Жексенбі, 22 желтоқсан, 10:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Мен батырдың ұрпағымын

12.07.2022

679 0

Менің атам Әріпхан Әбілқасымұлы 1923 жылы Тереңөзек ауданындағы Шір­кейлі ауылында діни сауатты, текті  Әбілқасым атамыз бен Патыма әжеміздің отбасында дүниеге келген. Құжат жүзінде комсомолға өту үшін 1922 жылы туған деп жаздырған. Әріпхан атамыз жастайынан еңбекқор, ақынжанды болып өскен. 7 жылдық мектепті бі­тіріп, Қызылорда қаласы пед­училищенің 6 айлық кур­сын тәмамдаған. 

Әскерге 1942 жылдың ба­сында барып, 1946 жылдың аяғында қайтқан. Сталинград қаласынан бастап Австрия астанасы Венаға дейін 22 қа­ланы азат етудегі ерліктері айтарлықтай көп болған. Атамыз ІІІ Украина майда­ны­ның командирі Маршал Толбухинның армиясында болған. Маршал  Толбухин­ның соғыстағы әдісінің ерек­шелігі көпшілік жағдайда қан­сыз, келісіммен қалаларды жау­лағандықтан, Сталинге бұл әдіс ұнаған. Бірақ кей маршалдарға қарсы келген екен. Осындай әдіспен соғысқан Маршал Толбухинның атында Бол­гария елінде қала бар. Қаланы бұлай атаудың себебі − жер­гілікті халықтың Маршал Толбухинге деген риясыз ри­зашылығының белгісі. Ал ме­нің Әріпхан атам осы армия қатарында пулеметші және гвардия жауынгері болған.

Атамыздың соғыс туралы бізге айтқан естеліктерімен бө­лісейін. Таң уақытында өзеннің келесі бетіне өту керек болған. Алайда өзенге немістер мина қойған екен. Өзеннен өту мүмкін емес болғанымен, сол күні өзеннің суы тасып, 1 метрге кейін көтерілген. Осыны пайдаланып өзеннің келесі жағына аман-есен өткен әскерилер немістерді қуып жетіп тұтқындаған. Сәлден соң дүрбіден қарап тұрса, бір төбеде екі солдат келе жатыр екен. Өзіміздің солдаттар екен деп ойлап, алдынан күтіп алуға кім барады дегенде менің атам барған. Жүріп келе жатып, жақындаған уақыт­та қолдарындағы авто­маттан неміс солдаттары екенін білген. Жағдайдың қиындығына қарамастан атам оларды тұтқындап алып кел­ген.

Тағы бір шабуылда 6-7 сол­даттың киімін тазалап отыр­ған немістердің үстінен түсіп, барлығын тұтқындаған. 1944 жылы Румыния жеріндегі шабуылда партизандармен кез­дескенде ішінен бір жігіт: «Араларыңда қазақтар бар ма? Қызылордадан кім бар екен?» – деп сұрастырады. Ол кісі атамның ауылдасы, бір мектепте оқыған Ибраһим деген досы екен. «Партизан болып туысқаның келеді. Туысқаның болып паритизан келеді» деп білген атамыз досына да сенбеген. Бір күннен кейін барып, мән-жағдайды сұрастырады. Ибраһим атамыз тұтқынға түсіп қалып, қашып шыққан соң партизандарға қосылған екен.  

Міне, осындай ерліктері үшін атам «Жоғарғы бас қол­басшы» Сталинның үш мәрте алғыс хатымен және 1944 жылдың сәуірінде ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, осы жылдың қарашасында ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған.

Соғыстан кейін елге орал­ған атамыз Тәжігүл әжемізбен шаңырақ құрған. Тәжігүл әжем де ерте жасынан тылда еңбек еткен. Тәжігүл Әбілқасымова әжеміз Ұлы Отан соғысындағы «Ерен еңбегі үшін» медалі иеленген, тыл, еңбек ардагері.

Атамыз «Қызылотау» ұйы­мының кітапханасында жұмыс істеген. Үш-төрт түйеге кітап артып, Ақши, Құмкөл, Арысқұм елдімекендеріне ба­рып, қырдың бойында үй ті­гіп, ішін кітапқа толтырған. Халыққа радио мен патифон тыңдатып, кітап оқытып, сауатын ашқан. Атам 4 кең­шардың кітапхана меңгеру­шісі болып қызмет атқарған. Сол ата-әжем екі ұл мен төрт қыз тәрбиелеп өсірген.

Елі үшін қан майданда кеудесін оққа тосқан Əріпхан атамыздың есімі біздің жады­мызда мәңгіге сақталған. Мен осындай рухты, батыр атам­ның ұрпағы болғанымды мақтан етемін.

Инабат МЫРЗАБАЕВА,

№140 мектеп оқушысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: