Бүгін Жайық жұрты ерекше кештің куәсі болды. Қос өңір Қызылорда мен Оралдың мәдени әлеуетін кеңітіп, шығармашылық байланысын нығайта түсу мақсатында өткен сазды кеш батыстық көрерменге қайталанбас әсер мен ұмытылмас атмосфера сыйлады.
Ән кеші Қызылорда облыстық филармониясы мен Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы арасындағы қос тарапты меморандум аясында ұйымдастырылды. Бұған дейін Сыр елінде Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің «Ару Жайықтан Сұлу Сырға сәлем» атты концерті өткен болатын.
Бұл жолы облыстық филармонияның эстрадалық орындаушылар ұжымы Сыр елінің ыстық ықыласы мен сазды сәлемін батыстық көрерменге ұсынып қайтты. Концертте ҚР «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Үміт Медеуова, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері Азиза Іздіқұлова, Индира Елубаева және Гүлфира Әлиханова, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Индира Баимбетова, Бекзат Молдабергенов, Ринат Үсенов, Ақылбек Табынбаев, Олжас Нұралиев және Айдос Шадаев өнер көрсетіп, көрермен көзайымына айналып үлгерді.
Сазды кеште өнер иелері елімізге танымал композиторлардың шығармаларын тамылжыта орындап, әнсүйер қауымның құрмет-қошеметіне бөленді.
Кеш соңында Батыс Қазақстан облыстық филармониясының басшысы Бауыржан Халиолла өнер жұлдыздарына жайық жұртының алғысын жеткізіп, сый-сияпаты мен ықылас гүлін табыстады.
Көрермен дән риза. Кеш өз миссиясын орындады.
Ән кешінің режиссері — Мәдениет саласының үздігі, «Шеберлік шыңы» номинациясының иегері Азиза Іздіқұлова
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!