Сенбі, 27 сәуiр, 09:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Алып кеп бір иіскетші немеремді…

24.05.2022

570 0

Раушан апа кешкі уақытта біздің үйге тағы келді. Күндегі әдеті сол.  Теледидар көреді. Үйдегі үлкен кісілермен емен-жарқын әңгіме айтып кетеді. «Өз балаларың өзегіңнен тепсе, жетімнің күйін кешесің» деген рас екен. Туған қызының «үйінде жатса қайтеді, қайта-қайта келе бермей» дегенін талай естігенмін. Анасы емес пе? Неге қатты сөйлейді деп іштей ойлап қоямын. Дегенмен, ұлы мен келіні жақтырмаған кейуана қыздың үйіне қалай сыяды?  

Раушан апа үш қыз, үш ұлды дүниеге әкелген. Құдай қосқан жан-жары ертерек дүние салды. Жалғызбасты ана алты баласын әлпештеп өсірді. Ал олардан ешбір рахат көріп отырған жоқ. Олардың қабағы қатулы. «Үйіме неге келдің,» деп қарсы алады.

Отбасы жылуы… Бұл ұғымда қаншама мағына, қанша сезім бар. Ол осы жылуды бауыр еті бала­ларынан сезіне алмағанына іштей күйінеді, жүрегі қан жылайды. Жасы 60-тан асқанда «балаларыма сыймай сергелдеңге түсе­мін» деген ой Раушан әжейдің үш ұйықтаса да түсіне кірмеген шығар… Бұл сезімді ол кісіге бір қарағаннан байқауға бо­лады.

– «Күн батпаймын де­генге кеш қоймайды» дейді. Алла өмір берсе, қар­таймайтын ешкім жоқ. Балаларым да осы жасқа келер. Сол кезде түсінер, бәлкім. Бірақ олардың жы­лағанын көргім кел­мейді. Жақсы тәрбие бере алма­дым ба деп те өкінемін. Ұлдарымның үйіне барсам, «анам келді» деп қуанғанын көрмеймін. Немерелерімді алшақтатады. Тәп-тәтті бал­ғындардың бетінен сүйіп, емірене алмағаным жа­ны­ма батады. Қартай­ған­да көргенім осы бол­ды. «Қарнымның ашқа­нына емес, қадірімнің қаш­қанына жы­лаймын». Бар уайым жанымды жегі­дей жеп ба­рады, – деп кем­сеңдеді шарасыз қария.

Иә, қай-қайсысымыз да қар­таямыз. Ол – өмір заңы ғой, оны ешкім де ат­тап өте алмайды. Алай­да төрінен көрі жақын қалған кезеңде өзіңнің бауыр еті­нен жаралған қайырым­сыз ұл мен қатігез қыздың қара ниетін көріп жүрген қарияның жағдайы алаңдатады. «Қолда бар ата-анамыздың қадірін түсінсек қой» деген ой сананы сыз­датады. 

Өнегелі елдің ұрпағы қазынасын күн сайын құр­меттейді. «Ата-анаң жынды болса байлап бақ» деген сөз бар. Еліміздің тарихында әке-шешесін қарттар үйіне, далаға тастау деген әсте жоқ еді.  Қазіргі таңда «Қарттар үйі, жетімдер үйі бар, соларға қамқорлық етіп жатырмыз» деп мәз бо­ламыз. Бұл – біздің мақтанышымыз емес, құл­дырауымыздың белгісі. Осыны бүгінгі заманның ұрпақтары түсінуі қажет.  Халқымызда: «Ақсақалы си­реген ауылдан ар-иман қа­шады» деген қанатты сөз бар. Сондықтан  кез келген қазақ шаңырағындағы ата-ана өз баласын үлкендерді сыйлауға тәрбиелегені жөн болар. Анаға құрмет көр­сетудің әсте еш сөкеттігі жоқ.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: