Қалалық мәслихаттың кезектен тыс III сессиясы өтіп, күн тәртібінде қалаға қарасты кент және ауылдық округтерге бөлінген қаржыларды нақтылау мәселелері қаралды.
Көпшілікке белгілі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Үкіметке маңызды міндеттер жүктеген Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту бағытында нақты шараларды жүзеге асыруды тапсырды. Соның ішінде ауылдардың әлеуетін көтеруге ерекше көңіл бөлу керектігін жеткізді.
Сессия барысында бұл мақсатты миссияның Сыр өңірінде сәтті жүзеге асып келе жатқанын тілге тиек еткен қала әкімі Асылбек Шаменов шаһар аумағындағы ауылдардың халқына игілік сыйлаған өркенді жобаларға тоқталды.
- Мәселен, кеше ғана қалаға іргелес жатқан Ақсуат ауылдық округінің көгілдір отынға қосылуымен ел көңіліндегі түйіткілді мәселе біржола шешілді десек болғандай. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен салтанатты шарада құны 4 млрд 900 млн теңгені қамтыған жобаның сапалы әрі мерзімінде аяқталғанына ақсуаттықтар ризашылығын білдірді. Осы кездесуде аймақ басшысы мұндай ауқымды жобалардың жалғасатындығын және келер жылы да республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, ауылдардың көшелері жаңаратындығын айтты-деді, қала әкімі Асылбек Шаменов.
Осындай игі іс Қосшыңырау ауылдық округінде де бастау алған. Тұрғындардың талай жылғы талап-тілегі ескеріліп, республикалық бюджеттен бөлінген 662 млн теңгеге газ желісі жүргізіліп, мердігер мекеме жұмысшылары тапсырылған міндеттемені бекітілген кестеге сәйкес атқаруда. Жоспар бойынша жыл соңына дейін жұмыстар толығымен аяқталып, елді мекен көгілдір отынға қосылатын болады.
«Біздің міндет Президент тапсырмаларын лайықты жүзеге асырып, тұрғындарымызға қолайлы жағдай жасау» – деген шаһар басшысы бекітілген қала бюджеті, республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген қаржы көлемі туралы ақпар келтіріп өтті. Бұл қаражаттар тұрғындардың талап-тілегіне орай, кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді шешуге бағытталуда.
Айта кетейік, биылғы жылы Ұлттық қордан және облыстық бюджеттен «Ауыл-ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 2 млрд 712 млн теңге бөлінген. Бұл қаржыға қалаға қарасты ауылдардағы 36,4 шақырымды құрайтын 46 көшесіне орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 47 көше жарықтандырылып, 14 көшеге жаяу жүргінші жолдары салынады. 13 көше электр желілерімен қамтылады. Тағы 16 көшеге жаңа жол құрылысы жасалынады.
Ал, өткен жылы осы бағдарламамен бөлінген 511,3 млн. теңгеге Талсуат және Қарауылтөбе ауылдық округтерінде құрылысы басталған 150 орындық клубтар жақын күндері пайдалануға беріледі.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді» деген болатын.
Осы ретте, облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы Баймұрат батыр ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысына Ұлттық қордан 128,1 млн. теңге және Досан елді мекеніндегі медициналық пункт құрылысына 106,8 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл құрылыстар биыл басталады деп күтілуде.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!