Жексенбі, 22 желтоқсан, 14:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Керек дерек

01.03.2022

1288 0

– 1926 жылы 13 қаңтарда Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылордада мемлекеттік ұлт театры ашылды. Театрды ұйымдастырған Алаш зиялылары еді. Атап айтар болсақ, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қаламгер, әдебиетші Смағұл Сәдуақасұлы, бірінші театр директоры – Әлихан мен Міржақып үміт артқан азамат Дінше Әділұлы. Ал мемлекеттік театрдың тұңғыш ресми сахналық қойылымы – белгілі Алаш зиялысы, көрнекті драматург, жазушы Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы болды.

– Қызылордада ең алғашқы айтыс 1943 жылы өткізілді. Ол республикадағы үлкен айтыстардың бірі болды. Телевизиялық айтыс та алғаш рет Сыр өңірінде 1980 жылы ұйымдастырылды. Жыр додасын ақын Темірше Сарыбаев бастап берді.

***

– Тұрмағамбет Ізтілеуов Фирдоусидің «Шахнама» дастанын 1936 жылы қазақ тіліне аударды. Бұл шығарманы М.Әуезов, С.Сейфуллин, Т.Жүргенов жоғары бағалаған. Ақын қолжазбалары Қазақстан ұлттық ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтының қолжазба және мәтінтану бөлімінде сақтаулы.

***

– 1925-1929 жылдары Қызылорда ел астанасы болған уақытта республикалық мерзімді басылымдар Сыр өңірінде жарық көрді. Газет тек ресми материалдарды жарияламай, танымдық, ғылыми, рухани дүниелерді де басып тұрды. Соның бірі «Еңбекші Қазақ» – (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті. «Лениншіл жас» – (қазіргі «Жас Алаш») газеті жастарға арналған ең байырғы және беделді республикалық басылым болды. Алғашқы саны 1921 жылы 22 наурызда Ташкент қаласында жарық көрді. Ұйымдастырушысы әрі тұңғыш редакторы Ғ.Мұратбаев, жауапты хатшысы І.Жансүгіров болды. Сол кездегі қаржы тапшылығына тағы басқа да себептерге байланысты басылым 1925 жылы 3 ақпаннан бастап «Жас қайрат» газеті болып, әуелі Орынборда, сол жылдың мамыр айында Қызылорда қаласында жетісіне бір рет шыға бастады. Оның редакторы Е.Алдоңғаров, секретары Ахмет Елшібеков болды. «Әйел теңдігі» – (қазіргі «Қазақстан әйелдері») журналы да Қызылорда қаласында шығып тұрды. Оның редакторлық қызметін Сара Есова атқарды.

***

– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Әліпби» (Жаңа құрал) атты еңбегі 1926 жылы Қызылордада басылған. Бұл – кітап осы күнге дейін жарық көрген басқа да әліппелердің бастауы. Кітаптың көшірмесі Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры» бөлімінде тұр. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алды. Сол 1911-1912 жылдары жасалып, Уфа, Орынбор қалаларының баспаханаларында жарық көрген. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдары арасында 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. 1926 жылы ғалым «Әліп-бидің» жаңа түрін жазды.

***

– Сыр еліндегі іргелі өнер ордасының бірі – Қызылорда облыстық филармониясы. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ руханиятының он күндігінде өнер көрсетіп елге оралған Сырдың ұлы перзенті Нартай Бекежанов аймақтағы ақын-жыршы мен әнші-күйшілердің басын біріктіріп, көркемөнерпаздар үйірмесін ашады. Кейіннен үлкен ансамбльге, одан соң іргелі филармонияға айналады.

***

– Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы алғаш рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі президиумының ұйымдастыру комитетінің шешімімен 1939 жылы құрылған. Сол кездегі музейдің ең құнды экспонаттары – батыр дулығасы, сауыт, 1853 жылы Ақмешіт бекінісін алуда пайдаланылған зеңбірек ұңғылары, Ұлы Жібек жолының сауда нүктелерінде айналымда болған ақша коллекциясы болған.

***

– Қазақ радиосының Қызылордамен байланысы қатпарлы тарих бедерінде сақтаулы тұр. Орынбордан кейін 1926 жылдың 3 қазанынан бастап Қызылордаға қоныс аударып, күллі қазақ даласына хабар таратты.

***

– Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың қос домбырасы Сыр елінде сақтаулы. Біріншісі, облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болса, екіншісі, Жалағаш ауданының тарихи-өлкетану музейінде тұр. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының төрінде тұрған домбыраны 1939 жылы Жамбыл Жабаев жерлесіміз Нартай Бекежановқа сыйға тартқан. Музыкалық аспап қызыл ағаштан жасалған. Шанағында темір металмен жазылған «Бекежанов» деген жазуы бар. Жамбылдан мұра болған Жалағаштағы екінші домбыраны Әлімқұл Жамбылов, ғалым, фольклортанушы Мардан Байділдаевқа 1982 жылы Қармақшы ауданында өткен республикалық айтыста сыйға тартқан. Аталған домбыраны кезінде ақын-жырау Жамбыл Жабаевтың өзі ұс-таған. Кейін немересі Әлімқұлға берген. Бұл домбыраның шанағы қатты ағаштан тұтас шабылған.

***

– Жазушы, ақын, аудармашы Қалмақан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» повесі 1956, 1959 жылдары қайта басылып, 1970 жылы орыс тілінде жарық көрді. Сөз зергерінің балаларға арналған «Өміртайдың ауылы», «Тәтті қауын», «Тапқыш» тағы басқа да шығармалары бар. Ол Шиелі ауданы, «Қарғалы» ауылында білім алатын зәулім мектеп салдырған.

– Арал ауданында халық жазушысы, мемлекетік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдебиет үйі бар. Онда классик жазушының еңбектері мен естелік суреттері қойылған. Заманауи талапқа сай салынған ғимаратта шы-ғармашылықпен айналысуға мол мүмкіндік қарастырылған. Мұнда кез келген адам барып, тамашалауға болады.

***

– Сыр өңірінде соңғы жылдары болған жарқын жетістіктің бірі – Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне енгізілді. ЮНЕСКО-ның анықтамасы бойынша «жанды мұра» деп аталатын материалдық емес мәдени мұра қоғамның ұрпақтан-ұрпаққа қалатын әдет-ғұрыптарын, дүниетанымы мен көзқарасын, білімі мен дағдыларын қамтиды. Қармақшы ауданында 1980 жылы Қорқыт ата мемориалдық кешені салынды. Мемориалдық кешен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомагистралы бойында орналасқан.

***

– Сыр халқының сырласына айналған облыстық «Сыр бойы» газетінің шежіресі – ел мен жердің шежіресі. Алғашқы саны 1929 жылдың 1 шілдесінде жарық көрген «Сыр бойы» 1932 жылы «Ленин туы», 1938 жылы «Ленин жолы» болып өзгерді. 1991 жылы ел Тәуелсіздігімен бірге байырғы атауы «Сыр бойымен» қайта қауышты.

***

– Облыстық «Кызылординские вести» басылымының бірінші нөмірі «Ленинский путь» атауымен 1930 жылғы 1 қаңтардан Қызылорда қаласында шыға бастады. Қыркүйек айының соңында Қызылорда округінің тарауына байланысты газет қысқа мерзімге шықпай қалды. Бір айдан кейін осы атаумен қайтадан оқырман қолына тие бастады. 1965 жылғы наурыздың 2-інде «Путь Ленина» деген жаңа атаумен қайта жаңғырды. Ал қазіргі атауын 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алар тұста иеленді.

***

– 1925-1929 жылдары Қызылорда Қазақ елінің астанасы болған жылдары облыс орталығында Сәкен Сейфуллиннің үйі болған. Бір өкініштісі, бүгінде Сәкен тұрған үй бұзылып кеткен. Алайда сол үйдің орнына салынған үй сыртына арнайы тақта ілінген. Тақтада «Осы жерде Қазақстанда совет өкіметін орнату жолындағы жалынды күрескер, қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі – Сәкен Сейфуллин 1925-1929 жылдары тұрған және жұмыс істеген үйі болған» – деп жазылған. Үйі ескі базардың тұсында жұмыс орнына жақын болған. Ақын 1925-1929 жылдар аралығында Қазақ Республикасының астанасы Орынбордан Қызылордаға көшірілген кезеңдерде қаламызда қызмет атқарды.

***

– Сыр өңірінің тарихи-мәдени жылнамасынан бастап, қазақ даласындағы батыр, би, шешендердің тұрмыстық қолданыста тұтынған дүниелері Көмекбай Қаракөзов атындағы №235 орта мектептің Рахат Қалыұлы Құлтанов атындағы «Атамекен» мұражайында сақтаулы тұр.

***

– Облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің мәліметінше, аймағымызда 286 ескерткіш бар. Оның ішінде 30 республикалық, 256 жергілікті маңызы бар ескерткіштер саналады. Мұның барлығы мемлекет қорғауына алынған.

***

– Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін ескі кітаптар Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» қорында сақтаулы. Шығу тегі мен жазылу уақытына қарай ең ескі болып есептелетін екі кітаптың бірі – 1876 жылы араб тілінде жарық көрген «Құран Кәрім». Мұқабасы қалың. Сыртқы бөлігі терімен қапталып, аяттары шөп бояумен боялған. Екінші ескі кітап «Жүсіп-Зылиха» жыры. 1824 жылы Ташкент қаласында басылған. Парсы тілінде жарық көрген құнды мұраның бұл көшірме нұсқасы. Сонымен қатар мұнда Қызылорда ел астанасы болған жылдары жарық көрген 33 кітаптың көшірмесі бар. Сондай-ақ «Қазақ» газетінің 1913-1918 жылдар аралығын қамтиын көшірме нұсқасы сақтаулы. Мұнда 600 дана көне кітап мұрасы қорғалған.

***

– Қазақ халық ағарту институты ең алғаш 1919 жылы Орынборда ашылған. Ол ең бірінші Қырғыз Халық ағарту институты деп аталды. Институттың басты мақсаты – қазақ мектептеріне мұғалімдер даярлау еді. Осылайша 1921 жылы 140 оқушы оқыды. Оқу жоспары бойынша институтта сабақ тек қазақ тілінде жүрді. 1925 жылы институт Қызылорда қаласына көшірілді. 1925-1928 жылы Сәкен Сейфуллин осында сабақ беріп, кейін ректоры болды. Сондай-ақ тәжірибелі педагогтар, республикада ағарту жұмысын ұйымдастырушы қайраткерлер – А.Байтұрсынов, С.Меңдешев, Т.Жүргенов, Қ.Жұбанов, М.Жолдыбаев сынды ірі тұлғалар институтта дәріс берді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: