Фото: KAZ.NUR.
Алматыда «Қазақстан аруы-2023» ұлттық сұлулық байқауының финалы өтті. Биылғы байқаудың жеңімпазы Сабина Ыдырысова болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
25 қыз жеңімпаз тәжі мен ел сұлуы атағы үшін бақ сынады. Конкурсқа жалпы 17 мыңнан астам қазақстандық өтінім берген. Шара Алматыдағы Республика сарайында өтті. Биыл шара «Болашақты аяла» ұранымен экологияны қорғау тақырыбына орайластырылды. Сондықтан, бірінші сахнаға шығуында арулар жасыл түсті көйлек киіп шықты, бастарында гүл шоқтары болды.
Қазылар алқасының құрамына Айдай Исаева, Томирис Кәкімова, Еркебұлан Тоқтар, Жәния Журинская, қырғыз дизайнері Арзубек Вонама, Анжела Пересыпкина және Мадина Сәдуақасова кірді. Байқаудың концерттік бағдарламасы қызыққа толы болды: жарқын шоулар, би ансамбльдерінің тамаша қойылымдары. Сондай-ақ сахнада белгілі қазақстандық әнші Мадина Сәдуақасова мен AYREE ән салды. Арнайы қонақтардың арасында AyaFunk та болды. Ал көрерменнің арасында ресейлік актер, әнші әрі музыкант Никита Пресняков та болған.
Қазылар алқасы байқаудың келесі кезеңіне үздік 5 қатысушыны таңдады. Үздік бестікке Аяулым Әлімхалиева, Сабина Ыдырысова, Мадина Әлмұханова, Ботагөз Нұржігітова және Аделина Балғымбаева кірді.
Байқау барысында көрерменге қыздардың байқауға дайындығы туралы бейнеролик көрсетілді. Қыздар ұйқысыз түндері, күніне 6 сағатқа созылатын жаттығулары туралы айтты. Осыдан кейін қазылар алқасы ақтық сынға өткен аруларды рет-ретімен былай марапаттады:
«Көрермен дауысына ие болған ару-2023» – Аделлина Балғымбаева.
«Қазақстан вице-аруы-2023» атағын Ботагөз Нұржігітова алды.
«Қазақстан Жер аруы-2023» атағына Аяулым Әлімхалиева лайық болды.
«Қазақстан әлем аруы-2023» – Мадина Әлмұханова.
Сабина Ыдырысова «Қазақстан аруы-2023» атанды. Байқау жеңімпазы «Әлем аруы» атағы үшін бақ сынайды.
Сабина хореографиялық училищені тәмамдаған, кәсіби түрде балетпен айналысқан.
«Астана балет» театрында үш жыл жұмыс істедім. Биыл карьерамды аяқтап, өмірді жаңадан бастауды ұйғардым. Осы кезде кастинг-директор «Қазақстан аруы» байқауына іріктеу өтіп жатқанын айтты», – дейді Сабина. Ол енді актерлік шеберлігін шыңдап, модель болуға ниетті. Қаржылай жүлденің жартысын «Әлем аруы» байқауына қатысуға жұмсағысы келеді, ал қалған жартысын ата-анасына беремін дейді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!