Сенбі, 21 желтоқсан, 19:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

ГҮЛШАРА Әбдіқалықова: «сақтық шараларын қолдансақ ғана эпидемиологиялық жағдайды тұрақты ұстай аламыз»

13.04.2021

3208 0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу, сақтық шараларын күшейтуге қатысты жедел штаб отырысын өткізді. Жиында аймақ басшысы Қызылорда өңірінің сары аймаққа енуіне байланысты індетпен күресті күшейту бағытында атқарылған жұмыстарды саралады.

ГҮЛШАРА Әбдіқалықова: «сақтық шараларын қолдансақ ғана эпидемиологиялық жағдайды тұрақты ұстай аламыз»

– Қазіргі таңда аймақта күннен-күнге эпидемиологиялық жағдай күрделенуде. Тәулігіне 40-тан астам жағдай тіркеліп, жаппай қайта жұқтыру қаупі өте жоғары болып тұр. Өткен аптадан бастап облыс сары аймаққа өтті, ол өз кезегінде бізге қатаң шараларды қабылдаудың, жылдам әрекет ету қажеттілігінің белгісі. Біз кез келген жағдайға дайын болуға тиістіміз. Егер біз қатаң сақтық шараларын қолдансақ ғана эпидемиологиялық жағдайды тұрақты ұстап қалуға мүмкіндігіміз бар,-деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

ГҮЛШАРА Әбдіқалықова: «сақтық шараларын қолдансақ ғана эпидемиологиялық жағдайды тұрақты ұстай аламыз»


Отырыста облыстық бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Динара Жаңабергенова індетпен ауырған азаматтардың үлестік көрсеткіші, карантиндік шектеулерге сәйкес алгоритимдік тәртіпте бекітілген жұмыстарды тізбеледі. Сондай-ақ, шоғырландыруды болдырмас үшін қоғамдық тамақтану, көпшілік баратын нысандар, әлеуметтік қызмет ететін мекемелерде сақтық шараларын күшейту бағытында қаулыға сәйкес жұмыс атқарылатынын атап өтті.
Облыста коронавирус инфекциясын зерттеуге арналған 10 лаборатория жұмыс жасайды. Лабораторияның бір күндік қуаттылығы 3420 анализ алуға жетеді. Өткен жылдан бері қазірге дейін барлығы 279 622 анализ жасалған.
Коронавирус инфекциямен ауруға шалдыққандардың жас шамасы әр түрлі. Оның ішінде 20 жастан 69 жас аралығынды азаматтар арасында белсенділік байқалады. Сонымен қатар, балалар арасында клиникалық белгілерінсіз жағдайлар анықталуда.
Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов медициналық ұйымдардың дайындығы, өңірдегі вакцина салдыру бағытындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталды.
Облысқа келген вакциналарды сақтау мақсатында 18 тоңазытқыш және 179 термоконтейнер жұмыс жасайды. Сонымен қатар, вакцинациялауға 14 егу кабинеті және 133 мейірбике және 89 дублер жұмыс жасауда. Алдағы уақытта қосымша қала аумағынан «Теміржол» емханасы, «Сенім» клиникасы, «Интертич», «Қызылорда облыстық кеңес беру диагностикалық орталығы» және «Арай сити» сауда үйінен егу пунктері ашылмақ.

ГҮЛШАРА Әбдіқалықова: «сақтық шараларын қолдансақ ғана эпидемиологиялық жағдайды тұрақты ұстай аламыз»


Бүгінде аймаққа жеткізілген 27 200 вакцинаның барлығы медициналық мекемелерге таратылды. Екпенің I компоненті 10 678 адамға салынса, II компонентімен 3371-не екпе жасалды.
Жиында облыстық медициналық және фармацевтикалық қадағалау департаменті басшысының міндетін атқарушы Ғалима Азирова дәрі-дәрмек қорын күшейту, дәріханалардағы дәрілер бағасына мониторинг жүргізу бағытында есеп берді. Ал, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов карантиндік шектеулерді бұзу, қоғамдық орындарда шоғырландыру деректерін болдырмау бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова облыс тұрғындарын індетпен күресте сақтық шараларын сақтау, негізгі ұстанымдарды ескеру бағытында түсіндірмелік жұмыстарды қарқын алғанын тілге тиек етті.
Жиын соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова дәрі-дәрмек қорын жасақтау бағытында жұмысты үйлестіріп, дәрі қорының жеткіліктігіне қарай дәріханалардағы мониторинг жұмысын жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, алдағы Рамазан айында көпшіліктің басы қосылатын ауызашар кезінде сақтық шараларын қатаң түрде бақылауға алу қажеттігін тапсырды.
Облыс әкімі жедел штаб отырысынан кейін Тәкей Есетов атындағы №264 мектепке барып, білім ошағындағы каратиндік талаптардың орындалуын бақылады. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған 1248 орындық №264 мектеп-лицейдің құрылысы 2010 жылы аяқталып, пайдалануға берілген. 2020-2021 оқу жылында 1-11 сыныптар аралығында 3602 оқушы білім алуда. Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты 624 оқушы дәстүрлі, 2978 оқушы онлайн форматта оқып жатыр. Білім ұясында оқуға арналған 129 кабинет бар, оқушылар оқулықтармен толық қамтамасыз етілген.
Аймақ басшы оқушылар арасында карантиндік талаптардың қатаң сақталуын бақылауға алуды, балалар арасында сақтық шараларын қатаңдатуды тапсырды. Сондай-ақ, алдағы кезеңде оқу процесін онлайн бағытта үйлестіруді тапсырды. Қазірде білім ордасында 70 пайыз оқушы онлайн, 30 пайыз оқушы дәстүрлі түрде оқуға көшті.
Мұнан кейін облыс әкімі медициналық нысандарды аралап, дәрі-дәрмек қорын тексеру мақсатында бірқатар дәріханаларға арнайы барды.
Гүлшара Әбдіқалықова №6 қалалық емхана жанындағы облыстық вакцина қоймасының, коронавирусты инфекциясына қарсы екпе жасайтын кабинеттердің жұмысын тексеріп, тұрғындармен сөйлесті.

– Карантин талаптарын қатаң сақтап, тұрғындар денсаулығына аса мән беруі қажет. Себебі індет толығымен жойылған жоқ. Бүгінде бүкіл әлем вакциналау ғана бәрімізге үйреншікті өмірге карантинсіз оралуға мүмкіндік беретінін түсінді. Осыған байланысты барлық иммунопрофилактика мәселелері бойынша халықпен жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Сондай-ақ, облыс әкімі А.Тоқмағанбетов көшесінде орналасқан «№1 дәріхана», «Доктор Плюс», «Еврофарма» дәріханаларының жұмысын көрді. Аймақ басшысы дәріхана басшыларына дәрілік қорды уақытылы толықтырып тұру қажет екенін тапсырды.
Бүгінде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, дәрілік заттардың тұрақтандыру қорын қалыптастыру мақсатында жергілікті бюджеттен 488 млн.теңге қаржы бөлінді. Қазіргі кезде 17 фармацевтикалық ұйыммен оның 281,2 млн.теңгесі пайдаланып отыр. Соның бірі – Абай даңғылы бойында орналасқан «Lab Servicy company» иелігіндегі «Ансар» дәріханалық желісі. Аймақ басшысы дәріханаға барып, жұмысымен танысты. Дәрілік заттарды бақылаған облыс әкімі өңірде 14 дәріханалық желісі бар «Lab Servicy company» басшысына дәрілік заттардың қорын қалыптастыру бағытында жұмысты күшейтуді жүктеді.
Медициналық нысандарды аралағаннан кейін облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов пен облыстық бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Динара Жаңабергеноваға жедел әрекет ету алгоритміне сәйкес халықтың сақтық шараларын сақтауын, өңірде вакцина салдыру жұмыстарын күшейтуді, мобильді дәрігерлердің жұмысын жандыруды тапсырды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: