Сенбі, 21 желтоқсан, 20:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Музыка өнер ғана емес, коммерция құралы болуы шарт

12.03.2024

480 0

Бүгінде эстрадалық әуен мен жанрішілік ағымның танымалдыққа ие болуы классикалық музыкадағы тыңдарман санын азайтуда. Содан болар, әнге әуес жас өрен кәсіби білім аларда академиялық вокалдан бойын аулақ ұстап, эстрадалық ән айту мәнерін игеруге тырысады. Оған саладағы коммерциялық мүмкіндік, аудитория аясы секілді артықшылық әсер етсе керек. Әйтеуір академиялық вокал өкілі өнерге адал, жанкешті күйде кенже қалып келеді. Осы орайда қызылордалық жас вокалист, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Саят Сақитжанмен тілдесіп, музыкадағы соңғы үрдіс төңірегінде ой бөлісудің сәті түсті.

– Саят, сізбен тетелес буынның негізгі таңдауы заманауи поп-музыкаға жақындау. Сондықтан әңгімені неліктен академиялық вокалды таңдағаныңыздан бастасақ…

– Дұрыс айтасыз, қазір жастардың талғамы, танымы, дүниені қабылдау өресі мүлде бөлек. Буынның қалыптан тыс ойлау жүйесі өнерден де байқалады. Мәселен, сіз айтып отырған үрдіс жалғыз академиялық вокалға қатысты емес, бүтін классикалық музыкаға тән мәселе. Қоғамда классикалық музыканы еуропалық стиль немесе ақсүйектердің ермегі деп қабылдайтын келте түсінік әлі де болса жойылған жоқ. Кедергі осында. Бұл уақыт еншісіндегі өзгеріс деп ойлаймын. Өзіме келер болсам, мен Аралдың тумасымын. Бала кезден музыкаға аңсарым ауып, мектеп қабырғасында жүріп-ақ болашақ туралы армандай білдім. Түрлі жанрда ән орындап, музыкаға ынтамды ұштадым. Ізденсем деген адамға мүмкіндік мол емес пе? Ғаламтордан атақты әншілердің мәнерін, дауыс ырғағын қайталау арқылы жаныма жақын жанр опера екенін түсіндім. Сол себепті, мектеп бітірген шақта мамандық таңдауға қатысты мәселе болмады. Түйсігім академиялық вокал мамандығын игеру қажетін сездіргендей. Осылайша 2022 жылы жылы Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжді сәтті аяқтадым. Қазір Қазақ ұлттық өнер университетінде академиялық вокал бойынша білім алудамын.

 – Сіз үшін классикалық музыка несімен құнды?

– Әлем музыкадан құралады. Байқасаңыз, біз жабырқаған немесе қуанған сәтте музыкаға жақындаймыз, ішкі сезімдерімізбен мәндес иірім іздейміз. Себебі адам сезімге тәуелді. Оған қоса әуендегі сезім иірімі бірде тасып, бірде байсал тартып, автордың толғанысы жаралы жанымызды жазады. Сезімнің бәрін классикалық музыкадан табуға болады. Оның үстіне Иоганн Себастьян Бах, Вольфганг Амадей Моцарт, Людвиг Ван Бетховен, Рихард Вильгельм Вагнер, Петр Ильич Чайковский секілді данышпандардың шы­ғармасын тыңдаудың өзі эстетикалық ләззат сыйлайды. Олардың ғажайып туындысы, ерекше стилі музыканың даму бағытын айқындады. Сондай-ақ классикалық музыканың басқа жанрдан ерекшелігі өміршеңдігі дер едім. Ғасыр өтсе де бүгінге жетіп, назарда қалу да үлкен жеңіс. Мысалы, поп-музыка жанрындағы орындаушының халық жадында ұзақ сақталуы қиын. Осы себептен де бұл бағыттың өлшемін, өнегесін, маңызын сезінуге болатындай.

– Жасыратыны жоқ, классикалық музыканың тыңдарманы аз. Вокалистер ортасында «классикалық музыка тыңдарманы ақылды болу керек» деген әзіл-шыны аралас пікір де кездеседі. Рас, музыканың негізгі қызметі ақыл емес, эмоция жеткізу екенін ескерсе, бұл қарсы аргументке жатпас. Сіздің ойыңызша, бұл бағыттың тыңдарман жоғалтуына не себеп?

 – Орынды сұрақ. Алдымен жанр түрлерінің көбейгенін естен шығармау қажет. Өткен ғасырға дейін халықтың сұранысындағы музыка жанры санаулы болмаса да, аз еді. Ал бүгінде мыңдаған жанр таңдау аясын кеңейтті. Таңдау бар жерде бір бағыттың ұзақ сақталуы мүмкін емес. Оның үстіне адамзаттың өмір сүру салты өзгерді. Жұмыста, көшеде жылдамдық артты. Соған орай ойнақы ырғақты, жеңіл әуен қажеттілікке айналғаны бар. Тағы бір басты себеп, операны тұралатқан – нарық талабы. Музыкалық өнім коммерциялық мүдде тұрғысында өз-өзін ақтамаса, танылу қиындау. Ал танылмаған өнім пайда әкелмейтіні белгілі. Міне, осындай бір-бірімен тығыз байланысты әлеуметтік жүйе осы күйге түсірді. Әрине, жағдай соншалықты мүшкіл деген орынсыз болар. Қазір классикалық музыканы дамытып, танымал етуге жұмыс істейтін авторлар, топтар жетерлік. Тіпті классиканың сарқыншағына айналған неоклассика жанры да жанданып келеді.

 – Әтір иісін Франциямен байланыстыру секілді классикалық музыканың «дыбыс бояуын» да Еуропа мәдениетінен хабар береді деген таптаурын ой бар. Анығы, аспаптық музыка жайында. Сіздің ойыңызша классикалық музыкада қазақ қолтаңбасы бар ма?

 – Маған классикалық музыканың өзге бағыты туралы айту әлі ерте шығар. Сондықтан тек опера жанрындағы қазақ қолтаңбасы туралы ойымды білдірейін. Операда Лучано Паваротти, Монсеррат Кабалье, Андреа Бочелли, Хосе Каррерас секілді тұлғалар ұлтының абыройын асқақтатқаны білеміз. Қазақ халқынан да танымалопера әншілері шыққан. Әлібек Дінішев, Ермек Серкебаев, Күләш Бәйсейітова, Кәукен Кенжетаев секілді дара тұлғалар Қазақстанда ғана емес, әлемдік дәрежеде лайықты өнер көрсетті. Кейінгі толқынның қатарында Майра Мұхамедқызы, Толқын Забирова, Сүндет Байғожин, Талғат Күзембаев секілді кәсіби майталмандарды айта аламын. Аталған әншілердің барлығынан үлгі алып, өнерде бет түзейтін тұлға санатына балаймын. Сондықтан ән өнері қанына сіңген қазақтан әлі талай мықтының шығары анық.

 – Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Ерсін ШАМШАД

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: