Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Елмен бірге болғанның көсегесі көгерер

20.08.2022

790 0

Қала әкімі Асылбек Шәменов тұрғындармен кездесіп, талап-тілегін тыңдады. Дүйсенбіде Белкөл мен Тасбөгет кентінен басталған кездесу қалаға қарасты ауылдарда жалғасты. Тұрғындар жол, су, жарық сынды басқа да мәселелерді көтерді.

Қызылжарма: Су мәселесі шешілген күн

Осы орайда қала әкімі Асылбек Шәменов Қызыл­жарма ауылдық окурігінің халқымен кездесіп, ауылдағы атқарылған жұмыстармен танысты. Сондай-ақ тұр­ғындардың түйіткілді мәсе­лесін тыңдады.

Қала іргесіндегі Қызылжарма ауы­лында аяқ су ең өзекті мәселенің бірі еді. Бүгін міне, округке бір емес үш дренажды су ұңғымасы орнатылып, пайдалануға бе­­рілді. Олар ауылдағы Ұстабаев, Н.Ілиясов, №63 көшелерге орнатылды.

Қызылжарма­лық­тар ең алдымен ауыл жолдарының қашан жөнделетінін сұ­ра­­­ды. Жасыра­тын несі бар, жаңбыр жауған күндері батпақтан қанша бала мектепке жете алмай, үстері бүлініп, үйіне жылап бара жатқанын көзіміз көріп жүр. Бұл – ауылдағы өзекті мәселенің бірі. Сондай-ақ халық жаңа мектеп салу керегін де жыл сайын айтудан жалыққан емес. Себебі ауылдағы бір мектепте бала саны белгіленген нормадан екі есе артық.  Бұл жерде әңгіме сыйымдылыққа байланысты

Сонымен қатар мұндағы жатақхана тұрғындары көпқабатты үйдің кәріз жүйесінің күрмеулі мәселесін көтерді. Қала басшысы бұл мәселеден хабардар екенін айтып, жан-жақты зерттеу жүргізіп, алдағы уақытта осыған байланысты жұмыс істейтінін жеткізді.  

Ауыл тұрғындары қоғамдық көлік мәселесін де сөз етті.

– Қазіргі кезде бұл жағдай облыс әкімі Н.Нәлібаев­тың жіті қадағалауында. Ең күрделі мәселенің бірі. Көліктің жетіспеушілігі барын мойындау керек. Сондай-ақ «Автобус паркі» мекемесінің жұмысын да күшейту қажет. Бүгінде 150 заманауи автобусқа тиісті қаражат бөлінді. Алдағы оқу жылына дейін 20-30-ын әкеліп, іске қосамыз. Ал қазан айына дейін жаңа автобустарды толық жеткіземіз. Содан кейін бұл мәселе толық шешіледі деген үміттеміз. Бізге келетін көліктер қытайлық емес, заманауи Қазақстанның өзі­нің жинап жатқан автобустары. Онда барлық жағдай қарастырылған. Ең бастысы, мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы. Алған соң, дұрысын, сапалысын алғанды жөн көрдік, – деді қала әкімі.

Айта берсең мәселенің шеті бітпес. Десе де жақсы жаңалық та аз емес. Мәселен, «Балалар жылына» орай Досхожин көшесінде балалар ойын алаңы салынып жатыр. Бүгінде «Сапақ» ӨК мердігер мекемесінің директоры Бекболат Есанов өз қаражаты есебінен құны 17,5 млн теңгені құрайтын құрылысты бастап кетті. Сонымен қатар қасына қосымша спорттық «Воркаут» алаңы салынады. Осылайша жеке кәсіпкер қыркүйек айының басында көптен күткен Қызылжарманың кішкентай бүлдіршіндеріне тосын сыйын тарту етпек.

Бүгінде Қарауылтөбе ауылдық ок­ругіне баратын жолдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мұны да қала әкімі көзбен көріп, жұмыс барысымен танысты. Қазіргі кезде орташа жол жөндеу, асфальт төсеу жұмыстарымен «Қызылорда жолдары» ЖШС мердігер мекемесі  айналысуда. Құрылысқа 87 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл жұмыстар қазан айында бітіп, ел игілігіне толық пайдалануға берілмек. Соны­мен қатар жыл соңына дейін 8 көшеге тас төселеді. Екі сағатқа созылған кездесуде ауыл тұрғындары базынасын айтып, халықпен етене жақын араласқан қала әкіміне алғысын білдірді.

– Нарықтық заманда ел үшін еңбек етіп, халықтың қошеметіне бөлену үлкен ерлікпен пара-пар. Ел басқару екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Сон­дықтан осы бақты ұстап тұру, халыққа адал қызмет ету әкімдерге үлкен сынақ. Әрбір ісіңе береке тілейміз, – деді ауыл ақсақалы Қожахмет қажы.

Қосшыңырау: Түйінін тарқатар мәселе көп

Қала әкімі Асылбек Шәменовтің тұрғындармен кезекті кездесуі Қосшыңырау ауылдық округінде өтті. Оған қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев қатысты.

Кездесуде Қосшыңырау ауылы­ның байыр­ғы тұрғыны, зейнеткер Кеңесбай Ақбергенов ауыл тұр­ғындарының аты­нан округке кө­гілдір отын қашан жет­кізілетінін сұрады. Қазіргі таңда бұл ауылдағы ең өзекті мәселе осы болып тұр. Қала әкімі газ тартудың жоба-сметалық құжаттары дайын екенін атап өтіп, жуық арада жұмысы басталатынын мәлім етті. 

Тұрғындардың билікке айтар базы­насы­ның бірі – Досан ауылындағы медицина­лық қызмет сапасын арттыру. Яғни осында ауыл тұрғындарына қажетті дәрігерлік амбулатория салынса деген ұсыныс.

– Елдің ұсынысы орынды. Мәселені жан-жақты зерделеп, тиімді шешім қабыл­дайтын боламыз, – деді қала әкімі.

Тағы бір өзекті мәселе – жол инф­ра­­құрылымын дамыту. Ауыл тұр­ғын­дары әкімге жолдарға жөндеу жүргізу туралы өтініш білдірді. Әкім жұмыс басталғанын, аяқталуы күзге жоспарланғанын жеткізді. Есепті кез­десуде шешімін күткен мәселе­лер жайлы жан-жақты айтылды. Ауыл тұрғындары «барлығы жақсы» деп жаба тоқымай жандарына қажетті деп таныған­дарын бүкпесіз баяндады. Билікте тізгін тартып, томаға тұйық үнсіз қалмады. Тұрғын­дардың талабын тыңдап, шаруа­ны шира­тып, шемін табуы тиіс істерді ілгеріле­тетінін тілге тиек етті.

Ауыл тұрғындарының айтар мәсе­ле­лері толаста­мады. Соның бірі – аяқ су мәселесі. Тұр­ғындардың тір­­ші­лігі мал шаруашылы­ғымен тығыз байланысты. Сондықтан оның жем-шөбі мен суы ойландыратын һәм ойланатын түйткіл. Тағы бір пробле­малық мәселе – мектепті күр­делі жөндеуден өткізу. Әкім қала көлеміндегі мектептерге жөндеу жұ­мыстары реттілігімен жасалып жат­қанын жеткізді. Тұрғындардың сұрақ­тарын саралап, аяқ су мәселесі де толық­қанды қаралатынын, екі су тарту насосы орнатылатынын айтты.

Қарауылтөбе: Мәдениет үйі салынуда

Қарауылтөбе ауылындағы кездесу жаңадан салынып жатқан клуб үйі алдында өтті.  Қалаға жапсарлас орналасқан бұл елді мекенде екі жарым мыңдай халық тұрады. Халықтың басым бөлігі егін және мал шаруашылығымен айналысады. «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында көшелерге жарық ба­ғаналары орнатылды. Ауылдың басты жаңалығы «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламаы аясында 150 орындық клуб салынуда. Оған республикалық бюджеттен 286,4 млн теңге қарастырылып, «Өмірзақ» ЖШС мердігер мекемесі құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жыл соңына қарай толығымен аяқталып, заманауи талапқа сай жаңа мәдениет үйі халық қажетіне ұсынылмақ.

– Халқымызда қанағат ету деген жақсы сөз бар. Ауыл ажары жыл өткен сайын жаңарып, жасарып келе жатыр. Оны айту керек. Инфрақұрылым игілігін де көріп келеміз. Көптеген ауылдармен салыстырсам даму динамикасы көңіл құсын көкке шарлатады. «Ел болғасын жақсылық, жамандық бар, ескіретін кезі бар жаңаның да» деп бекер айтылмаған. Елдің ендігі ұсынысы ауылда әлеуметтік дүкен салынса деген ой. Тұрмыстық қолданысқа қажетті өнімдерді арзандатылған бағада сатып алар едік. Жеке саудагерлер көтерме бағамен сатады. Оны барлық тұрғынның бірдей қалтасы көтере бермейді. Осыны назарға алсаңыз, – деді ауыл тұрғыны Оразбек Бейісов.

Қала әкімі ұсыныс орынды екенін жеткіз­іп, заңдылықтарына сәйкес жолдарын қарасты­рып, мүмкіндігінше жақын арада қолға алаты­нын айтты.

Ауыл халқы мдециналық пункт халықты қабылдауға қауқарсыз екенін айтып, заманауи талапқа сәйкес жаңа амбулатория салынса деген тілегінде білдірді.

– Тұрғындардың денсаулығы басты назарда болуы тиіс. Сондықтан қажетті шараларды қабылдап, заңнамаға сәйкес тұрғындардың тілек­терін ескеріп, жергілікті халықтың әлеу­меттік мәселелерін шешуге белсене атсалысу біздің басты борышымыз. Нақты шаралар әзірленетін болады, – деді қала әкімі.

Есеп беру жиынында тұрғындар ауылдағы бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешіп бергені үшін де қала әкіміне алғыстарын білдірді.  Тұр­ғындар сонымен қатар қоғамдық көлік қатынасы мен балалар ойын алаңы салынса деген ұсы­ныстарын айтты.

АҚЖАРМА: Дәрігерлік амбулатория қажет

Қала басшысы Асылбек Шәменов аптаның сейсенбі күні Ақжарма ауылдық округінде болып, тұрғындардың өтішін-тілегін тыңдады. Атқарылып жатқан жұмыстарды өзі барып көрді. 

Қала әкімі алдымен ауылдағы кәсіпкерлікті дамытып, шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкер Серік Жанайдаровтың шаруа қожалығымен танысты. 2018 жылы кәсіпкер Талдыарал елді мекенінен мал басын көбейту және бордақылау алаңын салу мақсатында кәсібін бастаған. Ал 2021 жылы «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы кәсіпкерлерге берілетін шағын несиелендіру бағдарламасы аясында оның ішінде «жылқы, мүйізді ірі қара малын өсіру және көбейту, бордақылау» бағытындағы жобасы негізінде 5 млн  теңге қаржы алған. Бүгінгі таңда шаруа­шылық қала халқына ет және сүт өнімдерін ұсынып  келеді. Қала басшысы кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, алдағы уақытта жұмысы жандануына тілектестігін жеткізді.

Кездесуде тұрғындар қала әкіміне дәрігерлік амбулатория салынса деген өтініштерін жеткізді.

– Баймұрат батыр ауылына дәрігерлік амбулатория салуға жобалау-сметалық құжаты дайындалып, мем­лекеттік сарап­таманың оң қорытындысы алынған. Дәрігерлік амбулатория салу үшін облыстық бюджеттен 422 млн теңге қаржыға өтінім берілді. Алдағы уақытта жаңа нысанның иігілін ауыл тұрғындары көреді деп сенеміз, – деді қала әкімі.

Сонымен қатар жаңадан салынып жатқан үйлерге электр желілерін тарту мәселесі сөз болды. Интернет жылдамдығының баяу екені де айтылды.  Шаһар басшысы көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен іске асуы үшін тиісті бөлім басшыларына тапсырма берді. Биыл Ақжарма ауылында бірқатар іс атқарыл­ған. Мәселен, округ және Талдыарал елді мекені бойынша маусымдық аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында республи­калық бюджеттен 29,6 млн теңгеге ұңғыма орнату жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ Тоғай көшесіне түнгі жарық шамдарын орнату бойынша қалалық бюджеттен 2,5 млн теңге бөлініп, «Энергия Нұр» ЖШС түнгі жарық шамдарын орнатуды бастап кеткен.

Қызылөзек: Бақшалы ауылға қосымша насос керек

Қызылөзек ауылдық окру­гіндегі кездесуін қала әкімі Асылбек Шәменов №175 мектептің автономды қазан­дығының құрылысымен таны­су­дан бастады. Бұған дейін көмірмен жылытылған мектеп биылдан бастап автономды бу қазандығы арқылы жылытылмақ. Жалпы құны 42,6 млн теңгені құрайтын жобаның мердігері − «Компания Газ Строй» ЖШС. Құрылыстың жай-күйімен таныс­қан шаһар басшысы жауапты мамандарға қазандық құрылысын кешіктірмей және сапалы салуды тапсырды. 

Мұнан соң қала әкімі ауылда картоп өсірумен айналысып жатқан ауыл тұрғындармен кездесті. Бұл ауылдық округте жалпы көлемі 507 гектар егіс алқабы бар. Оның 180 гектарына бақша өнімдері, 187 гектарға көкөніс, 140 гектарға картоп және 70 гектарына жоңышқа егілген. Мәселен, «ДСУ» учаскесіндегі 15 гектар жерге ауылдағы 30 отбасы картоптың «Гала» сорты мен көкніс еккен. СНП-500/10 насостық су қондырғысы арқылы су келетін бұл жерден алдағы уақытта гектарынан 200 центнер өнім алуды жоспарлап отыр. Қала басшысы еңбек етіп жатқан тұрғындарға алғыс айтып, өнім мол болсын деген тілегін жеткізді.

Ал ауылдық клуб арнасында еркін форматта өткен кездесуде ауыл тұрғындары шаһар басшысы мен жауапты мамандарға өз сұрақтарын қойды. Мәселен, Бақтияр Айтжанов ауылды аяқ сумен қамтитын «Шегіртке» шабындығына су әкелуді сұрады. Се­бебі бұл мәселе шешілсе ауылда мал жайылымдық жері көбейер еді. Бұл сұраққа «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылордадағы филиалы «Қызыл­ордасушар» мекемесінің басшысы Жорабек Нұрымбетов: «Левая ветка» каналының аяғын «Шегіртке» шабын­дығына дейінгі аралықты тазарту бойын­ша зерттеу жұмыстары жүргізіліп, жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Алдағы уақытта республикалық, облыстық бюджет­тен қаржы бөлу туралы бюджет­тік өтінім беріледі», − деп жауап берді.

Ал Тұрсынкүл Ибраеваның СНП-500/10 насос қондырғысына тағы қо­сымша насос алу туралы өтінішіне қала әкімі тиісті заңдылықтарға сәйкес бюджеттік өтінім ұсынылғанын, ке­лесі жылға сатып алу жоспарланып отырғанын жеткізді. Ауылға газ жүр­гізу мәселесі де кезең-кезеңімен атқарылатыны ай­тылды. Сондай-ақ кездесуде зейнеткер Тоқтарбай Дүрманұлы ауылдағы жайы­лымдық жерлерді сатпау керектігін және пайдаланылмай жатқандарын қай­тару қажеттігін ескертті. Бұл сұ­раққа қала басшысы елді мекен аумағынан 5 шақырым жерге дейін жайылымдық және басқа да жерлер жекеге берілмейтінін айтты. Айнаш Мыханованың Қара­өзектегі Арғын көшесін жөндеу жұмысы жайлы сұрағына әкім «Арғын көшесін орташа жөндеу жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыс пен қала бюджетінен қаражат күтілуде», − деді. Ауылға балалар алаңын салу туралы Әмірғали Өмірғалиевтің ұсынысына «Балалар жылына» байланысты кәсіп­керлер демеушілігімен ойын алаңын салу қала мен ауылдарда да қатар жүретіні айтылды.

Талсуат: Клуб құрылысы қатаң бақылауда

Қала әкімі Асылбек Шәменов Талсуат ауылдық округінің хал­қы­мен кездесуден бұрын елді ме­кендегі Ә.Байкенжеев көшесіндегі ұңғыманы көрді. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жо­лаушылар көлігі және автомобиль жол­дары бөлімінің тапсырысымен салынған ұңғыма 90 метр тереңдіктен су шығаруда.

«Бақ-Береке 2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұңғыманы 10 мау­сымда аяқтаған. Ауылды көгалдан­дыруға және бақша егуге септігін тигізетін бұл ұңғыма көп уақыттан бері аяқ сусыз отырған ауылдың мәселесін шешкендей. Ауылда қазіргі кезде 2 ұң­ғыма іске қосылып, халық игілігіне қызмет етуде.

Одан бөлек биыл ауылда 150 орындық клуб құрылысы басталды. Келесі жылға өтпелі жобаның жалпы құны 281 млн теңге. Қала әкімі мердігер мекемеге құрылысты сапалы, Қазақстан Республикасының заңы мен нормаларына сай жасауды тапсырды. Сондай-ақ құрылыс барысында тұр­ғындардың талап-тілектерін және ескертулерін ескерусіз қалдырмауды да талап етті.

Халықпен кездесу кезінде ауыл тұрғыны Жұмахан Нұрсейітов ауылдағы аяқ су мәселесі қашан шешілетінін сұ­рады. Кездесуге келген жауапты ма­мандар бұл мәселеге байланысты қайта­дан ұсыныс беріп, аяқ су берудің басқа жолын қарастыратынын жеткізді.

Жиында ауыл тұрғындары жол қауіпсіздігі мәселесін де көтерді. Қала­аралық автожол бойында орналасқан ауылға кіреберіске жақын жерде арнайы белгі қою туралы ұсыныс айтылды. Сонымен қатар ауыл ішіндегі көлік қатынасына да бақылау керек екені сөз болды. Бұл мәселеге байланысты қала әкімі полиция басқармасына ұсыныс берілетінін айтты. Ал ауыл ішіндегі көліктердің жол-ережесін бұзбауын учаскелік полицияға тапсырды.

АҚСУАТ: Газ келетін күн жақын

Аптаның сәр­сен­бісінде қала әкімі Асылбек Шәменов Ақсуат ауылының тұр­ғындарымен кездесті. Бұл ауылдық округте айшық­ты істер бар. «Ауылға газ келді» деп сүйіншілейтін күн де алыс емес. Қала басшысы ең алды­мен газ тарту бойынша жаса­лып жатқан жұмыстарды аралап көр­ді. Газ тарту жұмыстары өткен жылы бас­талған. 2023 жылға дейін аяқтап, ел иігі­лігіне беру жоспарланған. Орташа қысымды 900 шақырым газ құбыры толығымен аяқталған. Ал төменгі қысым 120 шақырымның 50 шакырымы қалып тұр. Осы кезге дейін 10 жұмысшы топ жұмыс істеген. Техника қызметкерлері мекеме есебінен келгенмен, жұмысшыларға ауыл азаматтары тартылған. 

– Қолға алған іс – үлкен жоба. Сондықтан жауап­кершілік қажет. Жоба негізінде қалып қойған үйлер болса газ тарту кезінде есепке алынсын. Ауылга келіп тұрған газдың игілігін көре алмайтындай мәселе болмасын. 5 млрдқа жуық қаржы қаралған. Бұл жұмыстың соңынан қателіктер шықпауы керек. Соны­мен қатар қазылған көшені қайта тегістеп, екі жұмыс болмайтын іс істеу қажет,  – деді қала әкімі.

Ауыл тұрғындары күннен күнге көбейіп, жаңадан қоныс аударғандар бар. Сондықтан да инфрақұрылым мәселесі назардан түспей тұр. Жаңадан көше қосыл­ғандықтан жол мен жарықтан қиындық болады. Кез­десу барысында инфрақұрылым төңірегінде сұрақтар қойылды. Манабаев көшесін асфальттау мәселесі айтылды.

– Жол салу деген керіп тартып, жасай салатын кір жая­тын жіп емес. Алдымен жоба жасаймыз. Ол эксперт­тік тексеруден өтіп зерттеледі. Құжаттары бойынша 5-6 ай уақыт кетеді. Осыны тұрғындар түсінуі керек. Кейбір тұр­ғындардың айтуынша, айтты-бітті орындалуы тиіс. Олай болмайды. Жол салу жуапкершілікті талап етеді. Біз­дің сіздермен кездесудегі мақсатымыз да – осы. Ең алды­­мен тұрғындардың мұң-мұқтажын, талап-тілегін тың­­дап, сол мақсаттағы жұмыстарды қол алу, – деді қала әкімі.

Ал округ тұрғыны Өмірсерік Әбуов мұнда учаске бастығы жиі ауыса беретінін айтып өтті. «Ауылға нақты бір адамды тағайындасын. Енді ауылмен танысып, жұмыс жасай бастағанда ауысып кетеді. Оның себебі неде?» – дейді ауыл тұрғыны.

Қала әкімі маңызды мәселелерді шешу жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Тұрғындарды қоғам­дық көліктің де мәселесі шаршатып отыр. Жарты сағаттап күтетін №12 бағыттағы көліктің уақыты рет­телгенін қалайды. Бұл мәселе бойынша қала әкімі жұмысты нақтылауды тапсырды.

– Ауылымыздың жағдайы жақсы. Халық шүкір деу қажет. Елдің күткені газ. Қала әкімі кездесуде осы жыл­дың аяғында немесе 2023 жылдың басында ауылға газ берілетінін айтты. Тұрғындар қуанып жүр. Сонымен қатар елді мекен болған соң жарық, жол секілді мәселелер болатыны анық.  Бұл проблемалар да кезең-кезеңімен орын­далады деп сенеміз, – дейді ауыл тұрғыны Сейтенбай Төребаев.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА,

Тұрар Бекмырзаев,

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ,

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: