Сенбі, 20 сәуiр, 03:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Домбыра жасау кәсіп емес, өнер

14.01.2023

798 0

Тарихтан тағылым алып, оны өмір өзегіне айналдырған ісмер адамдар қоғамымызда көптеп кездеседі. Барын бағалап, жақсысын жарастырып жүрген жандар жайлы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Ондағы басты мақсат – жастарды еңбекқорлыққа, төзімділікке баули отырып, еңбек адамдарын насихаттау.

Байырғы ата-бабаларымыз ағаш, сүйектер­ден түрлі бұйымдар жасап, оны тұрмыстық қолданыста кеңінен қолданып отырған. Осындай он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері – Ақбүркіт Жауынғаров.

Халқымызда «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген нақыл сөз бар. Ақбүркіт бала кезінен әкесінің қасында қолғанаты болып көмектесіп жүріп, тәлімін бойына сіңіріп өседі. Ержете келе ағаш жонуға деген қызығушылығы артып, ұсталық өнер өмір өзегіне айналады. Ұсталық қасиет ордалы отбасындағы алты ағайындының ішінде үйдің кенже баласы Ақбүркітке қонған. Міне, біздің мақала­мызға өзек болған шебердің өзіндік өмір жолы атадан балаға мұра болған ізгі үрдісі көпке үлгі-өнеге. Өнердің қай түрін болсын көздің қарашығындай қастерлеп ұстай білсе ол мәңгілік өміршеңдігін жоғалтпайды. Айлар алмасып, жылдар жалғасады. Алайда ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қазақы тәлім-тәрбие секілді бояуы қанық табиғи дүниелер ғана ғасырлар мен дәуірлерге иек артып, мәңгілік елмен бірге жасай бермек.

– «Еңбектің көзін тапқан, берекенің өзін табады» деп халқымыз тегін айтпаса керек. Әр адам қандай іспен айналысса соның жемісін жейді. «Еңбек ер атандырады» деген емес пе. Оның ішінде қолөнер ісі аса шыдамдылық пен терең талғампаздықты қажет етеді. Бір домбыра бағасы 45 мың көлемінде сатылуда.

Домбыра жасау менің бала кезімдегі қызы­ғушылығымнан бас­талып, өмірлік кәсібіме айналды. Әкем заманында ағаш ұстасы атанған. Тұтынған құрал-жабдықтары әлі күнге сақтаулы. Оны көненің көзіндей мұқият ұстап, қажетіме қарай пайдаланамын. Адам қандай іспен айналысса да жан жүрегімен, шынайы көңіл қалауымен атқаруы керек. 2017 жылдан бастап, Біржан Ділманов деген ағаш шеберінен дәріс алдым. Соның қасында бес жыл жәрдемдесе жүріп, тәжірибе жинақтадым. Осылайша домбыра жасауға деген ынта-жігерім арта түсті. Одан бөлек, әкемнен дарыған қасиетім бар. Тегіңде бар қасиет тек жатқызбайды, – дейді ағаш шебері Ақбүркіт Жақсыбекұлы.

Атаның тегімен, ананың сүтімен келген ұлттық қасиеттерімізді ұмыт қалдырмай ұлықтай білсек нұр үстіне нұр болар еді. Өзіміздің жер­гілікті отандық өнімдерімізді осылай құрметтей білсек болашақ ұрпақ алдындағы міндетіміз өтелгендей болары хақ. Ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген шеберлердің ісмерлігі қашанда болсын құрметке лайық.

Домбыра жасауды қолға алған шебер кәсіп бастағандарға арналған мемлекеттік грант байқауына қатысып көрді. Нәтижесінде ол 1 млн 200 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант жеңімпазы атанып, алған қаржысына жұмысына қажетті станок сатып алғанын айтады. Алдағы уақытта жұмыс  ауқы­мын кеңейтіп, цех жұмысын жетілдіре түсуді мақсат етуде. Сондай-ақ болашақта өз тәжірибесімен бөлісіп, шәкірт тәрбиелеуді де қолға алмақ ниетті.

               Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: