Сұлу Сырдың жұлдызды өнер керуені елордаға жол тартып, астаналықтардың ыстық ықыласына бөленіп қайтты.
Мәдениет пен өнер мерекесінің шымылдығы Астана қалалық Жастар театры сахнасында Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының «Жәмилә» драмасымен ашылды.
Қырғызстанның халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың бұл драмасында жас әйелдің нәубетке толы махаббаты айшықталады. Басты кейіпкер Жәмилә арқылы қоғамдағы сол кезеңдегі әйелдердің сынаққа толы образы бейнеленеді.
Елордалық тұрғындар мен мәртебелі меймандар Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртістері сахналаған қойылымға зор қошеметпен қол соқты.
Елордадағы Қызылорда облысының өнер күндерінің екінші күнінде мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдығы аясында Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спектаклі сахналанды. Бұл спектакль көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің қиындыққа толы тағдырынан сыр шертеді.
Сыр өңірінің өнер күндері «Бейбітшілік және келісім сарайында» Астана қаласының 25 жылдығына арналған «Сұлу Сырдан Ару Астанаға» атты Қызылорда облысы өнер шеберлерінің гала концертімен қорытындыланды.
Астана халқы ең алдымен «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрмемен танысты. Көрмеге аймақтың жетістігі мен әлеуметтік-экономикалық дамуын суреттейтін құнды экспонаттар қойылған. «Шірік-Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» мүсіндері, айтыс өнерінің ақтаңгері Мұхтар Ниязовқа берілген «Алтын домбыра» және өзге де жәдігерлерді тамашалады.
Сыры мен сипаты ерекше жәдігерлерді көруге ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қырымбек Көшербаев, Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері арнайы келді.
Астанадағы өнер мерекесінің гала концертінде Сыр бойынан шыққан танымал эстрада жұлдыздары Жеңіс Сейдоллаұлы, Елена Әбдіхалықова, Жеңіс Ысқақова, Мәдина Сәдуақасова, Ғалымжан Нарымбетов, Құралай Мейрамбек ән шырқаса Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрі, симфония оркестрі, «Сыр самалы» вокалды-аспапты, «Томирис» би ансамбльдері, Сыр өңіріндегі жыраулық мектеп өкілдері өнер көрсетіп, елордалықтарды қуанышқа бөледі.
Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі Арал ауданының тумасы, күйші, композитор Мұрат Сыдықовтың «Батыр баба» күйін орындады. Экранда шежірелі өңірде тарихи төрт астананың болғандығын баяндайтын бейнетуынды көрсетілді.
Нұртуған жыр мектебінің өкілі Шолпан Биімбетова, Жиенбай жыр мектебінің өкілдері Руслан Ахметов, Күнсұлу Түрікпен, Нұрай Ерталапқызы, Майра Сәрсенбаева, Ақмарал Ноғайбаева және Марат Сүгірбай, бала жырау Нөсер Айдосұлы жырдан шашу шашты.
Қылқобызшылар Қорқыттың «Қоңыр» күйін орындаса, әнші, «Қазақстан дауысы» мега жобасының және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Құралай Мейрамбек жергілікті ақын Оңталап Нұрмахановтың сөзіне жазылған Рамазан Таймановтың «Қорқыт-қобыз» әнін орындады.
Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі мен симфония оркестрі әлем классиктері мен қазақ композиторларының шығармасын орындап, өнердің құдіретті сазымен көпшілікті тәнті етсе, концерттің классикалық бөлімінде Мағжан Аманжолов, Мақсат Мақұлбеков, Ақылбек Табынбаев, Сымбат Тасбергенова және жерлестеріміз Бибігүл Жанұзақ, Ұлпан Әбдікәрімова, Алмат Изманбетов, Асхат Бөлебай классикалық шығармаларды шарықтата шырқады.
Сыр елінің тумасы Ғалымжан Нарымбетов симфония оркестрінің сүйемелдеуімен француз композиторының туындысын орындаса, «Сыр сандуғаштары» балалар тобы Ринат Гайсиннің «Астана» әнін төгілте орындады.
Ұлттық дәстүр мен классиканы, эстраданы ұштастырған, ерекше көңіл-күй сыйлаған сырбойылық өнерпаздарға Астана халқы ерекше қошеметпен қол соғып, құрмет көрсетті.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!