1989 жылдың 15 ақпаны…
Дәл осы күн он жылға созылған Ауған соғысының аяқталған сәті. Бұл күнді ұмыту мүмкін емес. Әсіресе, соғысқа қатысқан жат елдің болашағы мен бейбіт өмірі үшін күрескен майдангерлер үшін оңайға соқпасы анық. Өйткені біразы сол сұрапыл соғыстан қайтып келмеді, кейбірі хабарсыз кетті. Ал елге аман-есен келгендер бүгінгі бейбіт күннің ардақ тұтар ардагерлері болды.
Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толды. Соған орай осы аптада «Тағзым» алаңында батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, қаһармандық танытқан, өздерінің Отан алдындағы парызына адал болған, Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шарасы өтті. Алаңға жиналған ардагерлер. Бәрінің қолында гүл шоқтары. Бір-бірінің жағдайын сұрап, қаза болған майдандастарын еске алып тұр. Сол күні күннің өзі мейірлене жылылығын ерекше төгіп тұрды.
Тарихи деректерге сүйенсек, 1979 жылы желтоқсан айында Кремльге мүшелерін бірнеше рет жинаған Саяси бюро соңғы шешімін шығарды. Сөйтіп, 1979 жылы 25 желтоқсанда Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, 1989 жылдың 15 ақпанында 40-Армияның қолбасшысы генерал-лейтенант Б.Громовтың «Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен толықтай шықты» деп баяндаған. Оған КСРО елдерімен қатар Қазақстаннан 22 мың адам қатысып, олардың 900-ден астамы қаза тапқан, 21-і хабарсыз кеткен көрінеді. Оның ішінде Сыр елінен шыққан азаматтар да бар.
Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов сөз алды.
– Бұл қасіретті әрі тарихи сәтке де биыл 34 толуда. Жастық шағында туған жерден тыс жерде майдан даласында өткізген азаматтардың ерліктерін ұрпаққа дәріптеу – біздің басты парызымыз. Сол сұрапыл соғысқа Сыр өңірінен 827 адам қатысып, оның 18-і Ауған жерінде ажал құшты. Ал біразы денсаулығына зақым тиіп, елге оралды.
Қазақ қашанда ерді жоғары бағалаған халық. Осы ретте Ауған соғысына қатысқандар батырлықтың биік үлгісін көрсете білді. Отан алдындағы парызын адал атқарды. Бұл мәңгі есте сақталады, құрмет қашанда көрсетіледі, – деп ардагерлерге алғыс білдіріп, дендеріне саулық тіледі.
Одан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және «Ерлік» үйлестіру кеңесінің төрағасы Қайраддин Баймаханов сөз алып, азаматтық борышын өтеу жолында қапыда қаза болған жауынгерлердің жарқын бейнесі ұрпақ жадында жаңғырып, ерліктің үлгісі болып қала беретінін атап өтті.
Сонымен қатар батырлар рухына бас иіп, 1 минут үнсіздікпен еске алды. Гүл шоқтары қойылып, құран бағышталды. Иә, ерлік ешқашан ұмытылмайды. Әсіресе шараға келген жастарға бұл ерлік үлкен өнеге болмақ.
Міне, от пен оқ ортасында жүріп, қатарластарын да қара жер қойнына тапсырған жауынгерлер – бүгінде елге сыйлы ардагерлер. Олар 34 жыл бұрын аяқталған соғыстан елге, отбасына аман оралуын тағдырдың сыйы санайды. Расында да солай…
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!