Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Мақсаттың шері

29.11.2022

958 0

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мақсат Дауылбай өлең өлкесіне өз қолтаңбасымен келген өрен. Жақында «Шер» атты шығармашылық кешін өткізіп, Сыр жұртшылығына өз өлеңдерін ұсынды. Осы орайда өнер иесімен жүздесіп, аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Шығармашылық кешің қалай өтті, ойыңнан шықты ма?

– Шығармашылық кештің қалай өткенін сол кешке келген көрерменнен, ойлы оқырманнан сұрау керек шығар. Кеш бары­сында көптен қиялымда жүрген кескіндемелермен кезіге алдым. Бір арманым орындалғандай!..

– Не себепті кешіңді «Шер» деп атадың?

– Қаламгер ретінде өзіңіз толық сезінесіз деп ойлаймын. Шығармашылықтың, әсіресе, әдебиеттің айналасында ғұмыр кешетін адамдың әрі артықшы­лығы, әрі кеселі – ішкі ой, ішкі толғаныс. Ойы орныққан сөз ұстаушы көзімен көргенді, са­насымен түйсінгенді қаламына қондырады. Бұл – өте ұзақ процесс. Кей дүниелер осы ұзақ процесстен де ұзағырақ әсер етіп, іштің шеріне, іштің зарына айналып кетуі мүмкін. Менің де ішімдегі ойлардың булы­ғып жүргеніне біраз уақыт, соны тарқатқым келді. Сол ар­манымның ақиқатқа айналуы­на сеп болып, кешті кәсіби дең­гейде ұйымдастырған режиссер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ә.Іздіқұловаға, Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ ака­де­миялық музыкалық драма театрдың және жастар мен студенттер театрының актер­ла­рына, облыстағы және рес­публикадағы беделді мәдени ұжым­дарға, сонымен бірге тө­рім­нен табылған Сыр хал­қына құрметті ақын, академик, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып пен Қазақстан­ның Еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықоваға, қазақ руханиятының ірі өкілдеріне, шығармашылығымның жана­шыр­ларына арнайы алғысымды білдіремін.

– Ақындық кімнен дарыған қасиет?

– Адам сөз өнеріне бас сұқ­қанда, алдында үлкен таң­дау тұрады деп ойлаймын, ол – поэзия жолы немесе проза немесе драма бағыты. Санасында саңылауы бар адам сол жолдың бірін таңдау керегін өзі-ақ түсінеді. Маған мектепте әдебиет пәнінен сабақ берген ұстазым Жұмаш Балғожаева бәрінен өлеңді биік қоятын. Тар­мақтарды төрттағандау содан басталды деп ойлаймын. Ал оны дамытуыма әдеби білім мен әдеби орта және оқырман талғамы әсер етті.

– Ұстазың кім?

– Қазақ руханиятына, әлем әдебиетіне дұрыс өлең жазып, қалдырған ақындардың бәрін өзіме ұстаз көремін. Кімнің поэ­зиясында жалқы емес, жалпы мәселе бар, кімнің поэзиясы мөлдір, кімнің поэзиясы тұнық, кімнің поэзиясы ақиқатшыл, сол маған бәрінен биік.

– Жасыратыны жоқ, жас толқынның көпшілігінің өлең­дері өмірге өткен шақта қарау. Мұның сыры неде?

– Ешқандай жағдайда да ақын сезіміне араласпау керек, ой қоспау керек деп ойлаймын. Әйтпесе, шынайылығын жоғал­тады. Ол солай ойлап, солай ұғынғаны үшін ешқашан ақ­тал­мауы керек. Бұл – бірін­ші. Екіншіден, қазір оқыр­ман талабы басқаша. Бұрын адамзат шоқтығы биік талғам­дардың айналасына ой тоғыс­тырды, сөйтіп, бір са­рындағы классикалық өнер түрлері қа­лыптасып, өрістеді. Қазір өзге­шелеу… өлеңсүйер қауымның сұранысы сан түрлі. Біз мына нәрсені ұмытпауымыз керек, ошақты түзу ұстайтын үш тар­мағы болатыны секілді, әде­­биеттің де үш тіреуі бар: біріншісі – әдебиетті қалып­тас­тырушы өнер иесі, екінші­сі – оқырман, үшіншісі – әде­биетті бағалаушы, яғни, әде­биет­та­нушы. Біріншісінің мін­­деті – дұрыс дүние жазу, екін­шісінікі – бар дүниенің ара­сынан өз жа­нымен үндесін тауып, соған оқырман болу, үшіншісінікі – бар әдебиетті танып, әдеби көз­қараста баға беру. Бұл үш құрам бір-бірінің жұмысына ара­ласпауы керек деп есептеймін.

– Алдыңғы буын ақын­дар М.Мақатаев, Н.Айт­ұлы, Ф.Оңғар­сынова, А.Бақты­гереева сынды ақындардың қайсыбір өлеңін алсаң да Абай айт­қан «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп» жатады. Сіздің пайы­мыңызша, өлең қалай жазылуы керек?

– Кейде осы оймен де келі­семін, сөз өнерінің ең бір ғажайыбы болып саналатын мәртебелі өлең жалпыға бірдей түсінікке ие болу керек деген ойымның да болатыны жасырын емес, расында, өлең оқығанда ой салу керек қой. Дей тұрғанмен қай оқиғаның, қай толғаныстың ойда қалай өрілетінін білмейсің, кей дүниелерге ойды бейнелеп тұрған сөздерің немесе жол­дарың тым жеңіл көрініп кетуі мүмкін. Сондай сәттерде, құйылған қалыптың жүгенін босатасың, содан ба, бір оқы­ғанда түсінбейтін өлеңдер өмірге кеп жатады. Енді оны жеңілдетуге тырысу – өз балаңа қастандық жасаумен бірдей.

– Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз?

– Оның бәрін айтса берсең, несі жоспар болады?! «Аман ердің аты шығар» деген, аман болсақ болыпты, болатын дү­ниелер бола жатар.

– Рақмет.

Сұхбаттасқан Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: