Биылғы қала мерекесі мәні де, мазмұны да жылдағыдан өзгерек. Пандемия әсерінен айыға алмаған ел үрейдің бәрін ысырып тастап, серпілгісі келетіні анық. Алайда алып-ұшқан көңілдің іздегені ойын-сауық емес. Екі жылға созылған карантин уақыты әлемге басқаша көзбен қарауға, құндылықтарды ажырата білуге үйреткендей. Жақында Қызылолрда қаласының тұрғындары үшін айрықша мереке. Жыл сайын думандатып өтетін бұл мерекенің бұл жолғы ұйымдастыруы да басқаша. Әр күні мазмұнды, нағыз халықтың төл мерекесіне айналуға біртабан жақындағандай.
Шаһар басшысы Ғанибек Қазантаевтың қала мерекесін думандатқан шаралар, отшашулармен емес, қайырымдылық жасаумен мәнді болатыны қоғамға жылулық сыйлағандай әсер етті. Қайырымдылық, ізгілік, тұрғындарға жайлы қалаға айналу қала тұрғындарын бақытқа бөлейтіні рас. Осы орайда бақытты қалалар жайында жазғанды жөн көрдік.
Соңғы кездері бақытты елдер туралы жиі айтылып, жиі жазылатын болды. Тіпті, адамдар арасында да «бақытты болу» тақырыбы бүгінгі күннің мәселесіне айналды. Тіпті, бақыт іздеп түрлі семинар-тренигтерден қалмай жүргендер қарасы қалың.
Негізі айтпағымызға оралсақ, біз бақытты елдер қатарынанбыз ба деген сауал бірден жауап берместен бұрын ойландыратыны сөзсіз. Бақыттың бір өлшемі бар ма?
Біріккен ұлттар ұйымы жыл сайын бақытты елдер рейтингісін жасап жүр. Бақытты елдердің рейтингісін жасау үшін белгілі бір шарттарға сүйенеді. Демек, бақытты ел қатарынан көріну үшін оның белгілі бір өлшемдері бар. БҰҰ-ның «World Happiness Report» баяндамасында ғалымдар бақытты елдер өлшемі туралы түсіндіреді. Ғалымдардың айтуынша заман өзгерісіне сай бүгінде бақытты елдер тақырыбында әлеуметтік мәселе өзекті болып тұрғанын алға тартады. Яғни, бақытты болудың бірінші өлшемі – елдің әл-ауқаты. Алайда тоқшылық бақыт деп кесіп айтуға да болмайды. Бақытты елдер тізімін жасауда әбден зерттеу жасаған ғалымдар алпауыт Америка тұрғындарын бақытты санамапты. Жоқшылықтан емес екені белгілі. Мұндағы тұрғындардың күйзеліске жиі түсетінінің бір себебі бірнәрсеге тәуелді болуынан деген тоқтамға келеді. Мәселен, құмар ойындарына, есірткіге, тағысын-тағыға тәуелді болудың соңы – бақытсыздық.
Бақытты елдер рейтингісін жасауда біраз зерттеу жасаған ғалымдар әр мемлекеттің бақытты ел болу үшін бақыт өлшеміне назар аудару керек екенін ұсынады. Осы өлшем аясында кез-келген мемлекет, қоғам бақытсыздықты жеңуге болатын жаңа саясат жасау қажеттігін айтады.
Бақытсыздықты жеңу жолы
Кім-кімде бақытты елде тұрғысы келеді. Бақытты болғысы келетіні сөзсіз. Сонымен бақытты елдің өлшемі қандай? Бақытты елдер рейтингісін жасаған кезде қандай шарттар назарға алынады дегенге тоқталсақ: мемлекеттің әр адамға шаққандағы ішкі жалпы өнімі, өмір сүру ұзақтығы, әлеуметтік қолдау, еркіндік, тұрақтылық, елдегі жемқорлық деңгейі негізгі басымдықтар болып саналады. Осы басымдықтарға назарға алған мемлекет пен қоғам бақытсыздықты жеңе алады.
Бақытты елдер
БҰҰ-ның жасаған рейтингісі бойынша 2018 жыл қорытындысымен әлемдегі ең бақытты елдердің көшін Финляндия бастаса, екінші орында Дания, мұнан кейін Норвегия мемлекеті. Бақытты елдер тізімі осылайша жалғаса береді.
Фин елінің құпиясы
Әлем қызыға қараған бақытты елдің құпиясы қандай? Бақытқа қол жеткізген ел туралы білуге қызықтық. Ақпараттарға сүйенсек, фин елі барынша қарапайым. Тіпті, мұнда бай мен кедей дейтіндей әлеуметтік теңсіздік жоқ. Финляндияда оқыған қазақстандық жас мұндағы елдің бақытты екенін көзбен көріп, өзінше түйін жасапты. Білімді жас өзі көзбен көрген Финляндия туралы былай деп сұхбат береді: «Елбасымыз кезекті Жолдауында тілге тиек еткендей, фин қоғамынан бай мен кедейді киген киімі, тұрған үйі, астына мінген көлігінен айырып, ажырату мүмкін емес. Бәрі бірдей, тіпті миллиардерлер қарапайым мектепте мұғалім болып қызмет ете беретіні бізді ерекше ойға қалдырды».
Айтпақшы мұндағы білім беру жүйесі де өзгелер үлгі етерліктей дәрежеде. Жас ұрпаққа білім беруде рейтинг қуу, бағалау маңызды емес. Ең бастысы, балаларды шаршатпай білімге қызықтыра білу. Мұғалімнің де мәртебесі бәрінен биік. Есесіне бастауыш сынып мұғалімі мамандығына конкурстан ең жоғары балл жинағандар ғана түсе алады. Яғни, кез келген адам мұғалім бола алмайды. Ең бастысы қажетті-қажетсіздің барлығын үйрету емес, баланы кішкентайынан өмірге бейімдеу, қабілетіне қарай мамандық таңдауға бейімдейді. Бұл орайда айта кетелік, фин елінің білім жүйесі туралы қалам тербеген әріптесіміздің бірі «Бақытты бала және фин елі» деген тақырып қойыпты. Осыдан-ақ, финдіктердің ұстанымын ұға беріңіз.
Білім саласынан бөлек, тағы қосарымыз фин елінің басты ұстанымы– сенім екендігін атап айтқан жөн. Бұл ел қай салада болмасын, электрондық жүйеге көшкендіктен, әрбір тұрғын өзінің мемлекетке төлеген салығының қай бағытқа жұмсалып жатқанын сырттай бақылай алады. Заң қатал, сыбайлас жемқорлық жоқ екендігі де олардың бақытын еселей түскендей.
Бақытты болудың басты шартының бірі– елдің әл-ауқаты екенін ескерсек, жасыл технология мен «ақылды» экономиканы басты қағида етіп алған елдің жетістігі аз емес. Финляндия бүгінде тұрмыстық қалдықтардың 90 процентін қайта өңдеп кәдеге жарататын бірден-бір мемлекет. Тағы бір атап айтарлығы мұндағы энергия көздерінің басым бөлігі баламалы қуат көздерінен. Нәтижесінде бұл ел нағыз таза экология қалыптастыра білген бірден-бір таза мемлекет.
Бақытты елдің өзгелерге үлгі етер тұсы аз емес.
Бақыт министрлігі: біздің елде болғанын қалар ма едіңіз?
Бұл шынында елдің назарын аударған жаңалық болды. Бақыт министрлігі бар елдер де бар. Мұндай министрлік алдымен Бутанда, содан кейін Үндістанда құрылған. Мұнан кейін кейбір араб елдері мен Оңтүстік Африка елдері осы үрдісті қолдана бастапты. Бақыт министрлігі несі, деуіміз әбден мүмкін. Алайда бутандықтар бақыт дегенді адамның материалдық, моральдық тұрғыдан толық қанағаттанып, сонымен бірге әрбір адамның бойындағы талантын қолдау деп ұғады екен. Бақыт министрлігі осыған қызмет етеді. Бутанда ішкі жалпы өнімді де «жалпы ұлттық бақыт» деп атайды екен. Бақыт министрлігінің іс-әрекеті ел Конституциясының 9 бабында қарастырылған. Бұл баптар министрліктің түрлі әрекеттерге байланысты құқықтары мен міндеттерін бекіткен. Соның ішінде министрлікке түрлі әрекеттерге байланысты құқықтары мен міндеттерін бекіткен. Соның ішінде министрлікке халық сұранысын зерттеп, оның өмірге қанағаттану деңгейін анықтау құқы берілген. Ал халық санағын жүргізгенде қолданылатын сауалнамада әрбір адамның қаншалықты бақытты екендігі және соған жету үшін не керектігі сұралады. Жауаптар кейін сарапқа салынып, бақытты болуға кедергі келтіретін мәселелер анықталып, оны еңсеруге болатын жолдар мен тәсілдер жасалады.
Ал бізде «Бақыт» министрлігі құрылғанын қалар ма едіңіз?» деген сауалды тұрғындарға қойған едік. Сауалнама барысында көпшіліктің жауабы мұндай министрлік қажет дегенге саяды. Бір-екі пікірлерді оқып көрелік.
Зайра Қалиасқарқызы, ардагер-ұстаз: Біздің елде «Бақыт» министрлігі құрылғанын қалар едім. Өйткені осы министрліктің жұмысы арқылы әркімнің бақыт туралы әлеуметтік, рухани деңгейі анықталар еді және халықтың сұранысына сай іс-шаралар қабылданар еді.
Айкүміс Болатбек, қала тұрғыны: Әрине, қажет дер едім. Бұл халықтың сұранысы мен көңіл-күйін бағамдау үшін, елдің көкейкесті мәселесін тыңдайтын және шешім қабылдата алатын құзырлы орын болса деймін. Қоғамда жемқорлық, тамыр-таныстық арқылы мәселесін шешу жағдайы жоқ емес. Меніңше, таза қоғам бақытқа жол ашады.
Әнипа Сейсенова, зейнеткер: Халықтың несиеге тәуелді болуы да күйзеліске түсіретіні сөзсіз. Меніңше, қарапайым халыққа өз табысын есептей алатын экономикалық сауаттылық жетіспейді. Біздер үшін елдің тыныштығы бәрінен үлкен бақыт. Тыныш елде еңбек жасауға, кәсіпті өрістетуге болады. Шүкіршілік етеміз.
Қайырымды ел ең бақытты
Бақыт туралы әркімнің түсінігі әртүрлі. Ғұлама ойшыл Әл Фараби өзінің еңбегінде бақыт деген ұғымды қайырымдылықпен байланыстырады.
«Адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам–қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отырса, бүкіл ғалам қайырымды болмақ» деген екен.
БҰҰ-ның жасаған рейтингі бойынша бақытты елдер қатарында 156 мемлекеттің ішінде Қазақстан бақытты елдер бойынша 60 орынға тұрақтапты. Бақытты болуға ұмтылған тәуелсіз ел бақытты болуға кедергі келтіретін келеңсіздіктермен күресіп келеді. Әрине, бақытты іздеуге ұмтылу қажет десек, бақытты қоғам жасауға әрқайсымыздың үлесіміз бар. әл- Фараби айтқан бақыт дегеніміз қайырымдылық дейтін болсақ, қайырым жасаудан алдына жан салмайтын қазақтан артық халық жоқ шығар, сірә. Мүмкін, осы бір ғана қайырымды қоғам құру арқылы біз бақытты елміз деуге болар.
P.S. Мерекенің басты ұстанымы – қайырымдылық жасау шарасы да басталып кетті. Мереке басталғалы 3000-дай мұқтаж отбасыға қайырымдылық жасалды.
Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!