Жұма, 27 желтоқсан, 04:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Әннің  де  естісі  бар,  есері  бар

22.02.2024

334 0

Сурет: adyrna

Бұл – Абайдың сөзі. Әннің адам жанын жадырататыны да, жабырқататыны да кездеседі. Әсем әннің жаныңды емдейтін тылсым сыры бар. Мұны ғалымдар да айтады. Әндер топтамасын алып қарасаңыз әрқайсысының құрылу тарихы әртүрлі. Оны өңдеп, көркемдеп, тыңдарманға тарту еткенде тәнті болмайтындар кемде-кем шығар. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген дана Абайдың ділмарлығына тағы бір мәрте бас иесің. Расымен де сәби туылғанда, тұсаукесер жасағанда, үйленіп отбасын құрғанда әндетіп-сәндетіп жататынымыз бар. Міне, өміріміз әнсіз өтпек емес. Сондықтанда болар, өмір-өлшеулі, өнер-өміршең дейтіні.

Маған қазақ даласы әндетіп тұрғандай көрінеді…

Орыстың ұлы зерттеушісі Затаевич бір кездері осылай айтып еді. Қандай көрегенділікпен берілген баға. Біздің тарихымызда есімін алтын әріппен жазып қалдырған хас таланттар қаншама. Қадау-қадау жүйріктердің ішінен қадап атарымыз Иса Байзақов, Шәмші Қалдаяқов қазақтың ән әлемінде өзіндік қолтаңбасын қадырған өрендер. Бұл өткеннің өнегесі, бүгіннің бағдаршамы.

Ежелден бері сылаңдап аққан Сырдария өңірі небір саңлақтарды тудырып, бесігіне бөлеп тербетіп, қыранша қияға ұшырған алтын ұя, қасиетті қоныс. Алаштың анасы атанған аймақта да ән ғұмыр әсте үзілген емес. Топырағын түртіп қалсаң жыр болып төгілетін тұранның төрі талай таланттарды түлеткен тұғыр. Ұлы Отан соғысы жылдарында жауынгерлерге отты әндерімен отаншылдық рух сыйлаған Роза Бағланованың өзі бір тау. Қазақтың «Ақбаяны» атанған Мәдина Ералиева шырқаған шырайлы әндер талай шаңырақтың шаттығын тербеп, талай ғашықтың сезімін шалқытты. Осындай өрелі өнеріміздің бағасы бүгінде бетегеден биік, бұлттан аласа. Ырғағы ығырыңды шығарып, мазмұны мазаңды қашыратын әндер жетеді бүгінде. Оған нақты себеп не, немесе кім? «Әп-әдемі ән еді, пұшық айтып қор қылдының» кері бұл. Қазіргі кезде аузын ашқан эстрада жұлдызы атанып жүргені дүйім жұртқа аян. Бес саусақ бірдей емес әрине. Ән айтса жанын жеп айтатындары да бар. Осындайда жырау Алмас Алматов ағамыздың «Жұлдыздардың көптігінен, ай мен күнді іздеуге ерінеміз» дейтіні еріксіз еске түседі. Осы заманда тойшыл ән көп пе, ойшыл ән көп пе қайсысы құнды. Оны оқырманның өз еншісіне қалдырдық.

Нотоға түсетін ән бөлек, фотоға түсетін ән бөлек

Тақырып төңірегінде ақын, ұстаз Серік Ыдырысовтың пікірін білген болатынбыз.

– Әр дәуірдің өз әншісі, әр бұтаның өз бұлбұлы болады. Ән мен әншінің жақсы, жаманын уақыт көші өзі екшеп алады. Нотоға түсетін ән бөлек, фотоға түсетін ән бөлек. Халықтан асқан сыншы жоқ. Біздің кезімізде Шәмші Қалдаяқовтың «Ақмаңдайлым», Сәнімкүл Желдербаеваның «Қазақтың келіндері-ай» және «Қызылорда вальсі», «Жез киік», «Ақ бұлақ», «Саржайлау», «Ауылым» әндерін үзбей тыңдайтынбыз. Өн бойыңды шымырлататын шынайы әндер бар, шырқыңды бұзатын әндер бар. Қазір сөз де сапа, ән де әр жоқ. Мұны мұқым ел біледі. Менің ұстаз ретінде ұққаным, ақын ретінде айтарым осы, – дейді бізбен әңгімесінде.

Өмір- өзіңдікі, өнер – өзгенікі

Әнші Күлән Қалымбетова: – Бала кезімізде мектепте жаттаған тақпақтарымыз бен әндеріміз әлі күнге жадымызда жаңғырып тұр. Жетпіс сезінші жылдары айтылатын «Водобоз», «Маржан қыз», «Қара торғай», «Қызылқұм» әндерін кейде сағынамын, іздеймін. Сахна қасиетті мекен. Оны сыйлап, қадірлеу керек. Елдің жүрегіне жетпеген ән әлсіз. Музыка – мәдениеттің бастау бұлағы. Қазіргі ән мен әнші туралы не айтайын. Әркім өз биігін біледі. Мен ылғи да шәкірттеріме шынайылықты үйретемін. Шынайылық шыңға шығарады. Өмір-өзіңдікі, өнер-өзгенікі. Осыны ұмытпау керек.

Аружан АМАНТАЙ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: