Жексенбі, 22 желтоқсан, 08:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Журналист полицей болғанда…

23.10.2021

1639 0

Бүгінгі жұмыс күні әдеттегіден ерте басталды. Таңмен таласа тұрып, жұмысқа қамдандық. Іштей «бүгін күн ерекше өтпек» деп қоямыз. Өйткені өз жұмысымызға емес, бір күнге погондағы қызметкер болмақпыз. Қалалық полиция мамандарымен бірге жұмыс жасап, құқық қорғау саласының қызметін көрмекпіз. Яғни бір күн бойы журналистен полицейге айналамыз.

ЖҰМЫС ТАҢҒЫ САПТАН БАСТАЛАДЫ

Негізінен полицияның жұмысы таңертеңгі сағат 8-де саптық жиыннан басталады. Қалалық полиция басқармасының ауласында 11 бөлімшенің 180-нен аса қызметкері сап түзейді. Біз форма кигенде қызметкерлердің қыстық киім үлгісіне өтуі тексерілді.

– Бүгінгі саптық жиында қысқы киім үлгісіне өтуге байланысты қызметкерлер сапқа тұрғызылды. Сапта барлығы 11 саланың 180-нен аса қызметкері жиналды. Саптық жиында әр полицейдің қызметтік куәлігі, киім үлгісінің талапқа сай болуы тексерілді. Одан бөлек әдеттегідей мамандарға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, этикалық нормалар мен азаматтарға деген қарым-қатынастың маңыздылығы түсіндірілді, – деді қалалық полиция басқармасы кадр бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Мақсат Садыбеков.

Журналист полицей болғанда...

Саптық тексерістен кейін қызметкерлер өз бөлімшелерінде жиналып, өткен тәуліктегі есеп пен жаңа тапсырмаларын алды. Біз де ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен бірге бөлім жиналысына бардық. Бөлімшелік жиында ювеналды полиция бөлімінің басшысы Алмас Сыздықов өз қызметкерлерінің өткен тәуліктегі есебін тыңдады.

Бөлімшедегі полиция лейтенанты Әлихан Өтешов өзіне қарасты 13 және 14-ші аймақтан түнгі уақытта 3 хабарлама келіп түскенін айтты. Оның ішінде екі шақыртуда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 442-бап, яғни кәмелет жасына толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта жүруіне байланысты хаттама толтырылған. Одан бөлек түнгі уақытта ойын-сауық орталықтарын аралау барысында 132-бап бойынша кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол бергені үшін хаттама толтырған.

Полиция майоры Өмірзақ Жалғасбаев та өзіне қарасты «Шұғыла» шағын ауданында рейд жұмыстарын жүргізіп, түнгі уақытта заңды өкілсіз жүрген бір жасөспірімге хаттама толтырғанын баяндады. Одан бөлек бір азамат жасөспірімді бопсалап жүр деген хабарлама келген. Бүгінгі күні сол арыз-шағымды зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қажет жағдайда жауапқа тартатынын айтты.

Осындай ретпен ювеналды полиция бөлімшесінің барлық қызметкерлері өз баяндамаларын жасаған соң бөлімше бастығы Алмас Молдашұлы бүгінгі күнге арналған тапсырмаларын берді.

– Өздеріңіз білетіндей, демалыс күні әлеуметтік желіге орталық алаңда болған жасөспірімдер төбелесінің бейнематериалы жарияланды. Қазіргі таңда сол жерде болған бірнеше жасөспірім анықталды. Ендігі кезекте сол жасөспірімдермен жұмыс жүргізіп, заң жүзінде жауапқа тартамыз. Одан бөлек, мұндай істерді болдырмау мақсатында әр маманға өзіне тиесілі әкімшілік аймақтағы мектептерде түсіндірме жұмыстарын жүргізу тапсырылады, – деп бөлімше бастығы арнайы тапсырма жүктеді.

«ОҚУШЫЛАРҒА ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСЫ ҰДАЙЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ»

Жалпы Қызылорда қаласында барлығы 55 орта және 10 жеке мектеп болса, соның 42-інде полиция инспекторы бар. Олар таңертеңгі сағат 7.30 және кешкі 20.30 аралығында өздеріне тиесілі мектепті бақылауда ұстап, қажет

кезде түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Бүгінгі біздің полициямен өткен бір күніміз де осы мектептерде топтық төбелестің алдын алу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізумен өтпек. Ал оқушыларға түсіндірме жұмысын Нұрбол Алдабергеновпен бірге жүргіздік.

Ең алдымен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторымен қаладағы Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебіне бардық. Инспектор жоғары сынып оқушыларына орталық алаңда болған бұзақылық туралы баяндап, ондай істен аулақ болу керектігін ескертті. Оқушыларға себепсіз сабақтан қалмау, сабақ уақытында мектептен тыс жерде жүрмеу керектігі де айтылды.

Журналист полицей болғанда...

Ал мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қазіргі кезде қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімшесімен бірлесіп жұмыс атқарып жатқанын айтты.

– Оқушылар арасындағы топтық төбелес, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ювеналды полиция қызметкерлерімен бірлесе жұмыс атқарудамыз. Полиция мамандары мұндай іс бойынша қандай жауапкершілікке тартылатынын ескертіп, оқушыларға түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады, – дейді №140 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жақсылық Бақытжан.

Мұндай түсіндірме жұмыстары «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтында да жүр-гізілді.

КЕНЕТТЕН КЕЛГЕН ХАБАРЛАМА

Полиция инспекторымен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әкімшілік аймақтарды аралап жүргенде майор Нұрлан Алдабергеновтің рациясына кенеттен хабарлама келіп түсті. Біз күтпегенімізбен, полицияға мұндай шұғыл хабарламалар тосын емес. Рацияның арғы жағындағы хабарлаушы «Абай көшесі 4 үй ауласында 2015 жылғы қыз ойнап жүріп белгісіз бағытқа шығып кеткен. Үстіне қызғылт күрте, қара қалпақ пен аяғына сары етік киген. Қабылданды ма?» – деді. Инспектор хабарламаны қабылдап, дереу белгіленген аймаққа бет алдық. Оқиға орнында жүрген куәгерлерден жоғалған қыз туралы ақпарат сұрап, ауладан жоғалған қызды іздеу жұмыстарын бастадық. Нәтижесінде кішкентай қыз ойын алаңынан табылып, анасынан көз жазып қалғанын айтты. Осылайша полицей ана мен баланы табыстырды. Ал біз оқиғаның куәгері болдық.

– Балалармен жұмыс жасау оңай емес. Олардың психологиясы әртүрлі болады. Әрқайсысының ебін тауып, әңгімеге тарта білу керек. Кейде отбасында немесе қоғам ортасында қысым көретіндер, бірақ ешкімге айтпайтындар болады. Яғни буллингке ұшыраған балалар болады. Ертерек іс-әрекет жасамаса психологиялық немесе физикалық қысымның әсерінен бала өзіне зиян келтіруі мүмкін. Одан бөлек балалардың жоғалып кететін кездері де аз емес. Кішкентайлар ата-анасынан көз жазып қалса, жасөспірімдер арасында үйінен қашып кеткен жағдайлар тіркеледі. Мұндай уақытта біз дереу іске кірісіп, оларды табу үшін бар күшімізді саламыз, – дейді қалалық полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы Нұрбол Алдабергенов.

«ЖАУАПТЫ ҚЫЗМЕТТЕ ЖҮРГЕНІН ЖЕТЕ ТҮСІНЕМІЗ»

Иә, полицей болу оңай емес. Тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету, тәртіп сақшысы болу үлкен жауап-кершілікті талап етеді. Бір күн полицей боламыз деп бұл жұмыстың жауапкершілігі мен қиындығын түсіндік. Әрдайым сақадай сай болуды талап ететін бұл қызметте бос уақыт аз. Толассыз түсетін хабарламалар, жоспарға сәйкес жүргізілетін жұмыстар мен кешкі, түнгі уақыттағы рейдтер уақытпен санаспайтын іс. Мұндай жұмысқа кез келген адам төзе алмасы анық. Бұл туралы полиция инспекторы Нұрбол Алдабергеновтың өмірлік жары Гүлжайна Жаңабатырова да ашық айтты.

– Сырт көзге оңай көрінгенімен бұл қызметтің жауапкершілігі мол. Менің жолдасымның осы салада қызмет ететінін мақтанышпен айтамыз. Мезгілдің ыстық-суығына қарамай, телефонның шырылы мен рацияның дабылымен басталатын жұмысы қандай жағдай болмасын дайын болуды талап етеді. Отбасылық жиындарда, ағайын-туыс ортасында көп бола бермейді. Дегенмен біз оған түсіністікпен қарап, азаматтардың қауіпсіздігі үшін атқарып жүрген қызметінің жауапкершілігін түсінеміз, – дейді ол.

Расымен, құқық қорғау органындағы қызмет жауапкершілікті, таудай төзім мен қайсар мінезді талап етеді. Полицей болған бір күн бізге бұл қызметтің қандай екенін тағы бір түсіндіріп бергендей…

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: