Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 07:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Мұраты асқақ туынды

29.09.2020

1976 0

Кез келген фундаментальды мүсін өнері белгілі бір көріністі суреттеумен ғана шектелмейді!. Анығында, туындыға артылар жүк одан да ауыр. Ол дәуір тынысын, бабалар мұратын, өткеннің өсиетін келер ұрпаққа аманаттайды. Сондықтан ескерткіш, мүсін өнері туралы сөз қозғаған сәтте аса байып, зор таным қажет. Әйтпесе, эстетикалық деңгей мен мазмұндық ерекшелігін тани алмаған адамға алып мүсіннің қадірі шамалы. Біз де мақаланың арқауына айналған шаһар орталығындағы «Сыр батырлары» ескерткішін талдауды үлкен сын деп қабылдап, сөз жүйесіне барынша сақтық таныттық…

Ескі дәуірдегі өркениет атау­лы халықтардың өмір салтына сай сан құбылады. Мәселен, әлемнің қолданбалы өнерге деген аңсары ауған кезеңде дәуірлеген тұлғаның тұрмысы пен салтын, салтанаты мен мәртебесін, атағы мен абыройын­ тасқа қашау белең алды. Өз кезегінде тарихи ақ­парат пен әулеттік шежіре қыз­­метін атқарғандықтан, бертін келе бұл дағды көр­кемдік тұрғы­сы­нан дами түсті. Суретке таңба қосарланды, белгіге сөз қосылды. Осылай жарқын үлгілер қалыптасты. Ал Ұлы даланың өркениет сүрлеуі сәл өзгерек еді. Біздегі ен жаһардың ішіндегі ең асылы – бабаның үні балбал тас. Өзгенікіндей шала сөз, кетік пікір емес, кесек ой, бүтін сөйлем. Сондықтан біздің ескерткіш ерте қалыптасты деп санау орынды.Қалалық демалыс паркіннің жанына қойылған «Сыр батырлары» ескерткіші 2006 жылы ашылған. Авторлары – А.Кененбаев және Ж.Ысмағұлов. Қос мүсінші ар­тылған ой-мүд­десін толық түйсіне біліп, Сыр бойының жаугершілік үрдісі мен батырлық бейнесін шебер суреттейді. Он бес жылға жуық тарихы бар ескерткіштің тұлабойы өткеннің өнегесі мен келешектің жарқын белгілеріне толы. Оны туындыдағы ұсақ белгілер мен елеусіз элементтерден аңғаруға болады. Біздің алған бағдар мен пайым да сол тұс. Ендеше жанынан сан өтсек те аңғара бермейтін ескерткіштің ерекшелігіне тоқталайық.

Төрт бейне – ұрпақ сабақтастығы

Ескерткіштің биіктігі 5,5 метр болса, салмағы 5 тонна. Композициясы негізгі тірек мәні әр тарапқа қарап тұрған төрт мүсіннен тұрады. Яғни төрт адам бейнесі. Мүсіндер қоладан құйылған. Ал, тұғыр темірбетоннан салынып, гра­нитті қашалған тақтайлармен жабылған. Туындының мазмұны да сол төрт мүсінге телінген.

Алдымен, ескерткіштің оң­түстік-шығыс жағында қару-жарақ, садақ асынған ер адам бейнеленген. Басында аттың қылынан жасалған шашағы, ұрысқа киетін дулығасы бар. Қазақы ою-өрнектермен безен­дірілген етік киген.

Ер адамның солтүстік-шығыс жағынан қолына қобыз ұстаған әйел тұр. Басында ұлттық бас киімі – төбесінде шашағы бар құндыз бөрік бар. Әйел адам ұзын көйлек киген, етегі ою-өрнекпен көмкерілген.

Оңтүстік-батыс жағынан жеңі кең ұзын көйлек киген қыз бейнеленген. Қыз сол қолымен кө­гершінді көкке көтеріп тұр. Басында үкі құстың қауыр­сындарымен безендірілген шо­шақты бас киім бар.

Оңтүстік-шығыс жағынан ес­керткіште қалқаны, сол жағында қылышы бар жауынгер жігіт бейнеленген. Басында аттың қылынан жасалған шашағы, ұрысқа киетін дулығасы бар. Жауынгер сауыт киіп, сыртынан жамылғы жамылған. Ер адам қазақы ою-өрнектермен безендірілген етік киген.

Міне, осы төрт мүсіннен алғашқы сырлы мән ашылады. Мүсіншілер төрт бейнені бекерден-бекер таңдамады. Ер­дің қару-жарақ асынған бейнесі ел басынан өткен алмағайып заманды көрсетсе, қобыз ұстаған әйел мүсіні ұлттық өнер мен мәдениеттің көнеден жеткен үнін сабақтастырады. Ал жас жігіттің қару асынуы – халқына қорған болар жастардың елге еге екенін білдірсе, көгершін ұстаған жас қыз бейбітшіліктің шырақшысы, егемендіктің бел­гісі. Яғни төрт мүсін – Ұлы даланың тарихи­ жолының жиын­тық бейнесі – азаттықты мұрат тұтқан баба­лардың қас­терлі тілеуі, ұлт­тық мұраның өміршеңдігі, бей­бітшілікке қол созған ел үміті, жаңа өмір. Алдымен аңғарылған таным-түсінік осыған саяды.

Кіші белгі, үлкен ұғым

Ескерткіштің тағы бір қыры ұсақ белгілерде жатыр. Мәсе­лен, Ер азамат мүсінінің жанында тас қойылған. Онда қазақ руларының таңбалары мен түр­кі руна жазуларының әріптері бейнеленген. Тастың қасында былғары торсық орнатылған. Композицияның ортасына ежелгі ру тайпаның жалауы бар найза қадалған. Бұл қазақты бірлікке, татулыққа, берекеге шақырудың белгісі әрі тарихи қалыптасу жолындағы рулық құрылымының маңызын айшықтау десек, артық емес.

Ал композицияның солтүстік-шығыс бөлігінде әйел мен ер адамның арасында антропоморфты тас мүсін – балбал бар. Түбіміз – түркі, ұранымыз – Алаш екенін ескерсек, өткенге тамыр тартқан ерек белгі бүгінгі жас­ты рухани кемелденуге, өткенді қадірлеуге үндейді.

P.S. Әрбір ескерткіштің ішіне бүккен сыры, үйретер тағылымы болары белгілі. Тек оны көптің танымына сай тәпсірлеп, ұрпақ жадына сіңіру өзекті. Себебі өнер бағаланса ғана құнды, мәні ашылса ғана өміршең екенін ұмытпауымыз керек. Ескерткішті ескеріп, мүсінге мән бере жү­рейік, оқырман!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: