Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында Достық үйінде облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен интеллектуалдық сайыс өтті.
Ұлттық құндылық пен дәстүрдің маңыздылығын меңгерте отырып, жастарды рухани құндылықты қадырлеуге арналған сайысқа қаладағы мектеп оқушылары қатысты.
Интеллектуалдық сайыстың алғы сөзін «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бауыржан Мастеков алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайысты Достық үйіндегі тілдерді оқыту кабинетінің жетекшісі Гүлзира Сәрсембек жүргізді. Қаладағы 8 мектептен келген оқушылар «Болашақ», «Шабыт», «Бірлік», «Көркем», «9 мектеп», «171 mektep», «172 mektep», «173 school» топтары болып бөлініп, сайысқа белсене қатысты.
Оқушылар карантин режимін сақтай отырып, үш бағыт бойынша өз білімдерін сынап көрді. Kahoot.it – цифрлық smart сервисі арқылы қосылып, бірінші қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы білімдерін көрсетіп, кеңейтті. Екінші мақал-мәтелді жалғастырып, оны үш тілде аударды. Ал үшінші Наурыз мерекесі жайлы логикалық сұрақтарға жауап берді. Әр бағытта оқушылардың шапшаңдығы мен білімі көрінді.
Сайыс нәтижесінде бірінші орынды №7 мектеп-лицейінің оқушылары, екінші орынды №112 Н.Ахмадееваның атындағы орта мектептің оқушылары, үшінші орынды №173 Ә.Молдағұлова атындағы орта мектептің оқушылары жеңіп алды.
Барлық қатысушыларға «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бауыржан Мастековтің атынан алғыс хаттар берілсе, жеңімпаздарға диплом және сыйлықтар табысталды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!