Жұма, 29 қараша, 19:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Халықпен жүздесіп, ауылдағы тірлікті көзбен көру – басты міндет

26.11.2022

596 0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «әкімдерге халықтың қалың ортасына барып, тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап отыруы тиіс» деп ерекше тапсырма берген болатын. Барлық деңгейдегі әкімдер осы бағытта тұрғындармен кездесуде.  Қала әкімі Асылбек Шәменов қалаға қарасты ауыл және округ тұрғындарымен еркін кездесу өткізді. Қала басшысы тұрғындарға кездесудің негізгі мақсатын түсіндірді.

 – Әр ауылдағы жұмысты жоспарлау үшін ең алдымен проблемаларды білу керек. Сондықтан халықпен бетпе-бет жүздесіп, ауылдағы тірлікті тұрғындардың өз аузынан естігенді жөн көрдім. Бұл – біздің қызметтік міндетіміз, – деп атап өтті қала әкімі.

Сонымен қай ауылда қандай мәселе бар? Алдағы жылы айтуға тұрарлық қандай іс жасалады? Қала әкімі қандай уәде берді? 

БЕЛКӨЛ: ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ЖОЛЫ САЛЫНАДЫ

Апта басындағы алғашқы кездесуді қала әкімі Асылбек Шәменов Белкөл кентінен бастады. Қазіргі таңда кент әлеу­меттік-эконо­микалық жағы­нан тұрақты дамып келеді. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі түзу, қоғам­дық-саяси ахуал тұрақты. Бүгінде мұнда елді мекенді бөліп тұрған теміржолдың үстінен жаяу жүргіншілер кө­пірінің құрылысы жоспарға сәйкес жүруде.

Тұрғындардың сөзіне сүйен­сек, ауыз су мен электр энер­гиясын жеткізуде айтар­лықтай мәселе жоқ. Яғни мұнда кез келген мәселе ретімен шешімін тауып келеді.

Дегенмен тұрғындар қала әкімінен жаяу жүргіншілер жо­лын салып беруді сұрады.

– Жыл сайын ауқымды тірліктер жасалуда. Дегенмен тұрғындар көбейген сайын сұраныс та артады. Мәселен, кентке балалар ойын алаңы керек. Сонымен қатар Бірқазан ауылына кіреберіс жолдың тозығы жетіп тұр. Сол жол жөнделсе деген тілегіміз бар. Теміржолдың арғы бетіне тұрғындардың қатынауы да басты мәселеміз. Сондықтан да теміржолдың арғы бетіне қоғамдық көлік қатынаса, – дейді Белкөл кентінің тұрғыны Тасболат Жидебаев.

Қала әкімі тұрғындардың өтініші кезең-кезеңімен орын­да­латынын жеткізді. Мәселен, жыл басталысымен әлеуметтік нысандарға баратын көшелердің қос қапталына 1,5 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолы салынбақ.

ТАСБӨГЕТ: ЕМХАНА ҚАЖЕТ

Қала әкімінің ха­лықпен кездесуі Тасбөгет кентінде жалғасты. Кент қаламен қатар дамып келе жатқанымен, шешімін таппаған бірқатар мәселе бар.  Атап айтсақ, емханадағы орын жетіспеушілігі.  Сондықтан тұрғындар кентке тағы бір ем­хананың қажеттілігін айтты. Себебі күннен-күнге кент аумағы кеңейіп, тұрғындар саны арты келеді.

Сондай-ақ кездесуде «Сабалақ» саяжайының тұрғындары қаңғыбас иттердің күрт көбейіп кеткенін жеткізді. Тұрғындардың сөзіне сүйен­сек, бұл мәселені талай рет қозғап, әлеуметтік желіге жаз­ғанмен әлі де шешілмей келеді. Ал күннен-күнге балаларға қауіп төніп тұр. Себебі кеш түсе қай­татын балаларды қаңғыбас иттер талап тастайды ма деп қорқады. Тұрғындар осы жайтты қалай ше­шуге болатынын, иттердің көзін жою бойынша қандай жұмыстар жүргізілетінін сұрады.

Шаһар басшысы аталған жағдай­ға байланысты тиісті орындарға ұсыныс бергендігін жеткізіп, «жедел жұмыстар жасалады» деді. Атап айтсақ, қала әкімдігімен об­лыс­тық ветеринариялық басқарма бірлесе кешенді жоба әзірлеуде. Алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылады.

Өз сауалдарына жауап алған тасбөгеттіктер қала әкіміне  риза­шылығын білдірді.

ҚЫЗЫЛЖАРМА: КӨП ТІЛЕГІ – МЕКТЕП

Қызылжарма ауылдық округінің тұрғындары да мәселелерін айту үшін қала әкімінің кезекті кездесуін асыға күтті. Бүгінгі жиынға келген халықтың қарасы көп. Олар ауылда­ғы әр бастамаға қуанып, алдағы уақытта қандай жоба жүзеге асатынын естуге асығады.

Соңғы бес жылда Қызылжарма ­аумағы бірнеше есеге ұлғайып, тұрғындар саны 15 мыңға жеткен. Халық санының артуына байланысты ауылда электр сымдарын жаңарту, жол салу мәселелері туындайды. Де­генмен бұл мәселелер уақытылы іске асуда.

– Ауылда игі істер жасалып, жақсы бастамалар қол алынған. Күн­нен-күнге елді мекен көркейіп келеді. Ауыл аймағы кеңейіп, жаңадан қо­ныс­танғандар баршылық. Осыған орай, мұндағы бір мектеп өрендерге тарлық етіп отыр. Сондықтан мек­теп құрылысы кешеуілдетпей бастал­са, – деді ауыл тұрғыны Мұрат Жайсаңбаев. 

Бұл орайда қала әкімі Асылбек Шәменов жағымды жаңалық айтты. Мәселен, Қызыл­жармадан арнайы орын белгіленіп, келер жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында игілікті іс бастау алады. Яғни 900 орындық білім ұясының құрылысы жүргізіледі. Тағы бір ауқымды жоба – ауылдағы 35 көше жөнделетін болады. Оған бюджеттен 1 млрд 600 млн теңге бөлініп отыр.

Сонымен қатар келер жылдың жаз айында ауыл орталығынан заманауи үлгідегі жаңа спорт кешені пайдалануға беріледі. Осылайша елді мекен жаңаша кейіпке енеді. Жағымды жаңалықтарымен бө­ліс­кен қала әкіміне тұрғындар ал­ғыстарын жеткізіп, ақсақалдар батасын берді.

Бүгінгі кездесуден көңілге түйгеніміз, қызылжармалықтардың жағдайы жақсы, халқының тұрмысы да көңіл көншітерлік. Дегенмен әлеуметтің әлеуетін көтеріп, жұмыс­сыздықпен күресу алдағы уақытта  еншісінде.

ҚОСШЫҢЫРАУ: ГАЗ КЕЛЕТІН КҮН ЖАҚЫН

Қала әкімі Асылбек Шәменовтың халықпен кездесуі Қосшыңырау, округінде жалғасты.

Ауылда биыл ауқымды жұмыстар жүзеге асқан. Қазір ауыл мен қаланың айырмасы жоқтай. Себебі өркениетке ауыл тұрғындары да қол жеткізді. Су, жарық үздіксіз беріледі. Әлеуметтік меке­мелер заман талабына сай жаб­дықталып жатыр. Қазір ауылда қоғамдық көлік мәселесі толығымен шешілген. Жыл сайын шағын кәсіпкерлікті дамыту ба­ғытында мемлекет тарапынан жа­салған қолдаудың нәтижесінде бұл салада да айтарлықтай оң өзгерістер қалыптасуда. Ауыл экономикасы дамуының басым бағыттары – шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге өз деңгейінде мән бері­ліп келеді. Халық саны артқан сайын әлеуметтік мәселелердің қор­далана түсетіні сөзсіз. Сондықтан кездесуде тұрғындар ішкі көшелерді асфальттау, жайылымдық жер, электр бағаналарын жаңарту сияқты өзекті мәселелерді айтты.

Айта кету керек, келер жылы Қосшыңырау ауылын газдандыру жобасы бастау алады. Оған рес­публикалық бюджеттен қаржы бө­лініп, қазір конкурстық жұ­мыстар­дың құжаттары әзір­ленуде.

– Ауылымыздың жағдайы жақсы. Елдің күткені – газ. Қала әкімі кездесуде келер жылы жобасы жасалатынан айтты. Тұрғындар бұл жаңалықты естіп қуанды. Сонымен қатар елді мекен болған соң жарық, жол секілді мәселелер болатыны анық. Бұл проблемалар да кезең-кезеңімен орын­далады деп сенеміз, – дейді ауыл тұрғыны Пазыл Боданов. 

ҚАРАУЫЛТӨБЕ: ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛАДЫ

Қала әкімі Асылбек Шәменовтің кезекті кездесуі Қарауылтөбе ауыл­дық округінде өтті. Мұнда биыл ауқымды жұмыстар жүргізілген. Қа­ла­мен іргелес жатқан ауылда жұ­мыссыздық мәселесі шешімін тауып келеді. Ауылдың қараңғы көшелеріне жарық орнатылған. Соны­мен қатар елді мекенде мәдениет, білім салалары бойынша да өрлеу байқалады. Кез­десуде  қала әкімі Асылбек Шәменов ауыл тұр­ғындарының ұсыныс-пікір­лерін тыңдады.

Олар электр бағаналарын жаңар­туға мән берілсе деген өтініштерін жеткізді. 

Қарауылтөбе ауылдық округін­де құрылысы басталған ауылдық клуб үйі келер жылдың басында пайдалануға беріледі. Сонымен қа­тар елді мекеннің тұрғындары жаңадан қоныстанған аумақтарына электр желілері жаңартылады.

– Айтылған мәселелердің бар­лығы орынды. Қазіргі таңда халықты жұмыспен қамтамасыз ету – басты міндет. Президент осы бағытта нақты тапсырмалар жүктеп отыр. Халық еңбек етуді үйрену қажет. Әкімнің міндеті – халықпен кездесу, мұңын тыңдау. Өзінің құзыреті аясында сол мәселелерді шешу үшін шаралар қабылдау. Сондықтан сіздер айтқан ауылдағы шешімін таппай тұрған мәселелер бойынша жұмыстарды қолға аламыз, – деді қала әкімі.

АҚЖАРМА: ТҰРҒЫНДАР ӘКІМДІ ҚИМАЙДЫ

Ақжарма ауылдық округіндегі шаһар басшысының тұрғындармен кездесуі ерекше өтті. Қала әкімі Асылбек Шәменов ауыл әкімі қызметін атқарған Әлиев Жұмабекті салтанатты түрде құрметті демалысқа шығарып салды.

Шаһар басшысы Жұмабек Төлеш­ұлының азаматтық болмысы мен іскерлік қабілетіне ерекше тоқталды. 

– Сіздің Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі, Сыр өңірінің өсіп-өр­кендеуі жолында еткен еңбек, төккен тер, қажыр-қайратыңыз үшін шексіз ризашылығымды білдіремін, – деді қала әкімі.

Ауыл әкіміне қазақы дәстүрмен шапан жауып, ең жоғарғы марапат «Құрмет» грамотасын тапсырды.

Жұмабек Төлешұлы еңбек жолын 1975 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданындағы «Қазақстан» кеңшарында жұмысшы болып бас­таған. Қызметтің түрлі сатысынан сүрінбей өткен кәсіби маман, іскер ұйымдастырушы, білікті басшы. Жауап­ты салада тер төккен Жұмабек Төлеш­ұлы 30 мыңнан аса тұрғыны бар Тасбөгет кентін басқарғанда ұт­қыр ұйымдастырушылығымен да­ра­ланып, 2013-2017 жылдар аралы­ғында көптеген ілкімді істерді атқарған.

2017 жылдан бүгінге дейін Ақ­жарма ауылдық округінің әкімі болған Жұмабек Төлешұлы Ақжар­ма­лықтар үшін ұзақ жылдан бері түйіні шешілмей келген ауыз су, жарықтандыру, жол жөндеу секілді мәселелердің шешімін тауып, ел құрметіне бөленді.

Сондай-ақ ол әкім болған тұста ауыл төрінен типтік жобадағы жаңа мәдениет үйі бой көтерді. Ақжармалықтар әкімді қи­мастықпен шығарып салды.

Жұмабек Төлешұлы зейнетке шық­са да, Сыр елінің қоғамдық-саяси өмі­рінен тысқары қалмасы анық. Өйт­кені халық қадірлеген мұн­дай аза­маттың кейінгі толқынға берері мол.

P.S. «Әкім болу, халқына жақын болу» деген ғой. Елдің қамын ойлаған азамат халықпен етене жұмыс істері анық. Бүгінгі кездесулер соның айғағы. Президент тапсырма берді, әкімдер халық арасында жүр. Ал тұрғындарға берілген уәденің орындалуы алдағы уақыт еншісінде.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: