын айтып өтуге болады. Аңдаған адамға дыбыстың қарлығыңқы, қою болып шығатыны бірден көзге ұрып тұр. Бұл мектептің негізгі өкілдері ретінде Жиенбай, Рүстембек, Әбділдә, Балхашбай, Мұзарап, Көшеней, Бидас, Алмастай жырауларды атап өтуге болады. Ары қарай бұл тізім Серік Жақсығұлов, Руслан Ахметов, Ұлжан Байбосынова, Күнсұлу Түрікпен болып кете береді.

Шиелі жерінен бастау алатын Нартай  мектебі Арзулла Молжігітов, Әбіләш Әбуовтер арқылы қанат жайды. Бұл өнерді ары қарай Құрменбек Бекпейісов жалғады. Ақын Кенжебай Жүсіп айтыстарда Нартай мақамдарын қолданды. Арзулланың тікелей шәкірті болған Рахметулла Жолтаевты да айтып өткен абзал. Бүгінде Шиелі ауданының орталығында Нартай өнер мектебі жұмыс жасайды. Онда осы өлкеден шыққан көптеген ақын-жыраулардың өлеңдері жастарға үйретілуде.

Біз әңгіме арқауына айналдырған өнер иелерінің әрбірі келешекке ғибрат боларлық саналы жолды жүріп өткен. Жыраулық өнердің әдебиеттің ажырамас бөлігі екені белгілі. Осыдан-ақ рухани жаңғырудың әдебиеттен нәр алатынын көруге болады.

Сүйінбай ЖҰМАДІЛДӘЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: