Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 21:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Музыканың маңызы қандай?

09.03.2024

336 0

Сурет: ixbt.ru

Балаға бағдар беру – жауапты іс. Әсіресе, келешек өміріне, ойлау жүйесіне өзгеріс әкелетін дағдыларға баулу асқан жауапкершілік, тың талпынысты қажет етеді. Себебі бала бойындағы талантты тану, үйренер өнерінің пайдасын түсіндіру тек өзіне ғана емес, қоршаған ортаның өркендеуіне де жол ашатынын ескеру маңызды. Осы орайда бала психологиясы мен ми жұмысының жақсаруына септігін тигізетін бірден-бір өнер – музыка.
АҚШ-тың Дьюк Университетінің ғалымдары жүргізген зерттеуге сүйенсек, бала тіл үйренуге, музыканы игеруге тырысқанда мидың когнитивті қоры құрылып, бір-бірімен байланысы күшейетін көрінеді. Содан нейропатия мен мидың қартаюы сынды белгілер жойылады екен.
Ғалымда диффузиялық тензорлық визуализация арқылы мидағы ақ заттың көлемі мен жүйке талшықтарының, мидың әртүрлі бөлігінің бір-бірімен ақпарат алмасу тұтастығын зерттеп көрген. Адам қартаюға бет алғанда мидағы ақ заттың тұтастығы төмендеп, когнитивті мүмкіндігі азая бастайды. Ал миында сенсомоторлы белсенділігі жоғалмаған адамның қартаюы аз жүреді. Ойлау және когнитивті ойлау жүйесі жақсарады. Осылайша, ойлау жүйесі жақсарып, есте сақтау да анағұрлым беки түседі.
Нейробиологтар зерттеу барысында 20-67 жас аралығындағы сегіз музыканттың миын сканерден өткізген. Ол музыканттар күніне 3 сағатын музыкаға арнайды екен. Тексеріс барысында музыканттардың миындағы ақ заттың бір-бірімен байланысы және ориентациясын, оның көлемін көрсететін фракционды анизотропияның деңгейі жоғары болып шыққан. Бұл дегеніміз – мұндай адамдардың миының когнитивті қоры мол деген сөз. Когнитивті қор жас келген сайын азаятыны заңды. Алайда музыкамен белсенді айналысатын адамдарда қор азаюдың орнына көбейіп отыратыны белгілі болды. Содан музыкамен айналысу мен көп тілді үйрену адамның когнитивті функциясын жақсартып, ойлау қабілетін күшейтетіні анықталды. Сондықтан баланың музыкаға жақын болуын, сол арқылы денсаулығын нығайтып, өмір жасын ұзартуды қаперде ұстаған дұрыс  секілді.
Жалпы музыканы, оның ішінде ән өнерінің пайдасын сөз етер болсақ, адам баласы үшін керек кезі көп. Музыка алдымен адамның жүрек соғысын реттейді. Сол арқылы шерді тарқатып, көңілді жайландырады. Сонда дене жайбарақат күйге түседі. Бұл күй бүйрек, бауыр, ас қорыту, қан айналымына да оң әсер ететіні анықталған. Жүкті әйелдер таңертең және кешке қарай, ұйықтар алдында баяу ойналатын жағымды музыка тыңдап жүрсе, іштегі нәресте сабырлы, төзімді болады дейді. Сонымен бірге сәбидің есту және есте сақтау қабілеті жақсы дамиды деген де дерек бар. Тіпті мұндай балалар мейірімді болатыны дәлелденген.
Демек музыкамен шұғылданатын баланың миы ерте жетіледі, ойлау қабілеті артады. Ал ересек адамға ерте қартаюдан аулақ болуға жәрдемдеспек. Сол себепті балаңыздың дамуына көңіл бөлгіңіз келсе, музыкадан алшақтатпаған жөн.



Аружан АМАНТАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: