Сенбі, 21 желтоқсан, 21:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Көне көше келбеті

06.10.2020

826 0

Сыр топырағы тарихтың алтын көмбесіне бай мекен екені мәлім. Бұл жер Орта Азия халықтарының өмір салты мен болмысына әсер еткен маңызды шешім қабылданып, түркі әлемінің жауһар мұрасы әлемге тараған құтты қонысқа айналды. Аймақтың бас шаһары – Қызылорда қаласы екі ғасырдан аса зиялы қауым өкілдері мекендеген шаңырақ саналып, өткен мен бүгіннің жалғаушы алтын дәнекері болды. Хандықтардың өзара қырғыны мен дәуірлердің әлпеті қала тарихында айшықты орын алды. Ал сол тарихи жолды сақтауда көшелердің алар орны ерек. Олар кешегінің қолтаңбасын жаңа заманға аманаттаған жоқшы, кезең өзгерісін өткерген жәдігер іспетті құнды нысан саналады. Шаһардағы сондай тарихи жолдың бірі – Шымбай көшесі.

Көшелер – өркениеттің ғана емес, адам тағдырының да куәгері. Қаншама тарихты ішіне бүккен жолдар уақыт көшінен бүгінге жетіп, айтылмас сырды нұсқағандай әсер қалдырады. Қызылорда қаласындағы Шымбай көшесі де өзіндік уақыт бедерімен есте қалған. Шаһар іргесі қаланған кезеңде алғашқы күре жолдың бірі осы бағытта болып, көше келбеті бедерлене түскені мәлім. Теміржол құрылысы мен өндірістің кең өріс алуы қала ауқымын ұлғайтып, бірізді жүйені талап етті. Осы сәтте қаланың қалыптасуына шешуші қадам жасалған. Ол маңызды нысандарды көше бойына салу, тұрғын үйлер реттілігін сақтау еді.  Осылайша патша кезеңінің куәсі болған Шымбай көшесі алғашқы күре жолдың біріне айналды.

Естеліктерге сүйенсек, көне көшенің маңызы қай дәуірде болмасын ерекше. Мәселен, ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қаладағы сауда орындары осы жолдың бойынан табылса, алғашқы көше құрылысы да осы жолдың үлесінде болған. Шымбай көшесінің атауы мен маңызы туралы­ жергілікті ғалым Асқарбек Еңсепов былайша ой тарқатады:

– Шымбай көшесінің тарихы тереңде жатыр. Қазіргі Өзбекстан Республикасына қарасты Қарақалпақ автономиясында Шымбай деген қала бар. Ежелгі уақытта Қызылорда қаласындағы бұл аймақ Шымбайдан Орынборға қатынайтын керуен жолының бойында орналасқан болатын. Сол себепті бұл көше Шымбай аталады. Қазіргі уақытта шаһардың ұлғайып, жаңа ғимараттардың бой көтергенін көріп қуанамыз. Ал, осыдан 50 жыл бұрын қаланың шет аймағы «Ақмешіт» мөлтек ауданы­ төңірегінен аяқталатын. Бұл көшеде балық зауыты, жиһаз фабрикасы, құс фабрикасы, №2 мектеп секілді іргелі нысандар бой көтерген еді. Тәуелсіздік алған тұста аталған мекеменің көбісі істен шықты, бұзылды, – деді.  

Шынымен «Шымбайдың» қазіргі кейпі мүлде бөлек. Тұрғындарға қажетті инфрақұрылым толық қамтамасыз етілген. Жалпы ұзындығы 1,28 шақырымды құрайтын көше тақтайдай тегіс. Асфальт төселіп, жарықтандыру жұмыстары да жүргізілген. Соңғы күрделі жөндеу жұмысы 2016 жылы жүргізілгенімен, жол сапасы әлі сыр бермепті. Тұрғындар көшенің тазалығына да көңіл толатынын жеткізуде. Қаламен бірге көркейген көше келбеті көз сүйсіндіреді.

– Әкем Қызылорданың өркендеп-өскенін айтып үнемі мақтаныш қылып отырушы еді. Алғаш Қызылордаға қоныстанған сәтте қала көлемі мен маңызды нысандар осы көше бойында орналасқанын айтып, өзін орталық тұрғыны санағанын еске алатын. Шағын ғана шаһар уақыт өте түрленді. Қоныстанушы саны артып, жаңа көшелер мен тұрғын үйлер саны артты. Мен осы көше бойында ержеттім, балалық шағым өтті. Әрбір қалтарысы ерекше ыстық сезіледі, – дейді көше тұрғыны Қалақбай ақсақал.

Ең ескі көшенің бірі «Шымбай» – шаһар мақтанышы. Ғасырдан аса тарихы бар көшеде алдыңғы буын өткеннен сыр шертіп, қаланың даму қадамын еске алса, жас жеткіншектер ескі көшенің әлі талай жаңа кезеңге жол бастарына сеніммен сенімді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: