Бейсенбі, 02 мамыр, 22:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

«Бір жасыңызбен» немесе 500 теңге

21.03.2023

666 0

14 наурызда жұрт таң азанымен бауырсақ пісіріп, үйлерінде пішінә-кәмпитін дайындайды. Жұмысқа асыққан аналар күндегіден ерте тұрып, анау-мынауын дайындап қояды. Өйткені бұл көрісу күні.

Біз жақта, батыста, балалар жылына екі рет жасап қалады. Бірінші осы көрісу күні болса, екіншісі «пасха». Біріншісінде кез келген үйдің есігін қағып, көрісесің. Үй иесі қолыңды алып, кейін тәттіні үйіп-төгіп береді. Екіншісінде боялған жұмыртқа мен куличке тоясың. Міне, бір жылы осы көрісу күнінде қызық болды.

Сабақтан үйге қайтқанша асықпын. Жиын-тойда беретін 150 теңгенің тақиясын басымызға киіп алып, тәрбие сағатын ұйымдастырып жүрміз. Мектепте әшейінде көзге түспеуге тырысатын директормен де бүгін амандасып, қол алысып жүрміз. Бірақ қанша қызық дегенмен үйге асықпын. Өйткені түстен кейін оқитындар бүкіл үйді аралап қоя ма деген қызғаныш бар. Әйтеуір сабақ та бітті.

Аялдамада топырлаған бала тұрмыз. Барлығы да үйлеріне асығып тұрғандай. Ондай кезде «маршруткаң» да келе қоймайды. Әр жерде топ болып бөлінгендер өзара шүйіркелесіп, ананы-мынаны айтып тұр. Бір кезде досым бастады. «Өткен жылы көрісу күнінде үй араладық. Бәріміз көше-көшені бөліп алғанбыз. Амангелді көшесі Арсен екеумізге түсті. Ол оң жағын, мен сол жақтағы үйлерді аралаймыз деп келістік. Сөйтіп, көрісуді бастадық. Арсеннің үй иелері бірінің соңынан бірі есік ашып жатыр. Ол қайта-қайта сөмкесіне кәмпит-пішінәйды салуда. Мен жақтағылардан ешкім ашпайды, тіпті бір үй де ашқан жоқ. Ақыры бір апай ашты да қолыма 500 теңгені ұстатты», − дейді досым. Ана әңгімеден кейін маңыраған қойлар секілді «Мә-мә» деумен болдық.

Ақыры автобусқа да міндік. Жолай достарым өз аялдамаларынан түсіп қалып жатыр. Мен ең соңғы болып түстім. Жүгірмесем де аяқты-аяққа соғып, асығып келем. Анам: «Сен табаныңмен емес, балағыңмен жүресің бе?», − деп айтады-ау деген ой да жоқ бүгін. Үйге келсем ешкім жоқ екен. Бәрі жұмыста, сабақта. Костюмді іліп, жинап қою деген жайына қалған. Апыл-ғұпыл үй киімімді кидім де сөмкемдегі кітаптарды төңкеріп тастап, арқама іліп алдым. Қазір іші тәттіге толатынын ойлап жымиып та қоямын. Сонымен басталды. Бірінші өзіміздің көрші Бекзаттың үйі. Бір-екі рет қақтым. Ашпады. Күтетін уақыт жоқ, келесі үйге кеттім.

20-30 үйдің есігін қаққан шығармын. Соның бір-екеуі ғана ашты. Онда да біреуі орыс Таня апайдың үйі. Оған ішімнен «Осы сендердің мейрамдарыңда келеміз ғой. Біздің мейрамға да дайындалып қойсаңдар қайтеді. Наурыз болса ғой, біреуің қалмай келесіңдер», − деп бұрқылдап қоямын. Екінші бір үй бауырсақ берді. Ол бауырсақ үйде де толып тұр. Тағы біреуі тістесең үгітіліп, қиқымы жерге түсіп берекетті алатын «День и ночь» печенье мен дастарханда он жыл тұратын «Рачки» деген кәмпит ұстатты. Қысқасы, көңіл-күй жоқ. Үйге қайттым.

Кімге екені белгісіз, ренжіп жатып ұйықтап кетіппін. Бір кезде есік қақты. Ұйқылы-ояу тұрып, есікті ашсам Берік деген досым екен. «Кеттік сыртқа, бәріміз бүгін жинағанымызды көрсетейін деп жатырмыз», − дейді. Есік ашқаныма өкіндім. Қалай болса да бару керек. Өйткені олардың не жинағаны қызықтырып барады. Жан-жағыма қарап тұрғанда дастарханға көзім түсті. Шешем жұмысқа кететін болған соң 5-6 кішкентай пакетке тәттілерді дайындап кетіпті. Екеуін сөмкеме салып алдым. Бәрін салып алайын десем біп-бірдей. Тағы ойланып тұрғанда өткенде туған күнге келген қораптағы шоколадты көрдім. Оны солайымен сөмкеме салып алғым келді. Бірақ сөмкеме симаған соң шоколадты ашып, үйдегі дайын тәттілерге бөліп салып жібердім. «Жоқтан жақсы» деп далаға шықтым.

Барсам біздікілер ас та төк жиын ұйымдастырып қойыпты. Неше түрлісі бар. Біреулеріне тіпті алма-алмұрт, өзгесіне рафаэлло кәмпитке дейін берген. Кезек маған келді. Ұялып тұрсам да амалсыз сөмкемнен бір-бірлеп шығарып, көрсетіп жатырмын. «Маған сок, тойбокс берді бір апай. Оларды бірақ үйде жеп қойдым», − деген әңгімені де айтып қоям. Солай шығарып жатқанда сөмкемнің түбінен өзім жинап жүрген 500 теңгеге көзім түспесі бар ма?

«Сендердікі әшейін-ақ. Ең күштісін көрсетейін бе? Міне. Мұны Таня апай берді. Бүгін мейрам екенін ұмытып кеткен екен. Енді бәріне ақша таратып жатыр», − дедім. Әңгімемді айтып болғаным сол еді, әлгі балалар сөмке-пөмкелеріне қарамай Таня апайдың үйіне қарай жүгірді. Әрі қарай не істегендерін білмеймін, бірақ бұл жолғы «Көрісу күнінде» менің «жеңімпаз болғаным» анық.

Сурет ашық дереккөзден алынды

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: