Бейсенбі, 25 сәуiр, 19:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Мақсатым – өнер биігін асқақтату

24.01.2023

506 0

Әсем әннің жаныңды емдейтін тылсым сыры бар. «Әннің де естісі бар, есері бар» деп хакім Абай тегін айтпаса керек-ті. Әннің адам жанын емдейтін пайдасы жөнінде ғалымдар да айтады. Әндер топтамасын алып қарасаңыз әрқайсысының құрылу тарихы әртүрлі. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» дегенді де сол дана Абай айтады емес пе?! Байқап қарасаңыз өміріміз әнсіз өтпек емес. Сондықтанда болар, өмір-өлшеулі, өнер-өміршең дейтіні. «Маған қазақтың даласы ән салып тұрғандай көрінеді» демеп пе еді орыстың ұлы зерттеушісі Затаевич бір кездері. Қан­дай көрегенділікпен беріл­ген баға. Біздің тарихы­мызда есімін алтын әріп­пен жазып қалдырған хас таланттар қаншама. Қадау-қадау жүй­ріктердің іші­нен қадап атарымыз Иса Байзақов, Шәмші Қалдаяқов қазақтың ән әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған өрен­дер. Бұл өт­кен­нің өнегесі, бүгіннің бағ­даршамы.

Саз бен сөздің тұғырындай болған Сырдария өңірі небір саңлақтарды тудырып, бесігіне бөлеп тербетіп, қыранша қияға ұшырған алтын ұя, қасиетті қоныс. Алаштың анасы атанған аймақта да ән ғұмыр әсте үзілген емес. Топырағын түртіп қалсаң жыр болып төгілетін тұранның төрі талай таланттарды түлеткен тұғыр. Ұлы Отан соғысы жылдарында жауынгерлерге отты әндерімен отан­шылдық рух сыйлаған Роза Бағланова, қазақтың «Ақбаяны» атанған Мәдина Ералиева шырқаған шырайлы әндер талай шаңырақтың шаттығын тербеп, талай ғашықтың сезімін шалқытты.

Осындай өрелі өнеріміздің бүгінгі жалғасындай болған жас әнші Руслан Садықовтың есімі көпшілікке танымал. Ол ән әлеміне өз қолтаңбасымен келген өнерпаз. Атырау мен Алтайдың, Алатау мен Қаратаудың арасын көркем дыбыс, кестелі әуезбен әрлеген дала дарындарының дәріпті жалғасындай.

Руслан Бекарысұлы өзінің тума талантымен көзге түсіп жүрген өнер иесі. 1993 жылы аудандық «Әнші балапан» байқауына қатысып жүлдегерлер қатарынан көріне бастайды.          Өнердегі шығармашылық жолы 1995 жылы облыстық «Таңшолпан» телевизиялық байқауынан басталып, кейіннен түрлі сайыстарға қатысып, жеңімпаз атанады. 1997 жыл Руслан Садықовтың шығармашылық  дамуындағы  жемісті жыл болды. Павлодар қаласында өткен халықаралық фестивалде лауреат атанып, Эстония елінде өткен «Аплаус» халықаралық шығармашылық фестиваліне жүлделі 2 орын иеленді. 1999 жылы Қызылорда музы­калық колледжіне оқуға қабылданып, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қаракөз Ақдаулетованың «Ән салу, вокал» бөлімінде білімін жетілдіреді. 2001 жылы «Жас қанат» әншілер конкурсында, Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін орындап, «Күміс қанат» иегері атанды. Сол жылдан бастап шығармашылық жұмысын жетілдіре түседі. 2002 жылы Белоруссияның Витебск қаласында өткен үлкен халықаралық «Славянский базар в Витебске» конкурсына қатысады. 2003 жылы Қызылорда музыкалық колледжін тәмамдап,  Астана қаласындағы Қазақ ұлттық музыка ака­демиясының «Эстрада және джаз» факультетіне Е.Коробейникованың сыныбына оқуға туседі. 2004 жылы Эстонияның Таллин қаласында өткен І халықаралық «Эду-2004» әншілер конкурсында лауреат атанып, Эстония Республикасындағы Қазақстанның құр­метті консулы Ааду Лукастың құрмет грамотасымен марапатталды. 2005 жылы Украйнаның ежелгі Феодосия қала­сында өткен халықаралық «Крымская волна» әншілер конкурсында халық әні «Назқоңырды» орындап лауреат атанады.              2006 жылы Украинаға жеке концерттік бағдарламасын ұсынды.

Өнер жолындағы азды кем еңбегі еленіп, Мәдениет саласының үздігі төсбелгі­сімен марапат­талды. «Таң аруы» атты үнтаспасы жарық көрді. 2021 жылы «Zhuldyz TV» және «Muzlaif» музыкалық телеарналарының жыл таңдауы бойынша «Сахна серісі» аталы­мымен марапатталды. 2022 жылы «Қош келдің – Әз Наурыз» телеконцертінде «Тың­дар­ман таңдауы» аталы­мы та­бысталды. 2022 жылы Қазақстандық салалық мәде­ниет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

Әншінің репертуарындағы туындылардың жөні бөлек. Ол Серік Меңдіқұловтың «Жастық шақ», ақын, композитор Д.Торғаеваның «Бауырларыма» атты әніне бейнебаян түсіріп, тыңдармандарының ыстық ықыласына бөленді. Р.Гайсиннің «Күтемін сені» атты әніне түсірілген бейнебаян көрермен көңілінен шықты. Мұның барлығы – әншінің өнерге деген шынайы сүйіспеншілігінің дәлелі болса керек.

Саз әлемінің сахнасына келіп, көрермен көзайы­мына айналған әнші жиырма жылда көптеген табысқа қол жеткізді. Әнші сахнадағы 20 жылдығына  орай ән кешін өткізді.

– Сахнаны киелі деп бекер айтпайды. Онда өнер көрсеткен адам міндетті түрде халықтың құрметіне бөленіп, шығармашылығы мен ізденісіне сай бағасын алады. Менің өнер жолыма келуіме Кеңес Дүйсекеев, Қаракөз Ақдәулетова, Жағыпар Қарабала, Алмагүл Божанова, Рамазан Тайманов сынды аға-әпкелерім жол көрсетті. Ән кешімде репертуарға жаңадан қосылған әуезді әуендер шырқалып, тыңдарманға жол тартты. Сыр жұртшылығы ұлы өнерден кенде емес. Өйткені Қорқыт бабаның қобызы осы өлкеде күмбірлеп, ән сүйген жүректерге шабыт сыйлаған. Бұл руханияттың ескірмес нәрі. Сол асыл құндылықты өз деңгейінде көтере алсам, мақсатымның орындал­ғаны, – дейді Руслан Садықов бізбен әңгімесінде.

Иә, ән – көңілдің ажары, ән – өмірдің базары. Көшеде жүрсек те, көлікке мінсек те ән тыңдап, көңіл-күйімізді көтереміз. «Ән әншісін тапқан екен» деген сөз бар ел аузында. Айтылған әнің алдыңдағы адамға әсер етіп жатса сенің жетістігің. Өйткені жүректен шыққан сөз қашанда жүрекке жетеді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: