Бейсенбі, 26 желтоқсан, 01:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ауылдағы алғашқы «алаяқтар»

12.07.2022

658 0

Шіліңгір шілде… Жазғы демалыс. Бұл жолы Ақтөбенің Маржанбұлақ деген ауылында тұра­тын әжемнің үйіндеміз. Қақсап қалғыр қораз қайта-қайта бақырып-шақырып, ұйқы бермеді. Әрі аунап, бері аунап, болмаған соң ұйқымнан тұрдым. Өзімше ерте тұрдым десем сағат 9 болыпты. Ауылда бұл – «әбет».

Әжем «Ә-ә-ә, ояндың ба? Жуынып, шайға кел», − деді. Ұйқысын аша алмай тұрған мен «умывальникке» жуынып алдым. Күннің шақы­райған көзі суды жылытпақ түгіл қайнатып жіберген. Жылы суға ұйқы қайдан ашылсын.

Дастархан басына отырып, таңғы асты бастап кеттім. Жаңа дайындалған қаймақ, шай, ыстық бауырсақ… Қорадан таң атпай теріп келген 10 жұмыртқаны түгел жарып, жеңгем табаға қуы­рып берді. Таласып-тармасып тамағымызды ішіп болам дегенше көкем атты жегіп қойған. Содан 3-4 бидон, бес литрлік бөтелкелерді тиеп алып, атарбамен бұлаққа қарай тарттық. Жетем дегенше «қарыз» болып қалған ұйқыны қандыруға мүмкіндік бар. Атарбада жатқан қара күпәйкені басыма жауып алып, ұйқыға кеттім.

Оянсам бұлаққа жетіппіз. Кісі қарасы қалың. Осы бұлақтан су алуға қаладан арнайы келетіндер де бар. Кезегіміз келгенде көке толтырып тұрады, біз тасимыз. Біз дегені болмаса 5 литрлік судың бәрін өзім тасып бітірем. Ақылы тасыған ағам «Кімнің күші көп, көрейік. Кім көп су апарса сол мықты болады», − дейді. Соған сеніп, бірден екі бөтелкеден ұстап, ұшып-қонып су тасимын. Әншейінде сабағанда өлтіретін ағамның осын­дайда әлі кетіп, мықшыңдап үш-төртеуін зорға тасиды. Сосын «Сенің күшің көп екен ғой, мық­тысың. Бірақ келесіде көресің, мен сенен озып кетем» деп құлағыма «лапшаны» жақсылап іледі де жүгенді ұстап, үйге қарай тартамыз. Мен аңқау болдым ба, әлде ағам қатты ақылды ма, әйтеуір бұл алғашқы алдауы емес еді…

Біздің ойыннан бұрын тұратын миссия – метал­олом жинау. Ауылдағы темір-терсектің барлығын біз жинадық десек асылық емес… Бригадирлер бастап, біз қостап күннің ыстық-суығына қарамай жаздай темір жинап, өзіміз де тот басқан темірдей қап-қара боламыз. Бригадир Жалғас пен Сұлтан деген ағам. Екеуі құрдас, 1996-1997 жылғылар. Қара жұмысшы баяғы біз, кішкентай мен және құрдас құда балам Нұрдәулет. Нұрдәулеттің әкесі тракторист болған соң ба, қай жерде темір барын одан артық білетін ешкім жоқ еді. Жұмыс уақытымыз күндізгі 11.00 мен түскі 15.00. Сағат үштен беске дейін «тихий час», әрі қарай ойын ойнайтын, мал келетін уақыт. Бар қызық та сол жұмыс уақытында.

Темір жинауға әбден машықтанған біз құрал-жабдықтардың түр-түрін жасап алғанбыз. Кіш­кентай тік күрек, қорадағы қоқысты шығаратын, салдыры бүкіл ауылға естілетін темір арба, ескі колонка-радионы бұзғанда шыққан магниттерді толтырып жіпке байлап алғанбыз. Жердегі ұсақ-түйек шеге, болт пен шуруп соған жиналады. Сол саймандарымызды сайлап, жұмысты бастаймыз. Ауылдың орталық көшесі саналатын «Победадан» басталады біздің керуен. Бұрын асфальт болған жалғыз көше. Ол асфальт мүжіліп, быт-шыты шыққан. Төртеуміз жолды төртке бөліп алып әкімдікке қарай тартамыз. Жолдан көрген бірде-бір темірді қалдырмай арбаға тиейміз. Солай ауылдың көше-көшесіне түсіп, темір жинаймыз. Ауылдың темірін тауысып біттік деген кезде ескі көлік шеберханасына барамыз. Ол жердің не құдіреті бар екені белгісіз, әйтеуір күректі сұққан сайын кем дегенде бір болт алып шығасың… Сөйтіп ала жаздай темір жинап, кезінде ауылдың бүкіл техникасы тұрған көлік шеберханасының да металын тауыстық. Айтпақшы, сөйтіп жүргенде бір қызық болды…

Бір күні әкиматтан үйге адам келіпті… Шағымы бар екен. Не болды екен деп шыққан әжеме бірденені түсіндіріп жатыр. Содан кейін біздің екі «бригадир» әжемнің біраз ұрысын естіді. Сондағы әлгі бастықсымақтың әжеге айтқаны: «Балаларыңыз ауылдың қақ ортасында темір жинайды екен. Оған қарсылығымыз жоқ. Бірақ мына Победаның бойында жинағанды қойсын. Қанша дегенмен орталық қой. Жолдың қақ орта­сынан дәу темірді қазып алады. Сосын қазған жерлерін көмбей, ойық-ойық етіп қалдырып кетеді. Түнде әкімнің НИВА-сы сол шұңқырдың біреуіне түсіп, машинасын бұзып алыпты. Енді көрсем штраф салам деп жатыр» деген екен. Ол кезде мицә (полиция), штраф десе жұрттың зәресі ұшады. Әженің ұрысқанына қайғырған екеуі жоқ «Ой, ол көшеде уже темір қалған жоқ, тауыстық бәрін» деп мәз боп жүр.

Сөйтіп, ең маңызды күн де келіп жетті. Жиған-терген темірімізді атарбаға тиеп, ауланы бір тазартып алдық. Екі кішкентай бізді «Ат онсыз да қиналып зорға апарады. Оның үстіне біз мына үйдің артындағыға емес, ана ауылдың шетіндегі Наурызға тапсырамыз. Ол 25 теңгеден қабылдайды. Көп шығады. Сендер үйде күтің­дер», − деп тастап кетті. Ондайда құрғыр уақыт өтетін бе еді…

Алыстан атарба көрсек елең ете қалып, есік алдында отырып күтеміз. Өзіміздікілерді көр­генде алдарынан жүгіріп шығып, атарбаға секі­ріп мінеміз. Міне сала «долямызды» сұрасақ «Атар­баны сыпырып тастаңдар сосын ақша­ны бөлеміз» дейді. Сыпырғышты ұстап алып, атарбаны шыбын тайып жығылатындай қылған соң сарайға барамыз. Ы-ы-ы, ең керемет сәт. Шы­тыр-шытыр еткен ақша, сыңғырлаған тиын. «100 келі жинаппыз. 2500 теңге шықты. Әр­қайсымызға 500 теңгеден келіп тұр. Ал қалған 500-ге магазиннен бірдеңе аламыз», − дейді. Қуа­нышта шек жоқ. Еңбек ақталды. Қалтада 500 теңге. Оның үстіне магазинге баратынымыз тағы бар…

Дүкенге барып, 2 лимонад, 4 кириешки мен бізге подарка ретінде бір-бір балмұздақтан алып береді. Бала көңіл қуаныштан жарылардай. Тәт­тіге әбден тойды оның үстіне ақшаң да бар… Ертең әжем пенсия алуға барады, сонымен еріп қалаға барып, әбден қыдырам деп жоспар құрып қойдым. Енді тезірек ұйықтап, таңға жету…

Таң атты. Ұйықтап қалыппын. Әже, Жалғас пен Сұлтан ағам жоқ… Қалаға кетіп қалған. Аңы­рап мен қалдым. Ертең өзіміз апарамыз деп аға-жең­­гем алдаусыратып жүр. Олардың ауылдан ая­ғын аттап баспайтынын білетін мен алдана қоям ба…

Кейінірек бар шындық ашылды. Әлгі екеуі бізді мықтап тұрып алдап жүр екен. Олардың 100 келісі шынында 1 тонна екен. Қалтаға 25 мыңды салып алып, бізге 2500 шықты деп айтады. Содан 23 мың жарымды теңдей бөліп, қалада әбден рахаттанып қыдырып қайтады…

Оның өзін өсе келе білдік. Көбейту түгіл плюс пен минустан қиналып жүрген 1-2 сынып оқушысымыз ғой ол кезде. 100 келіні көп көріп жүрген біз екі «алаяққа» біраз алданып келіппіз. Бір-екі жыл бұрын бауырлар болып бас қосқанда, екеуі бар шындықты жайып салып, бір күліп алдық. Енді «Мүмкін кезінде солай алдамаса қазір аңқау болып жүре берер ме едік?» деп алдаусыратамын өзімді. «Бізді алып кетсе нелері кетеді екен?» деп ренжіп те аламын…

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: