«Әр дәуірдің ақыны – өз заманының жаршысы». Сөз құрап, ұйқастыра алатынның бәрі ақын аталса, өлеңде құн, сөзде көрік қалмас еді. Сыр аспанынан қалықтай ұшып, қанатын кеңге жайғандар жетерлік. Ең бастысы, сөз киесін ұғынып, қасиетін білетін жастар өсіп келеді. Соның бірі – әріптесіміз, облыстық «Ақмешіт жастары» газеті бас редакторының орынбасары Ерсін Шамшадин. Ерсін бір айтары болғанмен, өзінің көп қатарластары секілді жылт еткеннің бәріне мойын бұра қоймайтын біртоға жігіт. Оның осынау болмысы, мінезі өлең өлкесінде өзіндік орнын алуға ықпал еткендей. Білімі мен ізденісін бағамдасақ, келешекте әріптесімізден поэзия әлемінің, оның ішінде қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы шығарына сенім мол.
Оның өлеңдерінен шалқыған шабыт, поэзияға тән парасаттылық байқалады. Бұл күнде жас ақынның жырлары өлең-сүйер қауымның ыстық ықыласына ие болып үлгерді.
КЕШУ
Телегей суды теріс ағызған
Тектіден туған бұл басым
Бола алмағасын елге сеп,
Тар жерде кетті көпке есем.
Шарыққа үнсіз телміріп,
Жарыққа жаным селбес ең.
Жұртынан жүріп жырақта,
Айрықта қалған аңдаусыз
Аңғал досымдай алақтап,
Күйіңді сенің сезбесем
Кешіре гөр, Отаным!
Ермін деп қалай айта алам?!
Дәлу біткенді – дуа деп,
Көңіл біткенді қуа кеп
Сенделіп жүрсем қайтадан.
…Көрерімді көрейін
Көзімді баспа қалқалап…
Қала кезер тұрыпты
Далабезер қылықты
Шалық буғанда шалқалап,
Отаным, сені ойладым!
Кеңесті күні сырт қалып,
Сөз қоса алмадым. Қорынам
Таластың тиіп талқысы.
Бір бола алмады бар кісі.
Жоғалған жағым табылған
Жат емес едім жалпыға
Өзіңе мәлім арғысы;
Айтылмай кеткен көмейде
Сөздердің тиген қарғысы,
Жаңғалақ құстай сықпыты
Жоқ іздегеннің – жалғызы –
Мен едім!!!
Есіне тұтып жүрерге
Ес болып қонсам деп едім,
Елпеңдеп біреу келсе егер.
Көп күткен елге олда құт –
«Қасқадан төбел туса егер».
Қайыры жоқ қолдарды,
Қайтуы жоқ жолдарды,
Қайыры жоқ ұлдарды
Сен кеше гөр,
Отаным!!!
ТҮН-ХАТ
Исян!
Сені көрдім түсімде:
Оң сапар күткен алапта;
Айрықта, бәлкім, таңдауын түнге байлаған?
Ырғын бір көпте, өзіне кербез қаратқан –
Жолығар ма екен, қайтадан?
Кірпігінде жанған білтемен,
Көп қарап еді-ау жәутең-көз
Кекілін түнге таратып.
Біз күткен бақыт келе қалардай, әйтеу, кез,
Күнтізбелерді жұқартып.
Соң рет күтер, сол Ару,
Өзеуріп түзбен, жолсызда,
Аптапта бойды сыз қарнап.
Жұмақ күнімнің жалауы болған сол қызға,
Хат жолдасам ба екен, күнде арнап?
Мезетте, кенет, жымияр,
Сезім кернеген шақтарда:
Арманын – Айға, Жұлдызға – сөзін табыстап.
Себепсіз – күліп өзіне таныс бақтарда,
Себепсіз жылар дауыстап…
Жол қарағанына – шамданып,
Ой қамағаныңа – налыдың
Ғаламға жауыр жетеп үн.
Долданып барып, сезінер сосын ақылдым,
Маған да ауыр екенін.
Ақымақтығым ақылға сүйреп әурелеп,
Сұрауы: «Мәңгілік үміт кімге тең?».
Мен болсам ілбіп, ілесіп келем сәулеге:
Сәуле дегенім – Сен екен,
Жарығым!
Көңілге тұтып,
Жұтардай түн де қарады
жан қысқан жұттай көлемі!
Ендігі Саған жеткізбей жатса әр адым,
Аусарлығымнан көремін.
Жылдарға сіңдім,
Сәулеге құлап түстім-ақ.
Сарқынды сабыр соған алаңсыз боянып.
Тағы да бір түнді өткердім, қалқам, іш тырнап,
Жүрегім тулап оянып…
P.S Сені көрдім түсімде:
Жалғыздықта жылай-жылай ісінген,
Көздеріңе қарадым, кекілдім.
Енді сенің адаспауың үшін Мен
Не істей алар екенмін?!
Білмеймін…
СӨЗ
«Жазылмай қалған өлеңдей
Жазаңға маңып барады…»
Темірше Сарыбайұлы
Ой қалауы – «мәнді» іздеу ме,
Өрең жетер, ақылың?!
Жан моласы – жалғыз кеуде
Өлген сөздің ақыры.
Күн үркіме, түн шошыма,
Бұл ғасырдың сыры еді:
Жазылмаған жалқы жыр да
Жазаң маңып жүреді,
Жазаң кезіп өледі.
Содан нөсер бар жылуын
Төгіп өтер тоқтаусыз.
Ұлы өлең – жел сыбыры,
Ұлы өлең – көк даусы.
Соны сезіп жыл да, ай да,
Соны сезіп күз күрең,
Біздің мидан мыжырайған
Саулап ағар сөз кілең
тамар шерге;
тамар мұңға;
жерге тамар дөңгелең;
тамар гүлге;
тамар құмға –
Жасыл өлең,
Көк өлең.
Жан жазалы, сезім алаң,
Көңіл тағы назалы,
Қай ақыннан сұрау алар,
Өлген сөздің обалы.
САНДЫРАҚ
Жаңылдырмас күнді
Құлдығымыз мәңгі.
«Гүлге ораймыз – мұңды;
Жырға ораймыз – таңды»
Өзім
Сен жыламаса екен деп дегбір қалмай бұл,
Зорға ұмтылған жанды, сорға жығып құр.
Зарық тұнған көзден шарыққа көз тастап,
Зайғы арасы бөсіп, көсемсіп сөз бастап…
Жан шуағы Нұрдың жанарыңа ауып
Мен сағынам жолды, мені күтіп ауыл
Тұрғандығын сезсем, жан ауырлай күлкі
Безер беттен сосын, жынданамын бір күн.
Далабезер ұлдың қалаға жат ырқы,
Таланымның иісі – ауылымның жолы…
Сезем…
БӨРІ СОҚПАҚ
Иен дала, иір-иір ізбін де…
Өңешімде өкірілмей өксік қап.
Өзеуреген көңіліиді көрдің бе
Қыр астынан тосып жүрген қырсық бақ?!
Қарашыққа жас қаматып тылсымнан,
Өкпелеме өгейсіткен өткенге.
Базынамды тырналар мен тылсымнан
Сәлем артып жібергенмін көктемге.
Үнсіздікке үйір мендік даралық
Абаданға көшкен кезде кеспірім.
Ай бетінен аяр көріп, аларып,
Үйірімнің үзік үнін естідім
Апан қазар айға кетіп жоғалған.
Қабағымда зілмауырдай сел бар-тын,
Жамалымды жаспен жудым қасқа рең.
Жалғыз туып, жалқы жортқан көкжалдың
Жанарының арғы жағы басқа әлем.
Құса күймен мәңгі маңып сүрлеуде,
Әлем салған әсем әнге елітіп.
Құйындар кеп өлім биін билеуде
Құзғындар жүр жерітіп…
Жазғырмашы: ерте жылап, ес кірсе,
Зор ғаламның обалы бар төменде.
Өларада ғайып күйде ескірсем
Сіңіп кетем көкке… Сосын…
Өлеңге.
АҒА
Азаулыда аға болған ерлер көп еді,
Әйтсе де алмаға ат байлағаны жоқ еді.
Доспамбет жырау
Аға…
Мазарын құшып, азарын көрген мұңлық көп!
Жалғыздығынан жадырап өткен жан қайсы,
Бар еді одан айырмаң.
Қайырын білер алты атам сыйған құмаққа
Құжыра тігіп жатар ем
Қайырылудың түбі қайыр ма?
Өкпеге қиып, өлтірмес деген өлеңнің
Уытын татып торықтым
Уынан барып сен іштің.
Менің басымда – сор қалың
Сенің ішіңде – кеңістік.
«Өлең деп өмір сүрген күн – өкіндірмесің»
Ал, қані?
Өң менен түсте алқынып
Айкезбе торып жүргесін
Ажалда маған – алданыш!!!
Жыр туын ұстап жорыққа
Жасанып кеткен көкемнің
Көргені де – осы.
Көнем бе?
Менің ажалым – мұңымда,
Сенің өмірің – өлеңде.
Жылан көзденіп жырамен құрдымға барып сіңген-ді
Сен көзін ашқан сызашық.
Көк тіліп түсер жасынның
Жолдасы болып іңірде
Жерініп жерден ұзашы.
Көрмегендердің көзі ақсын!!!
Сосын…
Шыңырау түбі шырмалып
Күбірмен дұға жалғаймын.
Кезерген ерін қайталап…
Қараудан саған көз тала…
… Қолыңды созшы, жақын тұтқаным…
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!