Сурет: Nur.kz
Қасиетті қара жер – адам баласы кие тұтатын ең қадірлі мекен. Адамның кіндігі де, тірлігі де Жер-Анамен байланысты. Жерден өзге аймақта, басқа планетада адамдар өмір сүре алмайды. Ғалымдар қанша зерттесе де тіршілікке жерден лайықты планета таба алмады. Жер-Анамыз ашулы секілді. Ол мінез көрсетіп, ақпанда алапат болып, жер сілкінді. Зардабы да ауыр. Бауырлас Түркиядағы жер сілкінісі оның зардабы қаншалықты ауыр болатынын көрсетті.
Зілзаладан зардап шеккен Түркия һәм Сергелдеңге түскен Сирия
Дәл қазір алыстағы түрік ағайындар қатты қиналуда. Алапат зілзала бірнеше мың адамның өмірін жалмады. Мыңнан аса ғимарат қирады. Құтқарушылар қираған ғимараттар мен үйіндіге айналған тұрғын үйлердің арасынан адамдарды шығаруда. Сириядағы жағдай да мәз емес. Өкінішке орай қайтыс болғандардың саны күн санап артып отыр. Төтенше жағдайлар мен апаттар жөніндегі басқарманың (AFAD) мәліметіне сүйенсек, 6 ақпан күні Кахраманмараш-Пазарджик ауданында 7,7 баллдық және Эльбистанда 7,6 баллдық жер сілкінісі болған. Бұл аздай 648 афтершок болған дейді мамандар. Афтершок дегенді соққының қайта қайталануы деп түсіндіруге болады. Бірақ оның әсері алғашқыдан әлдеқайда төмен. Дегенмен алапат жер селкінісінен кейін 600-ден астам афтершок болса ондағы ғимараттар үйіндіге айналмағанда қайтсін… Жерасты дүмпуі Түркияның 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда сезілген. Түркия Президенті Режеп Ердоған 10 провинцияда 3 айға төтенше жағдай режимін енгізіп, ел көлемінде 7 күндік аза тұту жариялады. Ол твиттердегі парақшасына: «Елімізде 2023 жылдың 6 ақпанында болған жер сілкінісіне байланысты 7 күндік ұлттық аза тұту жарияланды. Туымыз 2023 жылдың 12 ақпаны, жексенбі күні, барлық елімізде және шетелдік өкілдіктерде күн батқанға дейін жартылай тік көтеріледі», – деп жазды.
«Анадолы агенттігінің» мәліметіне сүйенсек, Түркияда жер сілкінісінен қаза болғандар саны 12 мыңнан асқан. Бұл – Қазақстан уақытымен 9 ақпанның таңындағы ақпар. Төтенше жағдайлар мен апаттар жөніндегі басқарманың (AFAD) мәліметінше, Кахраманмараштағы зілзала салдарынан 12391 адам көз жұмса, 62914 адам жарақат алған. ҚазАқпарат агенттігі халықты орналастыру үшін 70818 шатыр тігілгенін мәлімдеді. Соңғы мәліметтер бойынша Түркия мен Сирияда зілзаладан қайтыс болғандардың саны 20 мыңнан асқан. Өкініштісі, қаза тапқандардың саны сәт санап артып келеді.
Сирияда да зілзала салдарынан мыңдаған адамның қаза тапқаны белгілі болды. Бұл елдің де жағдайы мәз емес. Сергелдеңге түскен Сирия да көмекке мұқтаж.
Біз қанша жерден технология дамыған ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз десек те әлі күнге дейін зілзала туралы алдын ала нақты болжам жасау мүмкін емес. Тіпті мұндай табиғи апаттың дәл қай күні, қай сағатта болатынын сейсмология ғылымының өзі нақты айта алмай отыр. ДДСҰ бағалауы бойынша зілзаладан зардап шеккен аумақтарда барлығы 23 миллионнан астам халық тұрады екен. Бұл ұйым қаза тапқандар саны 20 мыңнан асуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Негізі Түркияда жер сілкісіні жиі болады. Бірақ 6 ақпандағы зілзала апатты болып тұр. Қолда бар деректерге сүйенсек, құтқару жұмыстарына 10 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Президент Ердоған бұл зілзаланы 1939 жылдан кейін қайталанған аса ірі табиғи апат деп атады. Зілзала зардабы Грузия, Армения, Ливан, Иранда сезілген. Кейіннен Анкара қаласында да қуаттылығы мұнан төмен жерасты дүмпуі болған. Тіпті 8 ақпанда Түркияның оңтүстігінде қуаттылығы 5,4 баллдық жер сілкінісі тіркелген.
Қазақстан көмек беруден аянбайды
Зілзаладан зардап шеккен Түркияға әлем жұртшылығы көмек қолын созуда. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркия Республикасына гуманитарлық көмек ретінде 1 млн доллар бөлуді тапсырды. Осы тапсырмаға орай ел үкіметі 8 ақпанда қаулы қабылдап, Қаржы министрлігіне Қазақстан және басқа мемлекеттердің аумағында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін 2023 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген ҚР Үкіметінің төтенше резервінен ҚР Сыртқы істер министрлігіне бір миллион АҚШ долларын бөлу тапсырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігіне барып, бауырлас елдің оңтүстік-шығысында болған алапат зілзала салдарынан мыңдаған адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. Сондай-ақ Қазақстанның жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізіп, көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
– Түркияда болған жойқын жер сілкінісі салдарынан көп адамның қаза болуы баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Қазақстан халқының және жеке өз атымнан түрік бауырларымызға көңіл айтамын, – деп жазды Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президентінің тапсырмасына сәйкес Түркияға құтқарушылардың екі легі аттанды.
Хабар-ошарсыз кеткендер арасында Қазақстан азаматтары да бар. 8 ақпанда Сәбина Мамадиярова табылды. Үйінді астынан табылған жерлесіміз дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Өкінішке орай Әділ Қадырбеков пен Мирус Құрмашев қаза тапты. Олардың денелерін құтқарушылар үйінді астынан тапқан. Сонымен қатар Түркиядан 64 адам елге жеткізілді. Оның 42-сі отандасымыз, 22-сі Қырғызстан азаматы екенін айта кеткен жөн.
Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Ибрагим Күлшімбаев құтқарушылардың жұмыс барысын баяндады. Оның айтуынша, жер сілкінісі болған аймақта күрделі жағдай қалыптасқан. Құтқарушылар үйінділер арасында қалған адамдарды іздестіріп, әкелген құтқару жабдықтарын қолданып жатыр.
– Газиантеп қаласының Ататүрік көшесінде екі нысан бойынша тобымыз екіге бөлініп жұмыс істеп жатыр. Құтқару операциялары кезінде құлаған үйлердің қирандыларын қарап, арасында қалып қойған адам бар-жоғы тексеріледі. Мәйіт болса оны алып шығу да біздің міндет. 30 адамнан тұратын бір тобымыз бір нысанда, 10 адамнан құралған екінші тобымыз басқа нысанда жүр. Олар түрік құтқарушыларымен бірігіп жұмыс істеп жатыр. Мына жерде барлық күш-құрал бар. Келген еріктілер тамақ жағын ұйымдастырып жатыр. Қаланың әкімшілігі де бізбен бірге, қасымызда, – деді Төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев.
Журналист Гүлнар Жолжанның «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Қолдау мен көмек» атты мақаласында Түркияда он елдің 1000-ға жуық құтқарушы маманы зардап шеккен нысандарда жұмыс істеп жатқаны жазылған. «Алапат кесел болған күннен бастап бұл елге Әзербайжаннан – 400, Қазақстаннан – 100, Ресейден – 100, Беларусь Республикасынан – 64, Қырғызстаннан – 63, Грузиядан – 60, Өзбекстаннан – 60, Молдовадан – 55, Тәжікстаннан – 50, Эстониядан – 44 құтқарушы аттанған», – деп жазылған мақалада.
Апат айтып келмейді. Бірақ оның зардабы мен салдары да ауыр болуы мүмкін. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, физика-математика ғылымдарының кандидаты Нұрсәрсен Өзбеков соңғы бес жылда Қазақстанда сейсмикалық құрылғыларда 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелгенін атап өтті. «Атап айтар болсам, 2018 жылы – 8500, 2019 жылы – 7800, 2020 жылы – 9500, 2021 жылы – 6700, 2022 жылы – 6900 жер сілкінісі болды. Бұл – сейсмикалық фон, геологиялық аймақтың сейсмикалық өмірі. Яғни бұл – жалпы қатты байқалмайтын жер сілкіністері», – дейді маман.
Түркиядағы жағдайға байланысты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де шұғыл шаруаға кірісті. Аталған министрліктің үйлестіруімен Ұлттық волонтерлер желісі Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауды бастады. «Гуманитарлық көмек республикалық маңызы бар барлық қалалар мен облыс орталықтарындағы «Birgemiz» өңірлік волонтерлер фронтофистерінің кеңселерінде ұйымдастырылып, Ұлттық волонтерлік желісі арқылы Қазақстандағы Түркия елшілігіне тапсырылады. Түркия елшілігіне барып, зілзалада опат болғандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендердің тез сауығып кетуіне тілектестік білдірдім. Сонымен бірге волонтерлер тарапынан жасалатын көмек турасында пысықтадық», деп жазды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қазақстан жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға да көмек бермек. Президент Үкіметке Ислам ынтымақтастық ұйымы арқылы Сирияға гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды.
Былайғы жұрттың да бауырлас елге көмекке асық екенін байқауға болады. Журналист Нұрбек Бекбау Түркиядағы зардап шеккен халыққа киіз үйлер апару туралы бастама көтерді. Артынша Қызылордалық кәсіпкер Марат Сәрсенбаевтың Түркияға киіз үй жіберетіні белгілі болды. Нұрбектің өзі әлеуметтік желіге қажетті қаржы жиналғанын, оған киіз үйлерді алатынын жазды. Жаңақорған ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров апат аймағына волонтер ретінде баруға дайын екенін мәлімдеді. Құтқарушылар сапына қосылуға біз де дайынбыз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!