Сейсенбі, 21 мамыр, 21:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№40-2050
21.05.2024
PDF мұрағаты

Мұнай нарығына өсім мен тұрақтылық қажет

06.01.2024

496 0

Сурет: egemen.kz

Біз қалайық, қаламайық, айтайық, айтпайық бәрібір Қазақстанның экономикасы мұнайға тәуелді екені жасырын емес. Сол себепті де әлемдік нарықтағы мұнай бағасына алаңдап отырамыз. Оның үстіне қара алтынның бағасына түрлі әлемдік фактордың әсер ететіні тағы бар.

Дүниежүзіндегі сауда айналымына кері әсер ететін жағдайдың бірі – соғыс. Соғыстың да түр-түрі бар. Қару алып, әскерді ұрандата алға шабатын майданнан бөлек, экономикалық соғыс та болады. Тіпті экономикалық қыспақ та, қақтығыс та бар. Украина жеріне қаруын асынып, баса-көктеп кірген Ресей батыстың қарсылығы мен қыспағына тап болды. Украинаны жақтаған елдер Ресейдің мұнайынан да бас тарта бастады. Бұған Газа секторындағы жағдайды қосыңыз. Ол аздай Венесуэла мен Гайана арасындағы территориялық дау-дамай да мұнай өндіруші елдерді алаңдатып отыр. Индияға бүтін жұтылған Кашмир қасіреті де, әлі де болса бейбіт өмір орнай қоймаған ауған аласапыраны да әлемдік саудаға әсер етпей қоймайды. Осындай алмағайып сәтте мұнай нарығының ахуалы қалай болмақ?

Сарапшылардың сөзіне сенсек, мұнай бағасы барреліне 120 долларға дейін көтеріледі екен. Бұл – FITCH атты америкалық корпорация сарапшыларының пікірі. Олар Израиль-Палестина қақтығысына ерекше көңіл бөлген. FITCH-тің өткен жылдың қыркүйек айындағы болжамында биыл мұнай бағасы 75 долларға дейін баратыны, келер жылы керісінше арзандап, 70 долларға дейін төмендейтіні жазылған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы Ш.Болыспаевтың «Әлемдік мұнай бағасының Қазақстан жанармай нарығына ықпалы» атты еңбегінде еліміздің тұрақты және бірқалыпты дамыған мұнайгаз кешені бар мемлекет екені жазылған. Бұл Қазақстанның мұнай мен табиғи газды өндіруші елдер қатарына кіруіне өз септігін тигізіп отыр. Зерттеу жұмысына зер салсақ Қазақстанның 2011 жылдағы мұнайды өндiру көлемi 80,06 миллион тоннаны құраған. Одан бері де 13-14 жыл уақыт өтті. Республикамыз мұнай өндірісін азайтқан жоқ. Нақтырақ айтсақ, өткен жылдың 26 желтоқсанында Сенат отырысынан кейінгі кулуарда Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов журналистерге «Биыл 90 млн тонна мұнай өндіреміз деп отырмыз. 2024 жылы да 90 млн тонна мұнай өндіріледі деген жоспар бар», – деген еді.

Қарап отырсақ, мұнай өндірісі өзіндік тұрақтылығын сақтап, едәуір артқан. «Егемен Қазақстан» газетінің 2024 жылғы 4 қаңтардағы санына жарияланған Абай Аймағамбеттің «Мұнай нарығын қандай өзгеріс күтеді?» атты мақаласында мұнайға деген жалпы әлемдік сұраныс орташа алғанда 2023 жылы күніне 102,1 млн баррель, ал 2024 жылы күніне 104,4 млн баррель болады деген болжамның бар екені жазылған.

Әлемде AERC атты экономикалық зерттеулер орталығы бар. Осы орталық сарапшыларының пікірінше, 2023 жылы сұйық көмірсутек жеткізу өсімінің басты драйверлері ретінде АҚШ, Бразилия, Қазақстан, Норвегия, Гайана, Мексика және Қытай екені көрсетілген. Бұл тізімнің алдағы уақытта да осылай қалатыны да негіз етілген. Мамандар биыл да бұл елдердегі өндірістің артатынын алға тартып отыр. Демек, Қазақстандағы мұнай өндірісі тұрақты дамиды деген сөз.

Мамандар болжамын алға тартып, мұнай нарығының биыл да елге пайдалы болатынын сөз еттік. Бұл – жалпы көрініс. Республикадағы мұнайлы аймақтардан Қызылорданы жекедара алсақ, мұнай өндірісі жылдан-жылға азайып барады. Қызылорда облысын Қырымбек Көшербаев басқарған тұста да айтылды осы жайт. Сөзіміз дәйекті шығуы үшін 2017 жылдың ақпан айында облыстық «Сыр бойы» газетіне жарияланған «Қызылорда облысының 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын» алға тартайық. Онда: «2016 жылы өнеркәсіп өндіріс өнімінің көлемі 645,1 млрд теңгені құрады, бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 9,8%-ға кем. Оған барланған мұнай кеніштеріндегі қордың сарқылуына байланысты өнім өндіру көлемінің азаюы және әлемдік мұнай бағасының арзандауы ықпал етіп отыр. 2016 жылы барлығы 7,7 млн тонна мұнай өндіріліп, 2015 жылмен салыстырғанда 1,3 млн тоннаға немесе 2014 жылмен салыстырғанда 2,2 млн тоннаға кеміді. Өңірдің мұнай өндіруге тәуелділігін ескере отырып, сонымен қатар экономика құрылымын өзгерту біршама уақытты талап ететіндігіне байланысты минералдышикізат базасын әрі қарай дамыту және жаңа кен орындарын игеру жұмыстары жалғасуда», – деп жазылған.

Бұл мәселені сенатор Руслан Рүстемов те, мәжілісмен Мархабат Жайымбетов те көтеріп жүр. Бірі Сенатта, бірі Мәжілісте мәселені майшаммен қараған халық қалаулылары Үкімет назарын аудару үшін күш салуда. Рүстемов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа, ал Жайымбетов Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал да жолдады.

Қолда бар деректерге сүйенсек, Қызылорда облысында мұнай өндіру көлемі төмендеп кеткен. Облыста 2013 жылы 10,5 млн тонна мұнай өндірілсе, 2023 жылы болжамды деректер бойынша 3,5 млн тоннаны құраған. Оның үстіне Қызылорда облысындағы мұнай өндіруші компаниялар мұнай өнімдерінің 80% ішкі нарыққа, қалған 20% экспортқа өткізуде. Ішкі нарыққа кеткен соң бағасының да арзан болатыны жасырын емес.

«Торғай-Петролеум» компаниясының бас инженері Дінмұхаммед Құдайбергенов те Сырдағы өндірілетін мұнайдың көлемі еселеп азайғанын жеткізді. Дегенмен геологиялық барлау жүргізіліп, мұнайдың жаңа қорлары іздестірілуде.

– «Торғай-Петролеум» АҚ 1995 жылы құрылған компания. Бұл мекеме Құмкөл кен орнындағы жер қойнауын пайдаланушы болып саналады. Кәсіпорын мұнай мен газды барлау, игеру, өндіру, тасымалдау, сыртқа шығару және өткізу жұмысымен айналысады. Қызылордадағы осы бір ғана «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамын алатын болсақ, 2007 жылмен салыстырғанда 2022 жылы мұнай өндіру көлемі 12 есе азайған. Нақтырақ айтқанда, 3,5 миллион тоннадан 277 мың тоннаға түсіп кеткен. 2023 жылы компанияға жаңа басшы келіп, жаңа кен орындарындарын анықтау мақсатында барлау жұмыстары қарқын алды. Дегенмен сарқылатын кен орындарын игеріп жатқан мұнай өндіруші компанияларға салық жеңілдіктері, Қазақстанда жоқ технологияларды әкелу үшін импорт бажынан босату, арнайы өндіріс аймақтарына инвестиция тарту секілді бірқатар демеу мен жеңілдік қажет. Бұл экономикалық тұрғыдан өндірістің тиімділігін арттыру үшін керек, – деді Дінмұхаммед Құдайбергенов.

Экономикасы қара алтынға байланған Қазақстандай ел үшін мұнай нарығындағы тұрақтылық пен өсім аса маңызды. Біз мамандар болжамы дәл келіп, Қазақстанның мұнай өндіруші елдер арасындағы абыройы аласармасын деген тілекпен тізгінді тартамыз.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: