Бейсенбі, 26 желтоқсан, 07:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жаз маусымы суға кетумен есте қалмасын

12.07.2022

843 0

Қыс бойы суықтан шаршаған жұрттың жазды асыға күтетіні рас. Қытымыр аяздан шуақты күнге жеткенше күн санап кететініміз бар. Әрине, бар қызық осы мезгілмен келеді емес пе? Суға түсу маусымы да осы шақта басталады. Бұл әсіресе балалар үшін нағыз қуанышты сәт. 

Иә, Сырдың аптап ыстығында суға түспеу сірә, мүмкін емес. Сондықтан суға шомылудың сәтін үлкен-кішіміз де қалт жібермейміз. Өзен жағасында тұратын тұрғындар үшін бұл тіпті оңынан шешіліп-ақ тұр. Арнайы суға түсу орнына бармай-ақ өзенге түсіп сергіп алуға болады. Көп адам осылай ойлайды. Солай жақын маңнан өзен жағасына, каналға суға түсіп жатады. Сәтін салып сергіп алсаң жақсы ғой, соңы қайғыға ұласып жатса қиын.

Өкінішке орай, бәрі біз ойлағандай қызықты, қуанышты бола бермейді. Қанша асығып күтсек те осы бір маусымның кейде көңілді сәтпен емес, қайғылы жағдаймен есте қалатыны жасырын емес.

Қалалықтар жазда қайда демалады?

Қала тұрғындары жаз маусымында ПМК-29, «Сабалақ», «Эдельвейс», саяжайында орналасқан демалыс орындарына барады. Одан бөлек «Бәйгеқұм», «Қамбаш» көліне жол тартатындары бар. Тұрғындар аталған саяжай аумағына жаз бойы кемі 2 реттен баруы мүмкін. Ал соңғы екі көлге барып жазғы демалыстың нүктесін қояды.

Осы ретте көпшілік демалатын орын­ның талапқа сай келмейтінін де атап өткен жөн сияқты. Шағын бассейні бар бір аумақта 10-15 шақты орын бар. Әр орынға бір топ адамның орналаса­ты­нын ескерсек, аядай жерде қанша адамның шомылатынын ойша есептей беріңіз. Мұндайда санитарлық-гигиеналық талаптың сақтала қоюы екіталай. Одан бөлек қызмет көрсету сапасы да ойдағыдай бола бермейді. Біздегі ақсап тұрған дүниенің бірі – осы. Сондықтан жаз маусымындағы демалыс ор­нын жетілдіру қажет-ақ.

Жағажай керек

Жоғарыда айтылған аумақтың көбі жабайы жағажай саналады. Онда арнайы құтқару жабдықтары не құтқарушылар жоқ. Халықтың өзі белгілеп  алған жағажай, канал, арық сынды орындар.  Айтпақшы, жабайы жағажай дегенің де тегін дүние емес. Оған кіру үшін де ақы төлейсің. Ал өзен жағасы, канал, арық дегенге екінің бірі бара алады. Содан да болар бұл жерге көпшілік отбасымен баруды әдетке айналдырған.

Өткен жылы қалаға әкім болған Ғанибек Қазантаев тұрғын­дарды жақсы жаңалығымен қуантқан. Ол Сыр жұрт­шы­лығына арнайы жағажай салынатынын айтып еді. «Эдельвейс» саяжайынан арнайы орын белгілеп, тегін жағажайдың құрылыс орнын барып бағамдап қайтқан. Дайындық жұмыстары жүріп жатқанынын да байқаған едік. Тіпті қолданысқа берілетін уақытына дейін нықтап айтқан. Алайда жаз өтіп ол жағажайдың жайы ұмыт болды. Кейін ол аумақтың санитарлық-гигиеналық талапқа сай болмауына байланысты тұрғындар қауіпсіздігі үшін мерзімінде беруге мүмкіндік болмағанын білдік.

Биыл жаз жеткенше қалада ауыс-түйіс орын алып үлгерді. Жаңадан келген әкімнен жағажай туралы жаңалық естімедік. Бәлкім былтырғы жайдан хабары болмаған-ау. Қалай десек те әзірге бұл жағажайда үнсіздік.

Осы орайда бұл мәселені фэйсбук желісінде көтерген едік. Одан қала тұрғындарының жағажайға мұқтаж екенін аңғаруға болады. Әлеуметтік желіде  жағажайды керек еткендер көп. «Сырдария өзенінің жағасында тұрып жағажай жоқ деуге ұяласың» деген уәж айтқан.

– Жаз шықса суға түскіміз келетіні рас. Әсіресе балалар үйде байыз таппайды. Шомылуға барайық деп күнде айтады. Ата-ана болғасын өтінішін орындағың келеді. Бір-екі рет бассейнге апарасың. Бірақ одан артық баруға шамаң келе бермейді. Қымбатшылық қалтаңа салмақ түсіреді. Бұрын резеңке бассейн сатып алып, сонымен қуантушы едік. Ол да бір жылдан аса уақытқа шыдамайды. Тұрғылықты жерімізде кішігірім канал бар. Бірақ онда түсуге болмайды, қауіпті деп күнде ескертеміз. Түс кезінде өз бетінше үйден шығып кетпеуін қадағалап отырамын. Теледидардан небір жағдайды естігесін уайымдайсың. Қаламызда жағажай болса, тегін қылмаса да кіру ақысын қолжетімді етсе қарапайым халыққа жақсы ғой. Әсіресе балалар қуанып қалар еді. Ондай жағажай салуға мүмкіндік бар деп ойлаймын, – дейді қала тұрғыны Мереке Жұмабаева.    

Ақылының ақысы артық

Қалада рұқсат етілген суға түсетін орындар баршылық. Тек олар жеке кәсіпкер меншігінде. Сырдария өзенін жағалай орналасқан аумақтың барлығын дерлік меншік иелері кәсіп көзіне айналдырған. Бірақ онда қайта-қайта бара беруге көптің шамасы келмейді. Жоғарыдағы тұрғын атап өткендей қалтаға салмақ түсіреді.

Мәселен, қаладағы бір демалыс орнына бару үшін қалтаңда кемі 50 мың теңгең болуы керек. Кіру ақысынан бастап, ішетін суың, жейтін асыңа дейін сол жерден сатып аласың. Ондағы бағаның төмен болмасы белгілі ғой.

«Суға түсуге

тыйым салынады»

Тұрғындардың көбі осыған мән бермейді. Суға түсер кезде сол аумақтың оған рұқсат етілген не етілмеген аумақ екенін ескергені жөн. Бұл басының амандығы үшін маңызды. Алайда бұған бас қатыра қоймайтынымыз бар. Соның салдарынан қайғылы жағдай болып жатады. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Мақсат Серікұлының айтуынша, қалада 60 суға түсуге рұқсат етілмеген аумақ бар. Олардың барлығына «суға шомылуға тыйым салынады» деген жазуы бар тақтайша ілінген. Десе де оған назар аударып жатқан ешкім жоқ.

Кім кінәлі?

Биыл облыс бойынша 21 адам суға кеткен. Оның 7-еуі бала. Құдай сақтап құтқарушылардың көмегімен тағы жеті адам аман қалған. Ал қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше қала бойынша 8 адам суға кетіп, оның бесеуі қаза тапқан. Қайғылы жағдайда ұшырағандардың 3-еуі бала. Ал былтыр 13 адам суға кетсе, оның 8-і бала.

– Аталған 8 жағдай Сырдария өзені, Сталин каналы, Қараөзек ауылы, «Абай» жағажайы, ПМК-29 саяжайындағы көлде, «Көксу» демалыс орнында болды. Мұның бәрі тұрғын­дардың судағы қауіпсіздік ережесін сақтамауынан болып отыр. Яғни мас күйінде және су айдынының жабдықталмаған жерінде суға шомылған, – дейді басқарманың аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Мақсат Серікұлы.

Суға түсу маусымы басталғалы 488 төтеншелік жұмыл­дырылған  90 рейдтік шара жүргізілген. Нәтижесінде рұқсат етілмеген аумақта суға түскен мыңнан астам тұрғынға түсін­дірме жұмысы жүргізілген. Тұрғындардың көбі суға түсуге отбасымен бірге келеді екен.

– Тұрғындардың суға түсуге рұқсат етілмеген аумаққа отбасымен келіп демалуы көбейген. Балалардың суға кетуі отбасының көз алдында болып жатады. Мұндай жерде бала тұрмақ, ересек адамның өзі тілсіз жаудың құрығынан шыға алмайды. Сондықтан отбасының амандығын ойлайтын әрбір азамат мұндай жерге келуден аулақ болса деймін. Адам өмірінен артық ештеңе жоқ екенін ұқса екен, – дейді маман.

Кім болса да «суға ағып кетемін» деген қорқынышпен шомылмайтыны анық. Бір сергіп алайын дейтін болар. Ал қатер – аяқ асты. Ересектердің өзі осылай ойласа, балалардың тіпті байыбына бармайтыны белгілі. Жыл сайын суға түсу маусымында қайталанатын жайт осы.  Ал тиісті сала мамандары қайғылы оқиғаның алдын алуда полиция басқармасымен бір­лесіп халық арасында түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіліп отырғанын айтады.

Жаз келген сайын жыры бітпейтін мәселенің бірі – осы. Қалай десек те нағыз аптап ыстықты бастан өткеретін сыр­бойылылықтар үшін сусыз күн кешу қиын. Күн төбеңді тескенде бір салқындайын деп суға түскен жанды түсінуге де болады. Бірақ соңы орны толмас  қайғымен аяқталса өкінішті. «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» бір амал керек сияқты.

Ал көпшілікке арналған жағажай қарапайым халық үшін тиімді болар ма еді?

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: