Бейсенбі, 25 сәуiр, 13:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Біз «таксовать» еткен жигули

17.05.2022

826 0

25 мамырға жұрт «Сабақ бітеді» деп қуанса, өз басым ауылға барамын деп қуанатынмын, 4-сыныпқа дейін солай болды. Ол кезде ауылда нағашы әжем бар. Сол үшін ауылдағы үйге нағашы-бөлелер жиналып, таңнан-кешке дейін ойынның түбін түсіреміз. Үлкендер жағы түнімен көшеге шығып, күндіз ұйқыны тебеді. Ортаншылары үй шаруа­сына көмектеседі, ыңғайы келсе ойынға қашып кетеді. Біздер, мелочьтар, әйтеуір аяққа оратылып, бір жылап, бір күліп үй жақта ойнаймыз да жүреміз. Сондай каникулдың кезекті жылы…

Әкемнің «путевкаға» қолын қойды­рып, 50 теңге төлейтін қала аралық «кукушка» деген пойызға отырып, ауылға жол тарттық. Жалғыз емес әрине. Әжеміз өзі келіп алып кететін. Қолда «трубочка» сусын мен сол баяғы бір «ТоуВох». Рюкзакта киімнен гөрі ойыншық көп. Пойызда әже әйтеуір бір танысын тауып алып, әңгіменің түбін түсіріп жатыр. Мен вагонның ішін әрі-безі кезіп, жұрттың мазасын алып жүргенде ауылға да жеттік.

Вокзалдан «старшак» бөлем ат арба­мен күтіп алып, үйге қарай тарттық. Маған дейінгілері ауылға келіп үлгеріп, каникулдың қызығына кіріп кеткен. Келе сала мен де әй-әй киімімді шешіп, «человек паугы» бар шлепкам мен үй киімімді киіп алдым. Әженің барбарис кәмпитін шайға салып, сүтті шайды ірітіп жіберсем де қылқытып ішіп, ойынға кірісіп кеттім. Өзімше қалалық болып, ауылдағыларға фокус үйретіп жүрмін. Қайбір жөнді фокус дейсіз. Үйде әке-шешеміз жоқта ағамның шырпымен істеп үйреткен фокусы. Шырпыны жағасың да бірден ұртыңа саласың. Ол өзімен-өзі өшіп қалады. Ал сенің таңдайыңнан қонақ келгенде жейтін «копченый колбасаның» дәмі кетпейді… Сол фокусты әркімге көрсетіп жүргенде бірінші күн де өтті.

Екінші күні әншейінде сабаққа тұр­майтын Аслан ойнағысы келіп, әжеммен бірге еп-ерте тұрып алған. Дала­да құдықтың суы енді құйылған умывальникке жуынып аласың. Ыпсе. Ұйқың автоматический ашық. Әженің аяғына оратылып жүріп бірге ошаққа от жағып, самаурын қайнаттық. Үйдегі «бандылар» жаймен қатарға қосылып жатты. Ең соңғылары тұрған кезде бәріміз дастарханға отырып, әженің сіп-свежий нанына сарымайды аямай жағып жеп алдық. Енді ойынның кезегі…

Сыртқа шыға салысымен қып-қызыл жигули көзіме түсті. Кеше неге бай­қамағам?.. Сырты жалтырап тұр. Іші де жаман емес. Түрлі-түсті тоқпен қапталған руль, скорость ауыстыратын рычагта әйнектің ішінде тұрған роза гүл. Қысқасы, сол кездегі  S-класс көлік. Ол жигули нағашымдыкі екен. Көктемгі шақыртумен әскерге кетіп қалып, үйдегілер дұрыс айдамайды деп әжеміздің үйіне әкеліп тастаған.

Сол күннен бастап бар қызық бас­талды. Алғашында айналшықтап қасын­да жүрдік те қойдық. Бірақ күн өте көлік орнынан қозғалған сияқты… Сөйтсек үйдегі «старшактар» түнде әженің тық­қан жерінен кілтті ұрлап алып, ауланың сыртына итеріп шығарады екен. Үйден алыстадық-ау дегенде оталдырып, кө­шеде жұлдыз болып жүреді. Әйтеуір екі-үш күннен кейін бензины таусылды ма орнынан қозғалмай қойды. Ал біздің ең бақытты күніміз менің «отпускімнің» екінші аптасында басталды.

Түсте әже ұйықтады-ау деген кезде үйдегі 10 баланың бәрі ауылдың шетін­дегі «Движокқа» қашып кеттік. Жүзе алатындар арғы бетіне дейін барып, суда сальто жасап жүр. Анда-санда бізді батырам деп тырқыратып қуып, судың ортасына апарып жылатып та алады. Сөйтіп әже ұйқыдан тұрады-ау деген кезде бір белсебетке үш адамнан (бір водитель, бір пассажир артында, бір пассажир ең жаман жер – водительдің алдындағы темір рамада) отырып алып үйге тарттық. Бұл жолы ұсталып қал­дық. Есік алдында әжеміз күтіп тұр. Аулаға кіргізбестен бұрын әженің алдына барып Фейс-контрольдан өтесің. «Фейс контроль» деген ол − әженің қолыңды тырнауы. Кезегің келгенде қолыңды созасың. Әженің тырнағының ізі қолыңда әппақ болып қалса біттім дей бер. Өйткені ақ із болса, суға түстің деген сөз.

Шапалағымызды жеп, аңырайтыны аңырап, шыдайтыны шыдап үйге кірдік. Үйде апамыздың екі сағаттық лекциясын тыңдап, суға енді бармайтындай түр салып, сыртта ойнауға рұқсат алдық. Менің ойым сол баяғы жигулиде. Ішіне отыру арман болып жүр. Сөйтіп машинаға барып, есігін ашып көргім кел­генде сырт етіп ашыла қалды. Қуа­нышымда шек жоқ. Рулін ұстап алып айдап келе жатқандай отырмын. Ауызбын «бип-бип» деп қоямын. Анда-санда алдымдағы «пешеходтарды» бала­ғаттап аламын.

Машинаны жүргізгісі келіп тұрған­дар кезекте тұр. Сөзі өтетін біреуі мені шығарып, өзі отырып ойнай бастады. Оны көрген әжеміз қалай аштыңдар деп ұрсып, қуып жіберді. «Старшактар» әжеге «Кілтті бер, құлыптаймыз» деп «қылмыстарын» білдірмей жапқысы кеп жүр. Техниканың тілін білмейтін әже бірденені құртады деп қорықты ма берген жоқ…

Сөйтіп күндер өте берді. Бәріміз түс болғанын күтіп, әжеміз ұйықтағанда машинамен ойнауға асығамыз. Өзімізше такси болып, адамдарды қалаған жеріне жеткіземіз. Күндер өте келе әжеміз де қоймайтынымызды білді ма «Бүлдіріп тастамаңдар» деп қана айтатын болды. Рұқсатын алған біз таңнан-кешке дейін сол жигулимен «таксовать» етеміз. Бара-бара машинаның іші ақшаға, ақша дегенде тас пен жапыраққа толды. Бала жүрген жер қайбір дұрыс болсын, рулін кілттеп алып бір рет иманы­мыз ұшты. Одан оны ешкім байқамаған соң орындықтарын аяқпен тапалау басталды. Машинаның төбесіне шығатын «ешкілер мен маймылдар» да бар еді. Әйтеуір, бір жазда жигулидің ат-көпірін шығардық. Үш ай каникулда қызыл жигули өмірі көрмеген қорлықты көрді. Іші шаң мен топыраққа толды, артқы терезесі шағылды, басы қатты істейтіндер багаж­нигін ашып, оның ішіне бутылка жинады. Солай 90 күнде нағашымның талай қыз­ды «сындырған», ауданнан қаншама рет азық-түлік тасыған көлігінің «быт-шытын» шығардық. Алайда «добивать» еткен біз емес…

Екінші жазда барғанда біздің «ақша тауып» жүрген көлігіміз дымға жарамай қалыпты. Біздің де оған қызығымыз әбден басылған. Бірақ ананың ішіне отыру да мүмкін емес. Машина таза «лепешка» болып қалған. Жигулиден лепешка жасаған – «старшактар». Бір күні бензин тауып, машинаны айдаса керек-ті. Көрші ауылда біреуінің қызы бар екен. Соған барған кезде тас кесек­теп, штакетник ұстаған ауылдың «смотрящийлерінен» қашамыз дегенде көлікті аударып алған. Құдай сақтап, екеуіне дым болмаған. Ал көліктің көретін жері жоқ.

Содан кейін нағашы ағамыз әскерден келгенде машинасын көріп, шынымен көзіне жас алып, жылапты. Жыламағанда ше? Кішкентай кезінен жинаған малын сатып, облыстан айдап келген жигулиі ғой. Естуімізше, содан кейін әлгі екеуін «мамалатып», күзде отын теруге, жазда сенокоста әбден жұмсаған екен.

Одан кейін біраз уақыт та өтті. Нағашы жигулидің онын алып, онын сатты. Ал біздің лагерьдің вожатыйы, әжеміз қыстың бір күні түйе бағып кетті. Содан кейін ол үйге де жиналуды азайттық. Әрі кетсе 1-2 аптаға ғана баратынбыз. Уақыт өте келе ондағылар қалаға көшіп, үй тіптен бос қалды.

Қайбір жылы ауылға жол түсіп, біз­дің «лагерьге» арнайы соғып кеттім. Кезіндегі жарқырап тұрған, ауылдағы ең «шумный» үй бұл күні әбден тозған. «Көкинәнің» фундаменті ғана бар. ДТ-ның кабинасының төбесінде әжемнің кептіруге қойған құрттары жоқ. Біз «таксовать» еткен жигулиді де тот ба­сып, көрер жері қалмапты. Жаздың ке­зінде сап-салқын болып тұратын, жұпар иісі бар үйдің іші де қабағын түйіп тұрғандай кейіпте. Серванттың алдында әженің тарағы да, сол кездегі біз үшін алтын саналған «барбарис» кәмпит сақ­талған сандықтың дәу қара құлпы да жоқ. Тек бір ғана нәрсе қалыпты. Ол − ме­нің балалық шағымның естеліктері ғана…

Уақытты да, адамды да қайтара ал­майтынымыз өкінішті-ақ. Әйтпесе қазір бидонмен су тасудан да қашпай, жайыл­ған құртты да ұрламай, әжемді де уайымдатпай, айқайлатпай күні-түні жанынан бір елі шықпай жүрер едік…

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: