Өткен аптада қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қалаға қарасты кенттер мен ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесті. Ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, олардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ елдің батасын алып, дәстүрлі есеп беру жиынын да бастап кетті.
Бейсенбі күні шаһар басшысының Белкөл кенті тұрғындарымен онлайн форматта есеп беру кездесуі өтті.
Қаланың қос қанатындай болған Белкөл мен Тасбөгет кенті жыл санап өрістеп келеді. Экономикалық әлеуеті мен әлеуметтік деңгейі артып, жарқын жобалар арқылы өзге елді мекендерге үлгі болуда. Соның ішінде Белкөл кенті қарқынды дамып келеді. Құрылыс саласынан серпін байқалады.
Есепте жаңа тұрғын үй құрылысы, экология, өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты айтылды. Жеткен жетістіктер сараланып, алда атқарылатын жұмыстар да ел назарынан тыс қалмады.
Кенттегі жолдардың ұзындығы 21,5 шақырымды құрайды. Оның 14,1 шақырымы асфальтталған, 2,4 шақырымына тас төселген. Биыл «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы арқылы Железнодорожная, Зеленая, Т.Абуов, М.Есмаханов көшелерін асфальттауға республикалық бюджеттен қаржы бөлінген.
Белкөлдіктер үшін инфрақұрылым мәселесі біржола шешімін тапқан. Себебі кент толықтай «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілсе, таза ауыз су да түйінді мәселе емес. Көгалдандыру, тазалық жұмысын жүргізу ісінде де бірізділік қалыптасып, қоқыстан арылуға мүмкіндік туған.
Кенттегі «Балапан» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстарына «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 241 млн теңге қаржы қаралып, балабақша ғимаратына толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүрген.
Денсаулық сақтау саласында да жаңалық жетерлік. Атап айтар жаңалық – жаңадан салынған амбулатория. 2019 жылы жекеменшік-әріптестік аясында бой көтерген заманауи медициналық амбулатория тұрғындар үшін үлкен көмек болды. Бұған дейін көпқабатты тұрғын үйдің төменгі қабатында орналасқан шағын нысан тиісті талаптарға сәйкес келмеген әрі ем алуға қолайсыздық тудырған. Енді міне, көптің тілегі ескеріліп, жаңа ғимарат ел пайдасына жарап тұр. Соңғы технологиялармен жабдықталып, мамандармен қамтамасыз етілген. Кентте екі педиатрлық бөлім бар. Бұл бөлімдер де елге қажетті ем-дом жасап, тиісті дәрілерді таратады. Амбулаторияда бір терапевт, екі балалар дәрігері қызмет көрсетеді.
Шаһар басшысының есепті баяндамасынан кейін кент тұрғындары сұраққа көшті. Онда Белкөл кентінің қоғамдық кеңесінің мүшесі Сартай Қайруллаев теміржолдың арғы бетінде қоныстанған тұрғындардың ауыз су мәселесін шешіп беруді айтты. Бұл сауалға қала әкімі кент әкіміне және сала басшыларына мәселені шешу үшін жоба сметалық құжатын есептеуді тапсырды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!