Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 19:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Көктем – көріктенетін кез

10.02.2022

608 0

Жердің бетін үш ай бойы мұз құрсауда ұстаған қыс мезгілі аяқталып, тіршілікке қайта жан бітті. Енді жыл сайынғы дәстүрмен көктемнің алғашқы айы көшет егумен басталары сөзсіз. Табиғат-ана оянған мезгілде айналаны тазалау, ағаштарды бұтап, түбін әктеу және жас шыбықтар отырғызу біздің шаһарда үрдіске айналғанына көп болды. Биыл да жақсы дәстүр одан әрі жалғасып, көктемнің лебі сезілері анық. Осы орайда біз арнайы маманнан көктемде көшеттің отырғызылғанынан бастап, оның әрі қарай дамуы, күтімі, қалай және қайда сақталатынын сұрадық. Сондай-ақ талды қалай отырғызу керектігін, нені елеп ескеруді және Сыр жеріне ыңғайлы көшетті қалай таңдау қажет екенін білдік.

Көшет отырғызатын жерді дұрыс таңдау маңызды

«Көктемде отырғызылған көшеттер көп күтімді қажет етеді». «Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі  мемлекеттік мекемесі» КММ Орманды молықтыру, орманды өсіру және орманды пайдалану жөніндегі инженері Мейрамбек Жұмағұлов осылай дейді. Оның айтуынша, көктемде топырақтың температурасы жоғары болса, ағаш көшеттерін отырғызуға болады. Оның ішінде жеміс ағаштарын отырғызу үшін ең ыңғайлы мезгіл. Егер жерсіндіре алсаңыз. Ескерте кететін бір жайт, жеміс көшеті егілетін жерде бұрын-соңды жеміс ағаштары егілмеген болуы керек. Ал олар өзіңіз күткендей жеміс беруі үшін жердің құнарлығын ескеріп, алдын ала дайындалған жерге отырғызу керек.

– Көктемде алдын ала дайындалмаған жерге қанша көшет отырғызсаң да ол бәрібір жерсінбейді, жеміс ағашын ексең, жеміс бермейді. Сол үшін көктемде көшет отырғызатын жерді күзде әртүрлі тыңайтқыштарды пайдаланып, бір рет аударып қойған жөн. Ең дұрысы, көң немесе күзде ағаштан түскен сары жапырақтар. Оларды өртегеннен гөрі көктемде көшет еккіңіз келген орынға шұңқыр қазып, сонда көміп тастау қажет. Өйткені шіріген жапырақтың тыңайтқыш белсенділігі малдың тезегіне пара-пар, – дейді Мейрамбек Жұмағұлов.

Иә, маманның айтуынша, ағаштың күтімі жақсы болу қажет. Ағашты отырғыздым екен деп, одан кейін қарамасаңыз, еңбегіңіз еш болғаны. Өзінің бойындағы сөлімен көгергенмен, алайда уақытылы суы құйылып, әктеліп тұрмаса, ертелі-кеш қурап қалуы не ауру жұқтыруы мүмкін.

Қордағы көшет

 Маманның сөзінше, мекеме қорында 91 мың көшет бар.  Бұл тұқымбақта өсіп тұрғаны. Түсінікті болу үшін айта кетейік, біздің өңірде тұқымбақтың екі түрі бар. Бірі – мектеп бөлімі. Қаламшадан отырғызылатын терек, сыр талы осы бөлімге кіреді. Екіншісі –  сеппе бөлімі. Ол тұқымнан өнеді. Одан қара ағаш, катальпа, айлант ағаштары егіледі.

Бұдан бөлек, қосымша 51800 сексеуілдің көшеті бар. Біздің орманымыздың 80 процентін сексеуіл құрайды. Маман сексеуіл тұқымын терудің үш фазасы барын айтты. Біріншісі, сексеуілдің гүлдеуі. Ол мамыр айында гүлдейді. Одан соң қыркүйекте түйнектейді. Қарашаның басында  піседі. Сол кезде тұқымы теріледі. Бұл тек сексеуілге қатысты. Қалған ағаштарды  талдың басынан кесіп ала береді. Қазір Қазалыда селекциялық орталық бар. Тұқым бойынша сертификат сол жақтан алынады. Яғни әр тұқымның түрі бойынша, өзінің нормативімен тұқым жиналады. Сосын оны зертханаға салып, өнімділігін тексереді. Тексерістен өткен тұқым 1, 2, 3 класс болып бөлінеді. Тұқымбаққа 1 класстан, өнімділігі жақсысы егіледі. Ал орман қоры жеріне 2-3 класстар бола береді екен.

Көшеттер «ұйықтап жатыр»

«Көшеттер қалай ұйықтайды?» дейтін шығарсыз. Иә, олар қазір шынында ұйықтап жатыр. Себебі арнайы мұзханаға салынған. Оның жайын маман өзі айтып берді.

«Әуелі дариядан көлікпен мұзханаға мол қылып мұз жинаймыз да оның үстіне сабан саламыз. Осыдан кейін барып күзде бір жылдық өскінді кесіп-кесіп баулап, мұздың үстіне шетінен жинай береміз. Біздің өңірде негізгі дақыл күріш қой. Ал күрішке су мамыр-маусым айларына жақын келеді. Әлгі жинаған шыбықтар мұзханада соған дейін оянбай ұйықтап жатады. Мұзхана бізге осы үшін керек. Өйткені онда жас тал сөлімен тұрады. Жапырақтамайды. Бұл уақытта жер бетіндегі қалған ағаштар гүлдеп, көгеріп кетеді» дейді ол. Мамандар шыбықтарды жер қарықтап болған кезде, суды жіберіп, жерді ылғалдап алған соң егетінін айтты. Әуелі шыбықтарды екі басынан кесіп тастайды. Өйткені бас-аяғы біршама қурап қалады екен. Қалғанын бір қарыстан шауып қаламша қылады да, суғарылған жерлерге қадайды. Сол қаламшадан көшеттер өсіп шығады. Ұйқыдан оянбай тұрған кезде қадаған қаламшалар, жылы су мен күннен нәр алып, тез тамырлап өніп кетеді. Мысалы ағашты осындай кезде қазып қойып, алушылар болмай жатса, мұзханаға салып тастап, сұраныс болған кезде әлі оянбаған қаламшаны тапсырыс берушіге шығарып береді.

Көшетті қалай отырғызамыз?

Мұзханадан енді шыққан көшетті отырғызу үшін шұңқырды дұрыстап қазу керек. Шұңқырды кем дегенде бір ай бұрын дайындаған жөн. Себебі қазылған топырақ күннің жылуын бойына сіңіріп, қажетті элементтерді алып үлгереді. Қазылатын шұңқыр неғұрлым терең болса, соғұрлым жақсырақ. Әр шұңқырдың тереңдігі мен ені бір метрге жуық болғаны жөн. Отырғызу үшін де биіктігі бір метрден асатын жас өскінді таңдаған дұрыс. Сонымен қатар егілетін ағаш көшеті ұзын болса, оның артық бұтақтарын қысқартып, қырқып тастау қажет. Бұл ағаштың жақсы дамуына айтарлықтай әсер етеді.

– Жалпы тал егетін кезде халық көп нәрсеге мән бермейді.  Менің орман шаруашылығында бірталай жыл басшы болған Исмайл Мұхидин деген ұстазым бар. Сол кісі «Бір тәрелкеге тамақ салып, оны 10 адам жеген жақсы ма әлде бірнеше ғана адам жеген жақсы ма? Әрине, тойып жеу үшін бірнеше адам жегені ыңғайлы. Талдың да әр бұтағы жеке бір адам сияқты. Тал жерге көміп, су құйып, әрі қарай алып кетем дегенше ауырады. Сосын әр бұтаққа толыққанды күш беруге энергиясы жетпейді. Сол үшін артық бұтақтарды кесіп, бірнеше бұтақ қалдыру керек. Бойы тым биік болса, оны да қысқарту қажет» дейтін. Осы сөзі есте қалды. Кейін тәжірибемізден байқағаным, шынында өз күшімен алып кетем дегенше көшетке біраз күтім керек екен, – дейді Мейрамбек Жәметұлы.

Суару

Көшетті суару – істің маңыздысы. Бұған айтарлықтай күтім қажет. Бұл жайлы жыл бойы тұқымбақтың басында жүретін Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі  мемлекеттік мекемесі» КММ орман шебері Қайрат Рүстембеков баяндап берді.

Оның айтуынша, көшетті отырғызғаннан кейінгі бірінші жылы тек органикалық тыңайтқыштарды ғана пайдаланған дұрыс, минералдарды келер жылдары ақырындап қоса беруге болады. Қайрат Рүстембеков көшеттерді еккен кездегі ара қашықтықтың міндетті түрде сақталуын қадағалау керек екенін әрі суғаруда су жиналатын шағын бөгет жасау керектігін айтты. Сондай-ақ зиянкестерден қорғау үшін ағаштың діңін әбден әктеген дұрыс.

– Бірі білсе, бірі білмейді. Көшетті отырғызған соң оны суару маңызды рөл атқарады. Күнделікті өзімнің жұмысымнан айтып берейін. Мәселен, біз көктемде қаламшаны егіп, суарып, баптаймыз. Жақсы күтіліп, суарылған қаламшадан көшет болады. Сосын соны өткіземіз. Ақпан айында шыбықтарды мұзханаға саламыз да көктемде қаламша қылып кесіп, қайтадан жерге орнықтырамыз. Шыққан кезде отағын отаймыз. Осылай жыл сайын баптап отырамыз. Халық та осы әдісті қолдана отырып, дұрыс күтім жасаса, талдары жақсы өседі, – дейді Қайрат Рүстембеков.

Осы тұста орман шебері биыл 2 гектар жерді тазалап, жерін жыртып,  суарып, жаңадан 60 мың дана көшет егетіндерін жеткізді. Оның 20 мыңы – сыр талы болса, 20 мыңы – терек. Бұлар қаламшадан шығады. Қалған 20 мыңын тұқымнан егеді. Ол сеппе түріне жатады. Оның ішінде үйеңкі, қара ағаш т.б. ағаштың түрлері бар екен.

– Биыл мұзханаға көлікпен 12 рейс мұз тасыдық. Осы кезде мұнда 50-60 мыңдай қаламша көшеті дайын тұр. Осыны жаңадан ашқан 2 гектар жерімізге көктемде су келгенде егеміз. Тұқымнан өсетін талдар мекемеде сақталады. Өйткені олар себу арқылы шығады. Мұзханада сақтауды қажет етпейді, – дейді маман.

Сыр бойына қандай ағаш еккен дұрыс?

Сыр жеріне қандай ағаш еккен жөн деген сауалымызға білікті инженер былай жауап берді:

– Біздің жерге негізінен қара тал төзімді. Қазір катальпа деген ағаш шықты. Қазақша «Сән тал» дейді. Жапырақтары үлкен, иіліп өсетін, біздің жерге ығайлы, суға төзімді бұл ағаштың түрін қазір көбейтіп жатырмыз. Биыл тұқымын теріп қойдық, көктемнің ортасына қарай егуді жоспарлап отырмыз. Бұлардың егілу жағы да сан түрлі. Көшетті отырғызғанда оның тамыры еркін жату керек. Мәселен, терек пен сыр талына терең көмілгеннің еш зияны жоқ. Өйткені олар қаламшамен де шыға береді. Біздің жағдайда құмды жерлерге жиде мен сексеуіл жақсы шығады. Біздің климат бұларға еш қиындық тудырмайды, – деді ол.

Маман Сыр өңірінде көшетті отырғызбас бұрын жердің құнарлы не құнарлы емесін анықтап барып еккен дұрыс дейді. Егер жер сортаң, кебір болса, ол жерді біраз уақыт қопсытып, тыңайтқыштармен баптау керек. Суару да өте маңызды рөл ойнайды екен.

– Көктем шыға салысымен, базар маңы бау-бақша дақылдары мен талдардың, иісі мұрын жаратын әдемі гүлдердің көшеттеріне толып кетеді. Алайда байқап қарасаңыздар, оны сататын сатушылардың барлығы бау-бақшаның қыр-сырын білмейді. Ең арғысы көшеттер мен дәннің орнын, атын алмастырып алып жатады. Қара тал бер десең, терек беріп тұрады. Өйткені олардың басым бөлігі алыпсатарлықпен айналысады. Сыр өңіріне қолыңызға ілінген көшетті ала салуға болмайды. Біздің аймаққа ненің өсетінін әуелі біліп, сараптап барып алу керек. Жан-жақтан сұрастыру керек. Бізде жердің ахуалынан бөлек, экологиялық жағдай да бар. Талдардың өспей қалуы, өскеннің өзінде ауру болуы, шіруі бәрі дұрыс таңдау жасамағаннан болады,  – дейді М.Жәметұлы. Осылай деген маман халыққа көшет таңдауда ескеру керек тағы бірнеше жағдайға тоқталды.

Мәселен, көшеттің тамыры ақ түс болуы керек, қоңыр түстілеу болса, демек оның үсіп кеткені немесе кеуіп қалғанының белгісі. Сондай-ақ көшет тамырының сабақтары барынша көп болғаны дұрыс. Көшет таңдағанда бір немесе екі жылдық көшетті таңдаған жақсы, өйткені олардың әрі қарай өсіп, өркендеп кету деңгейі біршама жоғары. Көшеттің жапырақтары да өзінің табиғи түсіне сай болуы керек.

Көшет бағасы қанша?

Сыр өңірінде сатылатын ағаш көшеттерінің түрі саусақпен санарлық. Оның ішінде қара тал, терек, Сыр талы тағы басқалары бар. Мұндағы көшеттердің орташа бағасы – 200 теңге.  Сыр талы – 120 теңге, Терек – 300 теңге. Осылай кете береді.

Мейрамбек Жұмағұловтың айтуынша, биылдан бастап шөлге төзімді қара ағаштың құны өсуі мүмкін. Өйткені бүгінде Түркістан облысынан қара ағашқа сұраныс артқан. Маман бұрын-соңды оны мол қылып өсірмегенін, биылдан бастап жолға қойғандарын айтты.

– Биыл Түркістан облысынан қара ағашқа үлкен көлемде тапсырыс түсті. Бұған дейін көшеттерді қаладағы бюджеттік мекемелерге көптеп таратып келсек, ендігі өнімнің басым бөлігі сонда жіберілмек. Жалпы бұдан бөлек, осы жылы 1 гектар жерге қаламша егуді жоспарлап отырмыз. Есебіміз бойынша, мұндай аумаққа шамамен 40 мың қаламша егіледі. Оның 20 мыңы – Сыр талы, қалған 20 мыңы теректің бірнеше түрінен болмақ. Қазір терек түгелдей мұзханаға салынды. Осы кезде Сыр талын дайындаудамыз. Көріп тұрғаныңыздай, тұқымбақтың басында Сыр талы көп. Осы жерден кесіп, ертеңнен бастап 20 мың қаламшаға жететіндей қылып, мұзханаға салынады, – деді маман.

Осы тұста айта кетейік, былтыр сала мамандары халыққа Батырхан Шөкенов атындағы саябақта тегін көшет таратқан. Сол уақытта 7 аудандық орман мекемелерінен бірталай көшет келген. Қаладағы тұқымбақтың өзінен бірінші аптада 2 мың, кейінгілерінде 500-1000 көшеттен таратылған. Ешқандай құнсыз, тегін көшет тарату биыл да жалғасуы мүмкін. Қоршаған орта мен табиғаттың жақсаруына үлес қосушылар мұндай дәстүрден реті келсе, аянып қалмайтынын айтады. Бірақ іштерінде бір қынжылыс бар.

– Біз табиғатты қорғаумен қатар, оның адамдар арасында насихатталғанын қалаймыз. Әрбір қызылордалық тұрғын көшет отырғызып, қоршаған ортаны ластанудан сақтаса дейміз. Біз оларға көмек ретінде көшет беруге қуана-қуана келісеміз. Алайда біздің ішімізде де мәселе жоқ емес. Былтыр осында қалалық мәслихаттың депутаттары келді. Біраз мәселе көтердік. Қазір біз үшін ең қиынға соғып тұрғаны – көшет қазатын агрегаттың жоқтығы. Қазір қолмен қазамыз. Қолмен қазып жатқанымызды сол уақытта депутаттар да көрді. Шешіп береміз деп уәдені үйіп-төкті. Бірақ «баяғы жартас, сол жартас» сол айтылған жерінде мәселеміз қалып кетті. Өзіміз бюджеттен қарастыру жөнінде өтініш бергенбіз. Бірақ қабылданбады. Осы мәселені газеттеріңізде ашық жеткізсеңіздер екен, – деп түйіндеді маман сөзін.

Сөз соңы. Ыңғайын тауып, бабын келтіріп, көшетті жөндеп қарасаң, табиғат одан әрі әсемдене түседі. Тал ексеңіз, қоршаған ортаға үлкен үлес қосасыз, ал жеміс ағашын ексеңіз, қаншама жыл жемісін жейсіз. Бұл үшін біздің маманнан алған әдістер мен ережелерді ескеріп отырсаңыз жеткілікті.

Біз «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген өсиетті тыңдап өскен халықпыз. Осындайда табиғат-ананың одан әрі жандануына үлес қосып, қысы-жазы маңдайының тері сорғалаған еңбекқор шаруалардың көкейінде жүрген өзекті мәселесі шешілсе екен дейсің.

Динар Рахман

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: