Бейсенбі, 26 желтоқсан, 21:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Сыр өңіріндегі күйшілік дәстүр сабақтастығы

01.03.2022

2506 0

Сыр бойы күйлері көпке дейін қазақ музыкасы саласында аз зерттеліп, насихатталуы кемшіндеу болып келгенімен, соңғы кездері кеңінен қолға алына бастады. Белгілі жыршы, филология ғылымдарының кандидаты Берік Жүсіповтің «Жиделі Байсын күйлері» деген еңбегінде осы орындаушылық мектептің күйлері алғаш жинақталып, жарық көруі – соның айғағы.

Сырдың бойында ертеректе өткен Құрманай Төремұрат, Асан Көнек, Бекпенбет сынды күйшілердің мұралары көнеден көшкен керуендей жалғасын тауып келеді. Одан беріректе Сыр бойында өмір сүрген күйші-композиторлардың ішінде үш дәулескер күйшінің есімін ерекше атауға болады. Олар Мырза Тоқтаболатұлы, Әлшекей Бекпенбетұлы, Досжан Құрақұлы.

Сыр бойы күйшілік дәстүрінің көрнекті өкілінің бірі Мырза Тоқтаболатұлының ғұмыр кешкен, музыкалық мұрасының молынан сақталған жері – Қызылорда облысының Қазалы өңірі. Бүгінгі күні Мырза күйшінің «Асанқайғы», «Бұғының күйі», «Баулы ешкі», «Алпыс екі Ақжелеңнің бауыр шешпесі», «Ташауыз» сияқты бітімі, құрылымы бөлек, композициялық жағынан оқшау тұрған жиырмадан астам күйі белгілі болып отыр. Мырза күйлерінің басты ерекшелігі, көбінесе, транспозициялық формада құрылған. Күйдің өзі шағын 3 бөлімді шығарма іспеттес. Бұны «Жемнің ағыс күйі», «Ташауыз», «Бұғының күйі», тағы басқа да күйлерден байқауға болады. Осындай құрылымдағы күйлер, көбіне, сағасыз болып келеді. Яғни батыс күйлеріндегідей кіші, үлкен сағаларда үстіңгі ішектегі стереотип тартылмайды. Осы әдіс Сыр бойы күйлерінің көбіне тән. Мырза күйлерін, сонымен қатар Сыр бойында сақталған халық күйлерін, Құрманай Төремұрат, Жалдыбай күйшілер мұрасын шашау шығармай, ерекше нақышпен орындап, насихаттаушы – қазалылық дүлдүл домбырашы Нәби Жәлімбетов.

Әлшекей Бектібайұлы күйшілік өнерді нағашы атасы Рүстемнен үйренген. Өнер иесінің 50-ден астам күйі бар. «Тоқырау», «Нарсоққан», «Егес», «Терісқақпай», «Толқын», «Қара жорға», «Адасқан қаз», «Бәйге» тағы басқа да ел арасында сақталған күйлері бар. Халық ақыны Манап Көкенов аталған күйлердің шығу тарихын айтып, таспаға жаздырған. Көптеген күйлері қазіргі домбырашылардың репертуарына еніп, оркестрге түсірілген. Бүгінде Әлшекейдің күйлерін Шиелі ауданындағы Тынысбек күйші орындап, насихаттап жүр.

Құрақтың Досжаны – Сыр өңірінде өмір сүрген, бар саналы ғұмырын күй өнеріне арнап, артына өлмес мұра қалдырған дәулескер күйші. Досжан 12 жасына дейін Сыр бойының көптеген күйшілерінің күйлерін шебер орындау дәрежесіне жеткен. Өз заманындағы дәулескер күйшілер Шал, Мырза, Әлшекей, Қазанғаптардың күйлерін тыңдап өзі де күйлер шығара бастаған. Нартай Бекежановтың концерттік бригадасының құрамында болып, 1939 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, өнер көрсеткен. Шығарған күйлері «Қара жорға», «Бәти қыз», «Бұқтым-бұқтым», «Жетім қыз», «Терісқақпай», «Көкек», «Кербез төре», «Қоңыр қаз» тағы басқа да күйлерін шығарған. 1964 жылы фольклортанушы Мардан Бәйділдаев Досжанның 32 күйін үнтаспаға жазып алған. 1978 жылы Досжанның күйлері С.Ысқақовтың орындауында жеке күйтабақ болып шықты.

Жоғарыда аталған күйшілермен қатар Сыр бойында Жалдыбай, Қобылаш, Исламбек Ысқақов, Жалғасбай Аралбаев, Төлеген Қаражанов, Мұзарап Жүсіпов тәрізді күйшілер болғанын атап өткен жөн.

Сырдағы күйшілік өнер Қорқыт бабадан, мүмкін одан да арғы мың жылдықтардан бастау алуы мүмкін. Қалай десек те қасиетті өнер тіні үзілмей күні бүгінге дейін жалғасып келеді.

Оның жарқын дәделі ретінде Мұрат Сыдықов ағамызды атап өтсек те жетеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: