Сейсенбі, 30 сәуiр, 22:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Газ: Баға байлауға көнбейді

25.06.2022

464 0

Жыл басындағы қаңтар оқиғасынан кейін сығымдалған газ бағасына

180 күнге мораторий жарияланғаны белгілі. Белгіленген мерзім де аяқталып келеді. Көкейдегі сұрақ: белгіленген мерзім аяқталған соң газ бағасы қалай болады? Жалпы бағаны байлап ұстау мүмкін бе?

Шыны керек, газ бағасына мораторий жарияланғанымен мәселе шешілген жоқ. Бүгінгі күні бұл әлі де шешімін таппаған күрделі мәселенің бірі екені даусыз.

Газ бағасынан бөлек те мәселе жетерлік. Атап айталық…

Газ тапшылығы бола ма?

Бір жылдан соң елде газ тапшылығы туындауы мүмкін екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлармен өткізген кеңесте мәлімдеді. Президент атап айтқандай, елде газ тұтыну көлемі артқан сайын, ішкі нарықты газбен қамтуда мәселе туындауы мүмкін. Яғни келер жылы газ тапшылығы туындайды. Бұл орайда Президент Үкіметке мынадай тапсырма берді: «Газ тұтыну көлемі өте тез өсіп жатыр. Бұл Алматы ЖЭО-2 мен ЖЭЛ-3-ті газхимиялық кешенге айналдыруға байланысты. Келер жылы ішкі нарықта газ тапшылығы болады деп болжанып отыр. Үкіметке «Теңіз» акционерлерімен бірлесіп 2 млрд текше метр газды экспорттан ішкі нарыққа қайта бағыттау бойынша жұмыс істеуді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов газ тұтыну көлемі жыл сайын артып келе жатқанын айтады. «Газ қоры бойынша Қазақстан әлемде 22-ші орында, ал ТМД елдерінің арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін 3-ші орында. Табиғи газды кеңінен қолдану мүмкіндігін ескере отырып, әлемдік экономикада оның маңызы зор.

Ел ішінде газ тұтыну тұрақты түрде өсуде

2017 жылдан бастап 2021 жылды қоса алған кезеңде тұтыну  13,8-ден 18,6 млрд м3-ге дейін 4,8 млрд м3-ге өсті. Газ тұтыну өсімі шамамен 35% немесе жыл сайын орта есеппен 7%-ды құрады»,  – дейді министр.

Энергетика министрінің мәліметінше, қазіргі уақытта ресурстық базаны кеңейту үшін Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытының 1-кезеңін үш кезекпен (1, 2 және 6 млрд м3) салу бойынша жұмыс жүргізілуде, ол

2030 жылға қарай тауарлық газдың өсімін 6,2 млрд м3-ден асыруға мүмкіндік береді.

2021 жылғы маусымнан бастап қуаты 1 млрд м3 жобаның бірінші кезеңі бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Бірінші кезеңді

2024 жылдың басында іске қосу күтілуде.

Жаңарған «QazaqGaz» жаңалығы қандай?

Өткен жылдың соңында ел Үкіметінің шешімімен «ҚазТрансГаз» «Самұрық-Қазына» АҚ құрамына кіріп, «ұлттық ком­пания» мәртебесін алып, портфельдік компаниясына айналды және «QazaqGaz» деп аталды.

«QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төраға­сы Санжар Жәркешовтің пікірінше, бүгін­де газ саласы айрықша қолдауды, елеулі қаржылық инвестицияларды қажет ете­ді. Өйткені газ тасымалдау жүйесінің объек­тілерін жаңғыртпай және кеңейт­пей, тұты­нушыларды одан әрі газбен үздіксіз жаб­дықтау мүмкін емес. Басқарма төрағасы ішкі нарықта газ тапшылығы орын алмауы үшін кейінге қалдыруға болмайтын шара­лар қабылдау қажеттігін айтып, дабыл қағады. Оның айтуынша 2024 жылы ішкі нарықтағы тауар­лық газдың тапшылығы болуы мүмкін. 2022 жылы «QazaqGaz» дефолты­ның қаупі бар (шығындар – 176 млрд тг).

Соңғы жылдарда жаңа газ дәліздері іске қосылды, бұрын бытыраңқы магистраль­дық газ құбырларынан интеграцияланған газ тасымалдау жүйесі қалыптасты. Бола­шақта ресурстық база кеңейтілген жағ­дайда, бұл орасан транзиттік-көліктік әлеуеті бар Орталық Азия газ хабын құруға мүмкіндік береді.

Алайда 2024 жылы газ саласы дағдарыс құбылыстарына тап болуы мүмкін. Егер біз тұтынушылардың барлық өтініштерін қанағаттандырсақ, онда дағдарыс 2023 жылы басталады.

Біріншіден, 2024 жылдан бастап газ тапшылығы болжануда. Ішкі нарықтың қажеттіліктері газдың қолжетімді ресурс­та­рынан 1,7 млрд м3 асып түседі. Жедел шаралар қабылданбаса, газ экспорты 2023 жылы тоқтатылады. Бұл ретте, импортқа қажеттілік 17,1 млрд м3 құрауы мүмкін.

Бұл ЖЭО-ны газға ауыстыру (Алматы­дағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 және т.б.), жаңа газ-химия кешендерін (ОХК, WestGasOil және т.б.) және жаңа ірі коммерциялық тұты­ну­шыларды (ArcelorMittal, Конденсат және т. б.) газбен жабдықтауға қосу жобала­рын қоса алғанда, жаңа ірі тұтынушы­лар­дан түсетін өтінімдердің үлкен көлемі­не байланысты.

Екіншіден, ішкі нарықтың шығынына байланысты 2022 жылы Ұлттық оператор­дың қаржылық тұрақтылығының нашар­лауы болжануда. 2021 жылы Ұлттық оператор тасымал­дау мен экспорттан түсетін кірістер есе­бі­нен ішкі нарықтың 162 млрд теңге шы­ғындарын өтей алды.

Алайда 2022 жылы жалпы кірістің – 47 млрд теңгеге дейін төмендеуі болжануда, өйт­кені ішкі нарықтың шығындары – 176 млрд теңгені құрайды, ал кірістер экспорт көле­мінің 5,7 млрд м3-ден (2021 жылы) 2,7 млрд м3-ге дейін қысқаруына байланысты түседі.

Арзан баға өндірушілерді қызықтырмайды

Энергетика министрі Б.Ақшолақов­тың пікірінше, елдегі газ саласын дамытудың негізгі тежеуші факторы бағаны тежеу саясаты, осыған байланысты 2025 жылға қарай отандық газдың тапшылығы және импорттық ресурстарға тәуелділік туындауы мүмкін. Сол се­бепті инвесторларды ынталандыру шара­ларын қарастыру қажет. Бұл орайда «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жәркешов: «Елдің 3,8 трлн м3 алынатын қорлары 100 жылдан астам уақытқа жеткілікті, мәселе ГӨЗ қуатының шектеулігінде болып тұр.

Еліміз бойынша алынатын газ қоры (ілес­пе және табиғи) шамамен 3,8 трлн м3 құрайды. Негізгі қорлар Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған деген 3 ірі кен орнында шоғырланған.

Газдың негізгі қорлары ілеспе мұнай газы (ІМГ), яғни оны кәдеге жарату мұнай өндіру қарқыны мен көлеміне әсер етеді. Бұл ретте, 2021 жылдың қорытындысы бойынша, осы үш ірі кен орнында өндірілген газдың 41%-ы, қабаттық қы­сымды ұстап тұру үшін қайтадан қабатқа айдалды.

Мұнай өндіруші компанияларды қазір­гі бағамен газ өндіруге қызығушылығы жоқ. Газ өндірудің тартымдылығын арттыру үшін әділ баға ұсыну қажет», – дейді.

180 күннен соң  немесе әлеуметтік әділ баға

Газ бағасын қадағалаған 180 күн де аяқталуға жақын. Белгіленген мер­зім аяқталған соң  газ бағасының қым­баттамай­тынына ешкім кепілдік бере алмайды. «Мемлекеттік органдар тара­пынан бөл­шек сауда бағаларын реттеу тетігінің болмауына байланысты 180 күн өткеннен кейін тұтынушылар үшін сұйытылған мұнай газы бағасының өсу тәуекелдері бар.

Көлем тапшылығының негізгі себеп­терінің бірі көлеңкелі экспорт, бұл кейіннен халық үшін сұйытылған мұнай газының жетіспеуіне және бағаның негізсіз өсуіне алып келеді. Қазіргі уақытта министрліктің ішкі нарықтағы сұйытылған мұнай газының айналымы мен көлеңкелі экспортқа жедел (нақты уақыт режимінде) мониторинг жүргізуге өкілеттігі жоқ», – дейді энергетика министрі. Оның айтуынша, газ бағасы қазір тоннасына 28 мың болса, қадағалау мерзімімен соң 36 мың теңге болады. Көтерме баға литріне 17 теңгеден 19 теңгеге өседі.

«QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төра­ғасы Санжар Жәркешов әлеуметтік әділ баға белгілеу қажеттігін алға тартады: «Тауарлық газды тұтыну құрылымы көрсетілген тұтынушылар топтарының газды нақты тұтынуын көрсетеді. Мысалы, газ көлемінің 28%-ын халық тамақ дайындау мен жылытуға тікелей жұмсайды. ОЭК тұтыну үлесі 41%, заңды тұлғалар – 29%, бюджеттік ұйымдар – тек қана 2% құрайды.

Тұтынушылар топтары бойынша тауар­лық газға көтерме бағаларды саралау бойынша келесі тәсілдерді ұсынамыз:

– халық бойынша – жыл сайын бағаның 15%-ға қалыпты өсуі;

– әлеуметтік жағынан қорғалмаған тұты­нушылар бойынша – бағаны 4%-ға дейін ұстап тұруды қамтамасыз ету;

– коммерциялық тұтынушылар бойын­ша – бағаның жыл сайын 20-30% – ға өсуі;

– жоғары технологиялық кәсіпорындар бойынша – экспорттан «нетбэк».

Биылғы жылдың сәуірінен Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында пилоттық жоба іске қосылды, онда халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тауарлық газдың бөлшек сауда бағасы 20%-ға төмендетілді.

Бірінші шілдеден бастап жобаны еліміздің барлық өңірлері бойынша ауқымды қолдану жоспарлануда. Бұл әлеуметтік-әділ баға реформасының бас­­тамасы болады», – дейді басқарма төрағасы.

Экономист не дейді?

Газ бағасы туралы белгілі экономист Мақсат Халықтың пікірін сұрадық. Ол бұл мәселенің ашық талқылану қажеттігін, халыққа түсіндіру керегін айтады.

– Президенттің нақты тапсырма­сымен газ бағасы Батыс аймақта 50 теңге, жалпы ел ішінде 70 теңгеден асырмауға шек қойылған еді. Енді сол мерзім аяқталып қалды. Алдағы уақытта бағаның өсетіні белгілі. Бірақ енді қатты өседі деп ойламаймын. Менің ойымша, Үкімет тарапынан коммуникация жетіспей тұр. Баға жайын халыққа түсіндіру жағы кем­шін болып жатыр. Газ саласындағы компаниялар төмен бағада ұзақ уақыт ұстап тұра алмайды. Бұл компаниялар үшін үлкен шығын. Ертеңгі күні үлкен компаниялар жұ­мысшы санын қысқартамыз деген мәселені алға тартуы мүмкін. Бұл жергілікті жердегі азаматтар үшін де кері әсерін тигізеді. Себебі азаматтар жұмысынан айырылса, табысынан да айырылады. Сондықтан да Үкімет үшін коммуникациялық қызмет өте маңызды. Халықпен, ел сыйлайтын азаматтармен дөңгелек үстел басында талқылап, түсіндіру керек. Газ бағасын қанша көлемде, қандай реттілікпен көтеру керек деген мәселе ашық айтылуы тиіс. Себебі бұл саладағы компаниялар шығынға ұшырап жатса, онда Үкімет компанияларды дота­циялау керек болады. Ал мемлекет бюджеті белгілі дәрежеде шектеулі, ұзақ мерзімге дотация жасай алмайды. Сол себепті бұл – маңызды мәселе. Үкімет коммуникативті қабілет қажет және эксперттік негізде газдың на­рықтағы өзіндік құнын айқындау керек. Сосын сол бағадан аспайтындай, белгілі бір дәрежедегі ақыл-ой шеңбе­ріндегі бағаны белгілеу керек деп есептеймін.

P.S. Қалай айтқанда да газ тақырыбы Үкімет үшін көкейкесті мәселе екені рас. Ішкі нарықта газ тапшылығын болдырмау, газ бағасын тұрақтандыру, үлкен жоба­ларды жүзеге асыру, мемлекет қолдауын қажет етеді.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: